Газға қатысты сұрақтарға жауап қайтарды

Газға қатысты сұрақтарға жауап қайтарды
Газға қатысты сұрақтарға жауап қайтарды
Газға қатысты сұрақтарға жауап қайтарды

Қымбатты оқырмандар, «Оңтүстік Рабат» газетінің «Қазтрансгаз Аймақ» бас директорына жолдаған сұрақтары ескерусіз қалмады. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы баспасөз-қызметі мен «ҚТГ Аймақ» ОҚО өндірістік филиалы жетекшілігі біздің сұрақтарға жауап берді.

– Өзбекстан Республикасынан жүргізілген газ құбыры мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры біздің облыстың аумағынан өтеді. Неліктен облысымызда газдың тарифтік бағасы өзге аймақтармен салыстырғанда өте қымбат? Газ құбыры желісінің ең басында біздің облыс тұр. Сөйте тұра, газды тұтыну бағасы неге жоғары?

– Мәселе мынада. Газ құнын белгілеуде бірнеше жайттар ескеріледі. Яғни, 01.03.2013 жылы газды сатып алу бағасы 12769 теңге немесе 85$ болды. 01.01.2014 жылдан бастап сатып алу бағасы 363 теңгеге қымбаттап, 13132 теңгені құрады. Бұл баға өзгерісі доллар құнының көтерілуіне байланысты енгізілді. 2013 жылдың наурыз айында доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 150 теңге болса, жыл соңында 154,5 теңгеге дейін көтерілді. Екінші себеп, «Интергаз-Орталық Азия» магистралы арқылы газ тасымалдау тарифі өсті («Интергаз-Орталық Азия» – бұл магистралды газ құбыры. Орталық Азиядан келетін көгілдір отын осы құбыр арқылы Қазақстанға жетіп, біздің ел аумағынан басқа мемлекеттерге таралады. Қазақстанның тұрғындары өз мемлекетінің аумағымен өтетін газды тұтынғаны үшін газ ақысын жоғарғы бағада төлейтіні түсініксіз. Бұл сұрақты «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесіне емес, Табиғи монополияларды реттеу Агенттігіне қою керек сияқты. авт.). Егер 01.03.2013 жылы газ бағасы жеке тұлғалар үшін 233 теңге, ал заңды тұлғаларға 1308 теңге деп белгіленсе, енді газ тасымалы құны 2014 жылдың 1 қаңтарынан жеке тұлғалар (яғни, біздер) мен заңды тұлғалар үшін 1380 теңге болып бекітілді. Демек, табиғи газды тек тұрмыстық мақсатта пайдаланатын жұртшылықты көгілдір отынды белгілі бір пайда табу мақсатында қолданатын заңды тұлғалармен теңестіріп қойды. Газ тасымалы құнын Табиғи монополияларды реттеу орталығы бекітеді. Неліктен аталмыш ведомстваның мұндай теңдікке жол бергені бізге де түсініксіз күйде қалып отыр.

– Жыл сайын қыстың ең суық күндерінде де газбен жабдықтау мәселесі туындап жатады. «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы бұрнағы жылдар тәжірибесінен сабақ алмағаны ма?

– Бұл «Қаз Транс Газ» АҚ-на қойылатын сұрақ.

– Облыстың көгілдір отынға деген тәуліктік қажеттілігі қанша?

– Облыстың көгілдір отынға деген тәуліктік қажеттілігі ауа райы жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Қыс мезгілінде сағатына 230-270 кубты керек етеді.

– Біздің облысқа түркімен газын беру қай уақытқа дейін созылады?

– Бұл сұраққа «ҚазТрансГаз» АҚ-ы ғана жауап береді. Заң бойынша, олар Қазақстанның ішкі нарығын газбен қамтамасыз ету үшін Газпром және тағы басқа компаниялармен келісім-шарт жасайды.

– Тұтыну нормасы көрсеткішін ұлғайту жағына қарай есептеуді қарастыру неліктен қазір жоспарланып жатыр? Фактілі түрде ең көбі 18 куб газ тұтынсақ та (есептегіш құрылғы істен шыққан жағдайда) бізге оны 37,4 куб деп есептейді ме?

– 2014 жылдың 1 наурызынан бастап газ есептегіш құрылғысы жоқ тұтынушыларға қатысты жаңа газ тұтыну нормасы енгізіліп жатыр. Бұл норманы Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің ОҚО бойынша департаменті бекітті. Департаменттің бұйрығына сәйкес ендігі тұтыну нормасы төмендегідей болады:

* Егер үйде газ пеші мен орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосылған болса, онда адам басына – айына 10 куб.м.

* Егер сіздің үйіңізде газ пеші мен су қыздыратын газ колонкасы бар болса, онда адам басына – айына 24,4 куб.м.

*Егер сізде газ пеші бар болғанымен, орталық-тандырылған ыстық сумен жабдықтау және су қыздыру колонкасы болмаса, онда 1 адам басына – айына 14,6 куб.м.

Тұрғын үйлерді жылыту үшін арнайы норма белгіленеді. Ол бойынша жылыту маусымы кезінде жылытылатын аумақтың бір шаршы метрі үшін айына 9,4 куб.м.

