Бәрі де зейнетақы, жәрдемақы жайында…

Ең төменгі зейнетақы кімдерге тағайындалады?
Ең төменгі зейнетақы кімдерге тағайындалады?

Зейнетақы төлемдерін тағайындау «Қазақстан Республикасында зейнетақымен  қамсыздандыру» туралы Заңына сәйкес жүзеге асырылып, азаматтардың еңбек өтілі мен айлық табыстарының негізінде, еркектер 63 жасқа, әйелдер  58 жасқа толып,  01.01.1998 жылға дейін еркектерге 25 жыл, әйелдерге  20 жыл  жалпы еңбек стажы болған жағдайда  толық көлемде  зейнетақы тағайындалады.

Жеңілдік шартпен 5 және одан көп бала туып, балаларын сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер, 01.01.1998 жылға дейін талап етілген 20 жыл еңбек стажы болған жағдайда, 53 жастан жасына байланысты толық көлемде қарттық зейнетақы алу құқығына ие болады.

Қазақстан Республикасының «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес төтенше және барынша радияциялық қатерлі өңірлерде 1949 жылдың 29 тамызынан — 1963 жылдың 5 шілдесіне дейін кемінде 10 жыл тұрған азаматтар:

еркектер – 01.01.1998 жылға дейін жалпы жұмыс стажы 25 жылдан кем болмаған жағдайда 50 жасқа жеткенде;

әйелдер – 01.01.1998 жылға дейін жалпы жұмыс стажы 20 жылдан кем болмаған жағдайда 45 жасқа жеткенде зейнетақы алуға құқылы.

Ең төменгі зейнетақы кімдерге тағайындалады? Ең төменгі зейнетақы – Заң талабына сәйкес зейнеткерлік жасқа жетіп, талап етілген еңбек стажы бар болып, бірақ айлық табысы жоқ азаматтарға ең төменгі зейнетақы 17 491 теңге мен 8720 теңге көлемінде базалық төлемақы тағайындалады.

Заңмен белгіленген зейнеткерлік жасқа жетіп, бірақ талап етілген еңбек стажы болмаған жағдайда, азаматтарға зейнетақы 1998 жылға дейінгі бар еңбек стажына сәйкес пропорционалды түрде есептеледі.

Жәрдемақы кімдерге беріледі? «Қазақстан Республикасының мүгедектігіне, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» заңына сәйкес, мемлекет тарапынан мүгедектерге, асыраушысынан айырылған отбасылар мен зейнетақы төлеміне құқығы жоқ азаматтарға тағайындалатын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы болып табылады.

Мүгедектік жәрдемақы – азаматтардың денсаулығына байланысты, медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясының шешімімен мүгедек деп танылған азаматтарға, мүгедектік тобы мен аурудың себебіне байланысты тағайындалады.

Мүгедектігіне байланысты төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері әр жылға белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің есебі бойынша, арнайы белгіленген коэфиценттер арқылы анықталады.

Жалпы ауру салдарынан мүгедек деп танылған: 

1-ші топ мүгедегіне 23718 теңге; 

2-ші топ мүгедегіне 18486 теңге; 

3-ші топ мүгедегіне 12905 теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.

«Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңына сәйкес, мүгедектік жәрдемақыға қосымша мүгедектік тобына қарай:

1-ші және 2-ші топтағы мүгедектерге 2308 теңге;

3-ші топтағы мүгедектерге 989 теңге көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы – асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған мүшелеріне тағайындалып төленетін жәрдемақы.

Асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз әрбір мүшелеріне

1-балаға 11510 теңге;

2-балаға 19881 теңге;

3-балаға 24589 теңге;

4-балаға 26159 теңге;

5-балаға 27031 теңге;

6-балаға 28077 теңге көлемінде тағайындалып төленеді.

Жасына байланысты жәрдемақы – азаматтардың зейнетақы төлемдеріне құқығы болмаған жағдайда, яғни ешқандай еңбек стажын дәлелдейтін құжаттары жоқ азаматтарға, ең төмен күнкөріс деңгейінің 50 % мөлшерінде (17439*0,50=8720 теңге) тағайындалып төленетін жәрдемақы.

Бала жасынан 16 жасқа дейін мүгедек деп танылған балаларға 17439 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді.

16 жастан 18 жасқа дейінгі бала күнінен мүгедек балалардың

1-ші топтағыларына 23718 теңге,

2-ші топтағыларына 19358 теңге,

3-ші топтағыларына 15172 теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.

18-жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелейтін күтуші ата –аналарға, қамқоршыларға ай сайын ең төменгі жалақы көлемінде 17439 теңге жәрдемақы тағайындалады.

Бала туылғанда берілетін жәрдемақы… Бала тууына байланысты біржолғы берілетін жәрдемақы 2012 жылдың 1 қаңтардан бастап бірінші, екінші, үшінші балаға 48 540 теңге, ал төрінші және одан кейінгі балалар туылғанда  80 900 теңге төленеді. Отбасында екі немесе одан көп бала туған болса, онда әрбір туылған балаға жәрдемақы жеке-жеке тағайындалып төленеді.

Туылған бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі үшін белгіленген мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері;

1-ші балаға – 8899 теңге;

2-ші балаға – 10 517 теңге;

3-ші балаға – 12 135 теңге;

төртінші және одан кейінгі туылған балаларға – 13 753 теңге көлемінде төленеді. 

Жерлеуге берілетін біржолғы төлем. Зейнетақы немесе жәрдемақы алушы адам қайтыс болған жағдайда, оны жерлеуді жүзеге асырған адамға, алушы қайтыс болған сәтте тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңымен белгіленген АЕК 15 еселенген (24270 теңге) мөлшерінде, ал Ұлы Отан соғысына қатысушы немесе оның мүгедегі қайтыс болған жағдайда 35 еселенген АЕК (56630 теңге) мөлшерінде біржолғы жәрдемақы тағайындалып төленеді.

Жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау үшін жерлеуді жүзеге асырған заңды немесе жеке тұлға, қайтыс болған алушының тұрғылықты жердегі зейнетақы төлеу орталығына, тиісті құжаттармен тиесілі төлемді алу үшін өтініш беруі қажет.

Әнуәр Ілеспаев

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ОҚО бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бастығы