Түркістанда ислам институты ашылады

28
фото ТО ӘБҚ

Түркістанда Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ислам институты ашылады. Айтулы орында еліміздегі мешіт имамдары білімін жетілдіретін болады. Бұл туралы Қазақстанның Бас мүфтиі мен облыс әкімінің кездесуі барысында айтылды.

Түркістанда имамдардың білімін жетілдіретін ислам институты ашылады. Діни орын құрылыс жұмыстары жүріп жатқан «Қылует» рухани-мәдени орталығында салынып жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының кездесуі барысында айтылды.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти: «Түркістан – киелі жер, рухани орталық. Түркістанға жылына кемінде 3-4 рет келмесек, сағынып қалатынымыз бар. Осында қолға алынған бастамалар Қазақ еліне тарайды. Жаңа жылды қасиетті Түркістандағы игі істермен бастап отырғанымызға қуаныштымыз. Бүгін шаһарда жаңа мешіт бой көтерді. Сонымен бірге облыста салынып жатқан медресенің іргетасын қалау рәсіміне және бір медресенің ашылуына қатысып қайттық. Қазіргі таңда демеушілер есебінен «Қылует» рухани орталығы салынуда. Оған тікелей қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін Сізге, барша демеуші азаматтарға Муфтияттың және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін. Осы институт имамдарымыздың білімін жетілдіретін орталыққа айналады деп сенеміз»

Сонымен қатар, “Қылуетте” Көрме орталығы мен 500 адамға арналған құлшылық орны да қарастырылған. Рухани орталықта Қожа Ахмет Ясауи еңбектері мен ғибратты хикметтеріне ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, имамдардың білімі жетілдірілмек.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Түркістан рухани астана болғандықтан біздің шаһарға көбірек көңіл бөліп отырсыздар. Шаһарда Ислам институтын ашу туралы бастамаға қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Имамдар жастармен, халықпен тығыз жұмыс істеп, рухани, діни тәлім береді. Сондықтан олардың білімін жетілдіру – уақыт талабы. Түркістанда мықты теологтар мен профессорлардан дәріс алу арқылы имамдарымыздың білімі жетіле түсіп, елге сапалы қызмет етеді деп сенемін. Жастар тәрбиесі, руханият саласындағы игі бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу бағытында халықаралық деңгейде конференция өткізуді де қарастырайық. Қазақтың руханиятын, Түркістанның тарихын дәріптеуде бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз керек»

Айта кетейік, кездесу барысында Бас мүфти мен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев «Қылует» рухани орталығындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Қасиетті орын биыл ашылады деп жоспарланып отыр.