– «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырынан түркістандықтардың үйіне газ жеткізу қойылымы (кешіріңіз, мұны басқалай атауға келмейді) не себепті және не үшін жасалды?

– Бұл қойылым емес болатын. 18.02.2013 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен ОҚО әкімшілігі арасында газдандыру бойынша қызметтестік және өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылды. Соған сәйкес облыс әкімшілігі қалаішілік газтаратушы желілердің құрылысын бюджет қаражаты есебінен, не инвесторларды тарту арқылы жүргізуге міндеттелді. Түркістан қаласы әкімшілігінің ақпарынша, дәл қазіргі сәтте ЖСҚ әзірленген. Газбен жабдықтау құрылысының жұмыстары бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. 

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры мен Түркістан қаласына жүргізілетін газ құбырының шын мәнісінде жұмыс істейтіндігін көрсету үшін телекөпір кезінде алау жағылып, ПГБ-1 (газ блогы бекеті) жанында орналасқан бес тұрғын үйге газ берілді. Бұл абоненттердің үйлеріне жеңілдік шарттарымен автоматты қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған газжылыту құрылғылары мен тұрмыстық газесептегіштер қойылды. Тұрғындар газ есептейтін өндірістік құрылғыларды баптаудың техникалық процедураларын жүргізу мен орнатудан бастап газбен жабдықтау қызметін көрсету келісім-шартына қол қою аралығында газ жеткізу тоқтатылатынынан құлағдар етілді. Көшеаралық газтаратушы желілерді жүргізу бойынша өкілетті органдармен қажетті құжаттарды ресімдеу және келісімге келу процесі жүргізілу үстінде. Содан кейін абоненттермен газдың тауар ретінде жекелей берілуіне қатысты келісім-шарт түзіледі. Параллельді түрде ҚР Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінде газ бағасы мен тарифін анықтау және бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы процестер біткен соң, абоненттерге газ беру қайта қосылады.

– 2014 жылдың 11 ақпаны күні Ұлттық Банк тарапынан ұлттық валютаның бағамын реттеу өзгерісіне байланысты газ тарифінің бағасы көтеріле ме?

ҚР Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің басшысы Мұрат Оспановтың мәлімдегеніндей, 1 мамырға дейін газ тарифі өзгеріссіз қалады.

– Бүгінде газ құбыры желісіне қосылу мүмкіндігін алу үшін «ҚТГ Аймақ» компаниясынан тек құбырларды ғана емес, сондай-ақ газ жабдықтарын, яғни газ пеші, қыздырғыш және т.б сатып аламыз. Бізге неге мұндай қажетсіз құрылғыларды тықпалайды?! Бұл да ақша табудың бір механизмі ме? «Отырар-TV» телеарнасы мен «Оңтүстік Рабат» газетінің редакциясына жұртшылықтан көп қоңырау келіп түседі. Сол құрылғыларды сатып алған адамдар газ жабдықтарының сапасы нашар екеніне шағымданады.

– Біз мұндай шарт қоймаймыз. Біз тек ұсынамыз. 2011 жылы іске қосылған жоба бойынша «ҚазТрансГаз» газдандыру және газ құрылғыларын орнату жұмыстарын «kaspi bank»-тің бөліп төлеу қызметі арқылы жүзеге асырады. Техникалық шарттардың 22-ші ережесіне сәйкес, газ беру қауіпсіздігін сақтау үшін жабдықтар (қазандық және дабылқаққыш) орнатуды ҰСЫНАМЫЗ! Өйткені, 2013-2014 жылғы жылу маусымы кезінде иіс газымен уланудың 19-дан астам оқиғасы тіркеліп, 34 адам көз жұмды. Салыстыратын болсақ, 2012-2013 жылғы жылу маусымында газбен уланудың 33 оқиғасы тіркеліп, оның 9-ы қайғылы жағдаймен аяқталды. Егер жапа шеккендердің үйінде газ жайылғаны жөнінде хабар беретін дабылқаққыш жүйесі орнатылған болса, мұндай қайғылы оқиға болмайтын еді. Ескерте кетерлігі, бұл қызмет түрі (газ жабдықтарын орнату және іске қосу) біздің барлық өндірістік жұмысымыздың 5%-ынан аспайды. Айтар болсақ, өткен жылы бір де бір газ пешін орнатпадық. Қабырғаға қойылатын 2, еденге қойылатын 27 жылыту қазандығын және 238 газ дабылқаққыштарын орнаттық. Газ пештері мен қазандықтарын неліктен біздің мекемеден алуды ұсынамыз? Оған себеп, біздің жабдықтардың сапасы жоғары, сертификатталған және қауіпсіздікке кепілдік береді. Оған қоса, біз ұсынатын қазандықтар – үнемді. Дабылқаққыштарға келсек, бұл уақыт талабы. Газ жайыла бастаса газ беруді дереу тоқтатады. Бұл – газ дабылқаққышы орнатылған үйдегі адам-дар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Дайындаған – Жәнібек НҰРЫШ