Жас ақындар Түркістанның тарихын жырлады

921

«Түркістан – Ер Түріктің бесігі». Күнгейде, рухани шаһар Түркістанда осындай тақырыпта жазба ақындардың жыр-мүшәйрасы қолға алынды. Жас қаламгерлердің жарысы бұл жолы халықаралық «Түркісой» ұйымының 10 жылдық мерейтойының құрметіне арналған.

Түркістанда ақындар мүшәйрасы басталды

Байқау үміткерлері алдымен тақырыпқа сай киелі шаһар Түркістанды, ал екінші кезеңде халқымыздың дәстүр-жоралғысын жаңғыртатын өлең-жырын оқыды. Ал үшінші еңбегі еркін тақырыпты қамтуы тиіс болды.

Сүндет Сейітов – жас ақын. Жуырда ғана «Тәубе» атты жыр жинағы жарық көрген жігіт Түркісойдың тойында тосылған жоқ. Әлі сиясы кеппеген жүрекжарды арнау-өлеңін тарту етті.

Сүндет Сейітов, жас ақын:»Түркістан» туралы өлеңді жазу – маған оңайға түскен жоқ. Себебі талай тұлпардың тұяғы тиіп, талай тарихты бойына бұққан қаланың өткені мен бүгінін, әсіресе шежіреге толы жәдігерлерді де өлеңге сыйдыруға тырыстым. Бір жеті бұрын Яссауи бабамыз түсіме еніп, аян берді. Сосын ғана рухына құран бағыштап, қолыма қалам алып, өлеңді ойдағыдай жазып шықтым. Үлкен тебіреністі сезіндім».

Түркістанда ақындар мүшәйрасы басталды

Түркістанда ақындар мүшәйрасы басталды

Сөз зергерлерінің сайысын ұйымдастыру облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының мамандарына жүктелген. Ал талантты жастардың поэзиядағы қалам алысын белгілі ақындар Қабылбек Төретай, Нармахан Бегалы мен Сабырбек Нұрманұлы бағалады.

Сабырбек Нұрманұлы, қазылар алқасының мүшесі:»Бір таңданатыны сол  – жас буын ақындардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды, өздерінің соқпағын соғып, қолтаңбасын қалыптастырғысы келеді. Сол қадамдары мені қуантты. Бірақ кей үміткерлер тез-тез өлеңімді оқып, сахнадан түссем екен деген оймен келді. Ал енді бірі өлеңнің мән-мазмұнына үңіліп, жүректен шыққан жырды жүрекке жеткізді. Міне, сол шынайылығы үшін жоғары ұпайды еншіледі».

Сонымен, ел аумағындағы талантты жастарды түгендеген мүшәйра мәресіне жетті. Жүлделі 3-орынға күнгейдегі «Шам» жас ақындар ұйымының жетекшісі Сүндет Сейітов ие болды. Екінші орынды Нұрбек Кеңесбаев иемденді. Бірінші орыннан шымкенттік Мұқағали Кенжетайұлы көрінсе, бас жүлдені ақтөбелік ақын Бибігүл Иванова жеңіп алды. Жеңімпазға 100 мың теңге қаржылай сый-тарту тапсырылды.

Бибігүл Иванова

Бибігүл Иванова, «Түркістан – Ер Түріктің бесігі» жыр-мүшәйрасының бас жүлдегері: «Жеңісті бағындырып, оза шабатыныма сенімді болған жоқпын, Себебі өзге де үміткерлердің дайындығын көріп, сескендім. Бірақ менің өлеңге деген махаббатым мен киелі қалаға деген құрметім алға сүйреді, өлеңімнің шынайылығы жеңіс сыйлады деп ойлаймын! Ал өлеңімнің ерекшелігі – тұрақты тіркестері бар, бірақ көп емес. Халыққа түсінікті тілмен жаздым. Екіншіден мен әділдікті жырладым, қоғамдағы жастардың ана тіліне деген менсінбеушілігі мен мәңгүрттігін айттым. Ақын қай кезде де ақиқатты айтуы керек».

 

Айта өтетін ақпарат, Түркістанның тарихы мен биылғы тойды жырлау үшін мүшәйраға 18 бірдей ақын қатысты.