«Халықтық емдеуге көштік»: Састөбеліктер балалар бөлімінің жабылуына наразы

98

Түркістан облысы, Састөбе кентіндегі аурухананың балалар бөлімі жабылды. Осылай деген түлкібастық тұрғындар енді алты мыңға жуық халық қажетті ем-дом алу үшін орталық ауруханаға баруға мәжбүрміз дейді. Ал алыс жолға қаражаты жетпегендер үйде өз бетінше ауырудан айығудың амалын іздейді.

Зүлфира Қосалиева қыстыгүні суық тиіп, төсек тартып жатқан немерелері үшін алаңдайды. Өйткені қақаған аязда қырық шақырым жердегі орталық ауруханаға сабылып, ақшасы дәріге емес, жолға кетеді. Сондықтан ауырып жатқан балаларын амалсыз үйде қарап отыр.

Зүлфира Қосалиева, Састөбе кентінің тұрғыны: «Қазір ауырып жатқан балалар көп үйде. Ешкім оларды ауданға апарып жатқан жоқ. Тек қана халықтық емдеуге көштік. Емханаға барамыз да назначение алып, үйде жатырмыз бәріміз. Бұл жерге неше ауыл қаралып отырғаннан кейін аурухана осы жерде қалғанын қалаймыз».

Састөбе кентіндегі екі қабатты аурухана 1962 жылы пайдалануға берілген. Жалғыз емдеу орталығы болған соң көрші ауылдың тұрғындары да осында келеді. Ал балалар бөлімінің жабылуы заманауи медициналық кешенді армандап жүрген халық үшін ауыр тиді.

Жұмагүл Әбубәкірова, Састөбе кентінің тұрғыны: «Қазір балалар бөлімін жауып тастады. Жаппаймыз деп сөз берген. Біз қазір басшыларға сенбейміз. Мен келіп емделуім керек. Мен жатуым керек. Менің ауданға барып емделуіме қалтам көтермейді бара беруге. Бір қағазға бола қайта-қайта бара беруге. Ал мынау жаяу келе салатын жер».

Ал жауаптылар аурухана бөлімінің жабылмағанын айтады. Сөздерінше, тек төсек орын саны жетіден төртеуге қысқарған. Өйткені ауданда балалар арасында аурушаңдық көбейді. Сондықтан сапалы медициналық көмек көрсету үшін орталық аурухана бөлімін толықтырған көрінеді.

Тельман Әлиев, Түлкібас аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
«Бұл жерде 1 жасқа дейінгі балаларды және ауыр халдегі балаларды жатқызуға жағдай жасалмаған. Төсек-орынға байланысты штаттық бірлікте бір дәрігер көзделген. Ол бір дәрігер күнде тоғыздан алтыға дейін жұмыс істейді. Сенбі, жексенбі күні демалады. Түнде балалар, науқастар қараусыз қалғаннан кейін Састөбе балалар бөлімінен үш төсек алып, орталыққа тарттық».

Қазіргі уақытта медициналық нысанға техникалық тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Себебі өткен ғасырда салынған аурухананың тірек бағаналары тозған болуы мүмкін. Сала мамандарының айтуынша, нысан апатты деп танылса, жаңа орталықтың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Ал әкімдіктегілер қорытынды құжатты күтпей, жер телімін белгілеп қойдық,-дейді.