«Әйелдер не дейді?»
Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына орай өңірдің гүлденуіне үлес қосқан азаматтарға берілетін медальден үмітті азаматтардың тізімі жасалып, ұзын-ырғасы 180-нен асып кетіпті-мыс. Оның 89-ы облыстық басқармалар тарапынан ұсынылыпты. Тізім «медаль таратушы» азаматтың алдына барыпты дейді білгіштер.
Содан тізім қысқарып-қысқарып 62-ге түсіпті. Соның өзін тағы қысқартпақ ойы бар екен. Ал сол медальден дәмелі адамдар «бұл қалай болғаны» деп ренжіп жүргенге ұқсайды. Әсіресе, өздерінің басшыларын ұсынып, ал ардагерлерін ұмытып кеткен ұйымдар мен мекемелер көп білем.
* * *
Облыстағы үлкен лауазымдағы шенеунік «менсіз өткізбеңдер» деп тапсырма бергендіктен мәдени іс-шараларды тек сол кісінің қатысуымен ғана ұйымдастыру әдетке айналған білем. Отырар ауданында жуырда ескерткіштер аллеясы ашылған болатын. Сол іс-шара «үлкен» кісімен ойластырылмай ұйымдастырылғандықтан, ол жаққа лауазымды азаматтардың баруына тыйым салыпты-мыс. «Ол аз десеңіз, БАҚ өкілдерінің де ол туралы жазуына, ақпарат беруіне ішкі саясат бөлімі арқылы тыйым салғызған» дейді білгіштер.
* * *
Білгіштердің айтуынша «Базар жоқ» әзіл-сықақ театрының жетекшісі Тұрсынбек Қабатов еліміздегі №1 адамға ұялы телефонмен анекдот айтып береді дейді. Оған үлкен адамның өзі телефон шалып, «көңіл күйім болмай отыр, әдемі әзілдеріңнең не бар?» дейтін көрінеді.
Ал мұндайда Тұрсынбек аянып қалсын ба? Неше түрлі әзілдерді айтады-мыс. Үлкен кісіге ауылдың, қарапайым тіршілігінен хабар беретін әзілдер ұнайды екен.
* * *
«Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдрайымов тоқал алмаған екен. «Оның барлығы жай әншейін айтылып жүрген әңгімелер» дейді өзі. Мұнысын жергілікті басылымдардың бірінде ағыл-тегіл ақталып, бүге-шүгесіне дейін айтып та беріпті. Сонда да қыр соңынан «тоқал алыпсың ғой, құттықтаймын!» деушілер қалмай жүргенге ұқсайды. «Алса алдым деп айта салмай ма, сонша жұртты шулатқанша. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды ғой» деп қояды енді бір жеңгейлер. Шынында да Уәке…
* * *
Кезінде облыстық соттың төрағасы болған, белгілі заңгер Бекет Тұрғараев жақында немересі Асылмұратқа ас та төк той жасапты. Бекет ағаның бұл Мұхит атты (кезінде облыстық Әділет департаменті бастығының орынбасары болып қызмет атқарған) ұлы мен келіні, кезінде тұңғыш рет өткізілген Қазақ аруы байқауының жеңімпазы болған Ләззат Ахатовадан көріп отырған, аңсап күткен немересі екен. Бұған дейін Мұхит пен Ләззаттың отбасында кілең қыздар туылғандықтан сүйікті немересінен аянары жоқтығын көрсеткен атаның бұлай етуіне де негіз бар білем.