Шымкентте Сабыр Рақымовқа ескерткіш орнатылды

Даңқты генерал-майордың туғанына биыл 110 жыл
Даңқты генерал-майордың туғанына биыл 110 жыл

Шымкент қаласындағы «Жеңіс» саябағының кіреберісіне Кеңес одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовқа ескерткіш орнатылды.

Даңқты генералға арналған ескерткіштің биіктігі 4 метр 20 сантиметр, ал тұғырымен қосқанда 7 метрден асады. Бұл ескерткіш Сабыр Рахымовқа Қазақстанда қойылған тұңғыш ескерткіш.

Генералға Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында көше атаулары беріліп, Шымкенттегі мектеп интернат Сабыр Рахымовтың атымен аталған еді. Батырға ескерткіш қою мәселесін облыс әкімі де өз назарында ұстады.

Шымкенттің шырайын кіргізген «Жеңіс» саябағын абаттандыру жұмыстарын тапсырған кезде Сабыр Рахымовқа ескерткіш орнату да қарастырылған болатын. Сөйтіп, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қолға алынған іс жүзеге асты.

Қазақстан мен Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рахымовты еліміз әлі толық таныған жоқ. Тіпті, бұл бағыттағы алғашқы қадамдар енді жасалып жатыр. Осы ретте ерен туған еріміз жайлы аз-кем айтсақ.

Генерал 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылында туған. 1943 жылы генерал-майор шені берілген. Ұлы Отан соғысында 395 және гвардиялық 47, 37-атқыштар дивизияларының командирі болған. Төрт мәрте «Қызыл Ту» орденімен және «Қызыл Жұлдыз», қолбасшы құрамына берілетін ІІ дәрежелі Суворов, Кутузов ордендерімен марапатталған. Сабыр Рахымов тек бір ру, бір облыстың деңгейіндегі тұлға емес.

Бұл Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан тұңғыш генерал. Онда да штабта отырған генерал емес, қан майданда, әскердің арасында жүрген, шабуылға шыққан батыр. 1945 жылы 26 наурызда таңертең дивизияның командалық пунктiн жау минасы соққылайды.

Дивизия командирi Сабыр Рақымов, комиссары полковник А.Смирнов және командалық пункттiң басқа офицерлерi қатты жарақаттанды. Осылайша 26 наурыз күні сағат 13:00-де есiн жимаған генерал-майор С.У.Рахымов қаза тапты.

Батырдың туғанына биыл 110 жыл толады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=t0P02yBJD3g[/youtube]