Мемлекеттік қызметкерлер бюджетті басқаруды үйренетін болады

ОҚО-да 3488 мемлекеттік қызметкер бар
ОҚО-да 3488 мемлекеттік қызметкер бар

Оңтүстіктегі бюджет қаражатын басқаруда проблемалар бар. Енді осындай олқылықтарды болдырмау үшін Франциялық әріптестердің тәжірибесін үйренеміз. Еліміздегі Мемлекеттік басқару академиясының арнайы делегациясы бүгін Шымкентке келді. Бес күндік тренинг-семинарға Оңтүстіктегі басшылардың орынбасарларынан бөлек Жамбыл, Қызылорда облыстарының қызметкерлері де қатысады.

360 млрд теңге. Оңтүстіктің бюджетінде жыл сайын осынша қаржы пайдалануға беріледі. Капиталдың мұндай көлемі бойынша біздің облыс көш бастап тұр. Соған сәйкес, теңгені ұқсатуда да проблема баршылық. Арнайы семинардың Шымкентте тұңғыш рет бастау алуына көп себептің бірі осы.

Болатбек ӘБДІРӘСІЛОВ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры: «Бюджетті игергенде де әр түрлі проблемалар шығады. Кейбір уақыттарда уақытында қаражат бөлінбей жатады. Конкурстық процедуралар өткізілмей қалады. Өмір болғасын әр түрлі жағдай болады. Соған байланысты шетелдіктер өз елдеріндегі жетістіктерді үйретуге тырысады».

Шетелдіктер өткізетін тренингке Жамбыл мен Қызылорданы қосқанда бас-аяғы 50-дей мемлекеттік қызметкер қатысады.

Хьюбер ЖИКЛЕ, Иль-де-Франс өңірлік есеп палатасының бірінші кеңесшісі (Франция): «Бюджетті басқарудың 2 әдісі бар. Оның бірі өткен жылдың нәтижесін сараптау арқылы, келер жылға жоспар жасау болса, екіншісі алдағы бірнеше жылға бюджет қаржысын бөлуді болжамдау болып табылады. Францияның қаржы саласында да кіріс пен шығыстың көп ретте сай келе бермеуіне байланысты, бізде көбінесе 3 жылдық жоспарлау әдісі қолданылады. Алдағы бес күнде осындай тәсілдерді меңгерту бойынша Оңтүстіктегі қаржы саласының нағыз білгірлерімен тәжірибе алмасамыз деп ойлаймын».

Қызмет тиімділігі мәселесінде Оңтүстікте жүйелі жұмыс жасалып келеді. Бұл — соңғы 2 жылда қолға алынған жоба бойынша Сапарбек Тұяқбаевтың саралаған қорытындысы. Оның сөзінше, жобалық-сметалық құжаттарда жүйелілік бір ізге келе бастаған.

Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ, облыс әкімінің орынбасары: «Оң өзгерістер де бар. Біздің облысты алып қарайтын болсақ, бұрынғыдай әрбір ЖҚБ-ға қанша ақша сұраса сонша беріп отырған жоқпыз. Барлығының нормативі бар. Бұл жөніндегі істе қазір бізді БҰҰ өзгелерге үлгі етуде».

Семинар сабақтары М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де өтеді. Айта өтейік, Оңтүстікте 15 әкімдік, 20 басқарма бар. Ал ондағы қызметкерлер саны 3488-ді құрайды.