Оралмандардың азаматтық алу мәселесі жеңілдеді. Бұрын Қазақ елінің азаматы болғысы келген кез келген оралманнан бұрынғы тұрған елінің азаматтығынан шыққаны туралы құжат талап етілетін. Көші-қон заңдылығына енген өзгерістерге байланысты енді бұл талап алынып тасталды.
Яғни, қазіргі таңда жеңілдетілген түрдегі азаматтықты алу үшін бұрынғыдай алты ай сабылмайсыз. Республиканың азаматы болу үшін 3 ай да жетіп жатыр. Сондай-ақ, квота мәселесінде де жаңалықтар бар.
Көші-қон заңына енген жаңа өзгерістер оралмандардың азаматтықты тезірек алуына септігін тигізеді. Және заңбұзушылықты болдырмауға бағытталған. Олай дейтініміз, енді өзге елдің азаматтығындағы оралмандар квота ала алмайды. Қаржылай көмек тек Қазақстан азаматтығын алып, жеке куәлік тапсырылған соң ғана беріледі.
Балтабек АБЫЛАЕВ, ОҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы: «Азамат оралман мәртебесін Қазақстанға келгеннен кейін барып ҚР азаматтығын қабылдап қоятын болса, онда оралман мәртебесі алынады. Немесе, оралман мәртебесін алғаннан кейін 1 жыл шамасында ҚР азаматтығын қабылдау туралы өтініш білдірмеген жағдайда ол уақытта да оралман мәртебесін тоқтату алынады».
Дегенмен, 2012 жылға квота беру уақытша тоқтатылып тұр дейді көші-қон баскармасының мамандары. Мұны олар үкіметтің қарауындағы іс деп түсіндіреді. Әкімшілік кодекс бойынша, шетелден келген азаматтар мен оларды заңсыз жұмысқа тарту мәселесі де бақылауда. Енді шетел азаматы тіркеусіз жүре алмайды. Олай болмаған жағдайда жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады.
Балтабек АБЫЛАЕВ, ОҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы: «377-бап дейді. Бұл жерде тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұратындар үшін немесе өзінің үйіне тіркеуге қояды, бірақ тіркеуге қойған азаматтар сол үйде тұрмайды. Ол үй егесіне байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылу қарастырылып отыр».
Оңтайлы тұстың тағы бірі — азаматтық алу ісі енді жергілікті басқарманың да құзырына берілді. Бұрын оны тек ІІМ-гі шешетін. Жыл басынан бері бізде 6526 оралман тіркеуге алынған. Осы күнге дейін соның 3 мыңнан астамы азаматтық алыпты. Ал Тәуелсіздік алған жылдардан бері Оңтүстікке келген қандастардың саны 190 мыңға жуық адамды құрайды. Бұл — 54611 отбасы деген сөз.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=FYi-uk_85l0[/youtube]