Қаламыздағы Абай атындағы орталықтандырылған кітапханада аға буын ақындар мен жас ақындардың айрықша кездесуі өтті. Бұл жиынның діттегені – елімізде 1998 жылодан беріп өтіп келе жатқан халықаралық “Шабыт” фестивалінде Оңтүстіктің намысын қорғайтын жазба ақынды анықтау. Сонымен қоса өлеңге қалам тербеген жастарға жыр жазудың жолдарын түсіндіру, елімізге белгілі ақын-жазушылармен ашық тілдестіруді көздеген әдеби шараға қатысқан жырсүйер жастар көп дүниені ойға түйді.
Басқосу барысында Оңтүстік өңірінің жазба ақындары жырларын оқып, поэзия патшалығына жаңа туындылар әкелгенінен хабардар етті. Өлең өлкесіне қадам басқан жастолоқын осылайша жүрекжарды жырларын ортаға салды. Қоғамдағы кереғарлықтарды да астарлы жыр жолдарымен жеткізуде шеберлік танытты. Айта өтетін жәйт, кез келген жас ақын оқыған өлеңінің бір нұсқасын қазылар алқасына ұсынып отырды.
Тіпті табан астында тапқырлық танытып, сахна төрінде өлең жазған таланттар да кездесті. 18 жасар Мұқағали Кенжетайұлы ауылына деген сағынышты арқау еткен «Көк шалғын» атты өлеңін оқыды. Бұл күні аға буын қаламгерлер жас ақындар арасынан халықаралық «Шабыт» фестиваліне үміткерлерді таңдап алуды көздгені анық. Алайда өңірдің жас ақындары арасынан жүзден жүйрікті анықтау қиынға түсті дейді ОҚО Жазушылар Одағының төрағасы Әбілдә Аймақ.
Әбілдә Аймақ, ОҚО Жазушылар Одағының төрағасы: “Жасыратыны жоқ, бүгінгі жас ақындар бізден гөрі шабытты. Бізден гөрі өткір болып көрінеді маған. Себебі, мынандай жаһандану дәуірінде компьютер деген дүние бар, жаңа технлолгия дегендей. Мұның барлығы ғасыр талабы болғандықтан, бүгінгінің жастары кешегінің ақындарынан оқ бойы озық болуы керек. Сондай озық жастар бар арамызда, жоқ емес ең бастысы. Көп деп айтуға да болады. Жалпы айтқанда осындай талапты да талантты жастарға билік немесе мемлекет тарапынан көмек жоқтың қасы. Нағыз талант тасада қалып қоя береді. Жастарға деген қамқорлық аздау. Мұны жұртшылық та көріп жүр. Алайда Елбасымыздың көптеген игі бастамаларымен жастарымыз өз-өздеріне сенімділікті қалыптастыра бастағаны тағы бар. Біз бұған қатты қуанамыз. Жалпы жастарды тәрбилеудің өзі қоғамның жұмысы екенін ұмытпағанымыз жөн. Ал қоғамды тәрбиелейтін бұл – жазушылар. Одан қалса журналистер. Ал мынау жас ақындар да болашақта қоғамның тәрбиеленушісі деген үміт те жоқ емес. Сондықтан болар, ертеңгі қоғамның тәрбиешілеріне дұрыс бағдар беруді өзімізге мақсат тұтып отырған жайымыз бар. Ал осы жас қаламгерлер арасынан Әлімжан Әлішерді, Тағайбек Тұрысбеков, сосын Жібекті ерекше атап өткенді жөн көріп отырмын. Бұларды сәл қанаттандырып, демеп жіберсек, бәлкім елінің мәселесін жырлайтын үлкен ақын болып қалар. Сосын айтайын дегенім, жуырда Оңтүстік ақындарының жырларын жинақтап жатырмыз. Біразын Алматы қаласына жіберіп те үлгердік. Республикамызда жас ақындардың жыр кітабы жарық көрмек. Ал осында келіп, бізге өлеңдерін ұсынған жас ақындардың өлеңдері міндетті түрде сол кітапта жарияланатын болады. Ал “Шабыт” фестивалі жайында айтатын болсам, біз жыл сайын өңірдің ең таңдаулы деген өнерпаздарын аттандырамыз. Олар облыс көмегімен барады. Алайда, «Шабыттың» осал тұсы сол – біздің қазақта «ершілдік» деген дүние бар. Бұрмалап, өз-өздеріне беріп жатады жүлделерін. Мұны ашық айту керек қой. Сондықтан, біздің небір таланттарымыз тасада қалып қояды. Әттең, дейтін кездеріміз де жоқ емес. Сол «Шабыт» фестивалінің басы-қасында Оңтүстіктің бір адамының болуын армандаймыз кей кездері. Себебі, нағыз таланттың сағын сындыру деген ол өнердегі өшпес қиянат қой. Қатты жанымыз ашиды сол кезде. Осыған қарап-ақ бұл дүниені жою мүмкін емес сияқты, қалыптасып қалған ғой өйткені. Осы «ершілдік» деген нәрсе құрыса, мынау поэзияға да үлкен жол ашылар ма еді деп ойлаймыз».
Мұқағали Кенжетайұлы, жас ақын: “Дұрыс айтасыз, өлеңге өзіндік қолтаңбаңмен келу – ол кез келген ақынның арманы! Алайда, дәл қазіргі уақытта немес дәл қазіргі жаста поэзияға үлесімді қосып жүрмін деп ойламаймын. Енді ғана қадам басып, сөз қадірін жіті түсіне бастаған уақытта көптеген ауытқушылық болады. Бір өлеңің ана бір ақынның жоларына ұқсаса, енді бірі өзге бір ақынның өлеңдеріндегі ұшқынға ұқсап жатады. Сондықтан да дәл қазіргі шақта менің мынандай немесе анандай бір ерекшелігім бар деп дөп басып айту қиын дер едім. Қазірге бұл менің арманым болып жүрегінін жасырғым келмейді, әрине. Сондай-ақ дәл қазіргі жазып жүрген жырларымда азаматтық ой айтып немесе халықтың бір жарасының аузында жүрген мәселелерді мен өлеңдеріме арқау етіп жатырмын деп те айта алмаймын, өкінішке орай. Бұл менің дәл қазіргі кемшілігім де шығар?! Кей кезде дұрыс та шығар деген ойда боламын. Жасырмай-ақ қояйын бүгінгі жазылған жырларымның басым көпшілігі – махаббат әлеміне бұрылып бара жатқан сияқты. Тіпті, туған жер , ауыл жайлы өлең жазсам да – оның арасында махаббат сезімінің элементтері табылып жатады. Мүмкін бұл жастығымыздан да шығар-ау сол. Алдағы уақытта нағыз ұлттың аузында, халықтың аузында жүрген мәселелерді өлеңмен өру – басты мақсатым немесе арманым деп жоспарлап отырғанымды айтқым келеді. Күн сайын қазақтың қара өлеңінің қадіріне жеткен ақындардың өлеңдерін оқып, түсінуге талпынып-ақ жүрмін. Сондықтан, біздің де жүрегіміз жыр деп соғып, айтар ойымызды жинақтайтын уақыт келетініне сенімдімін”.
Айта өтейік, қазылар алқасы қараша айына дейін «Шабыт» фестивалінде Оңтүстіктің намысын қорғайтын жас ақындарды анықтайтын болады. Ал нағыз таланттардың талабын таразылайтын өнер бәсекесінің биыл қалай өрбитіні алдағы уақыттың еншісінде.