Састөбеден дау шықты

376
Баян Қоржынбаева: "Біздің зауыттағы заңсыздықтарды жергілікті билік дәлелдей алмайды".

Мәселе «Sas-Tobe Technologies» ЖШС-нің жұмысшыларының кәсіподақ ұйымын құрамыз деген бастамасынан туындаған. Бұл қадамға осы уақытқа дейін басшылыққа қойып келген талаптарымызды орындату үшін бардық дейді жұмысшылар. Алайда, әрең деп жүріп құрылған кәсіподақ мүшелері кәсіпорын басшылығы тарапынан қудалауына түседі.

Баян Қоржынбаева: «Біздің зауыттағы заңсыздықтарды жергілікті билік дәлелдей алмайды».

Састөбе цемент зауытының қызметкері баспасөз мәслихатын өткізіп, іштерінде жатқан қыжылдарымен бөліскен болатын. Зауыттағы жаңадан құрылған кәсіподақ ұйымының төрайымы Баян Қоржынбаева кәсіпорын аумағындағы заңсыздықтар жылдар бойы жалғасып келе жатыр дейді.

Баян Қоржынбаева, «Sas-Tobe Technologies» ЖШС кадр бөлімінің бастығы: » Профсоюз құрылды. Құрылуына бірнеше себеп болды. Жұмыстан заңсыз шығару. Жұмысшылардың арнайы киіммен қамтылмауы. Біздің еңбек туралы кодексімізде арнайы бап бар, онда жұмысшылардың арнайы киіммен қамтылуы міндеттелген. Оның үстіне біздің өндіріс орны денсаулыққа зиян зауыттардың қатарына жатады. Зиянды өндіріс орыны болған соң соған сай жалақының мөлшері де жоғары болуы керек. Қанша жерге осы мәселені көтеріп арыз жазғанмын. Ешқайсысының тісі батпай-ақ қойды. Былтыр «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауында болып, тағы осы мәселені қозғағанмын. Алайда бұл отырысқа зауыт басшылығынан ешкім де келген жоқ. Ресейлік басшылық ашығын айтқанда біздің билікті билік құрлы көрмейді. Меніңше тексеріп келген лауазымды шенеуніктердің қалтасына ақша салып, шығарып салады. Осылайша іс бітеді. Ал, қарапайым жұмысшылар аз ғана жалақыға жылдап жегілуге мәжбүр «.

Өз құқықтарын қорғағысы келіп, зауыт басшылығына еңбекақы мен басқа да әлеуметтік көмектер туралы ұсыныс айтқан жұмысшыларды «жаңаөзендіктердің» кебін киесіңдер деп қорқытады екен. Осында еңбек ететін 500-ден аса адам бүгіндері не істерін, кімнен көмек күтерін білмей дал болып отыр дейді кәсіподақ төрайымы.

Жұмысшылардың құқығы тапталып жатқанын айтып, біз еңбек инспекциясына хабарластық. Бұл жайдан бейхабар отырған олар, былтыр жоспарлы тексеру жүргізгендерін алға тартты.

Әлиқадыр Тұрғанов, мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім бастығы:»»SAS-Tobe Tehnologies» ЖШС-де Мемлекеттік еңбек инспекторы тарапынан өткен жылдың маусым айында жоспарлы тексеру жүргізілді. Жоспарлы тексеру барысында әк шығару цехының, клинкер шығару цехының, автокөлік цехының қызметкерлері жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан асып кеткені, ҚР Еңбек Кодексінің 77-бабының талаптары бұзылғаны анықталды. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары бойынша жұмысқа қабылданған қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімін міндетті түрде тексере отырып, жұмыс беруші ұйымдастыратын алдын ала оқытудан, нұсқама беруден және білімін тексеруден өтпеген. ҚР Еңбек Кодексінің 313-бабы 3-тармағының талаптары және ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің 23.08.2007 жылғы №205 п бұйрығының 3,7 тармақтарының талаптары бұзылған. Жұмысшылардың арнайы киімдермен, аяқ киімдермен толық қамтамасыз етілмегені, ҚР Еңбек Кодексінің 317-бабы 1-тармағы 6-тармақшасының талаптары бұзылғаны белгілі болды. ҚР Халықты жұмыспен қамту туралы заңы бойынша жұмыс беруші бос жұмыс орындары пайда болғанда ол туралы жергілікті жұмыспен қамту орталығына хабарлама бермеген. ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының 9-бабы 2-тармағы 2-тармақшасының талаптары және ҚР Еңбек Кодексінің 147-бабы 2-тармағының талаптары бұзылғаны анықталып, тексеру қорытындысы бойынша серіктестік директорын орындалуы міндетті №32, 33, 34 Ұйғарымдар беріліп, ҚР Еңбек Кодексінің 77-бабының талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 87-бабы 1-бөлімі бойынша заңды тұлғаға 20 айлық есептік көрсеткішпен 30240 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл, ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының 9-бабы 2-тармағы 2-тармақшасының талаптарын, ҚР Еңбек Кодексінің 147-бабы 2-тармағының талаптарын бұзғаны үшін, Қр ӘҚБтК-нің 94-бабы 1-бөлімі бойынша заңды тұлғаға 8 айлық есептік көрсеткішпен 12096 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар Мемлекеттік еңбек инспекторы тарапынан жүргізілген жоспарлы тексеру барысында қызметкерлердің ақысыз демалысқа жіберілуі тек қызметкерлердің өз өтініштері бойынша жіберіліп жатқаны анықталған».

Зауыт басшылығына хабарласу мүмкін болмады. Компания заңгері Маржан Сарыбаева бұл сұраққа жауап беруге құзыры жоғын алға тартты. Ал мемлекеттік еңбек инспекторларына жоғарыда айтылғандар негізсіз деген хат келген. Осылайша кемсітушіліктер мен заңсыздықтардан шаршаған цемент зауытының жұмысшылары кімге барып шағымданарын білмейді. Өз елінде, өз жерінде отырып, басынушылықтан әбден шаршаған олар ендігі үміт Елбасыда дейді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=axT1csn-HRI[/youtube]