«Алаш арыстарына» қойылған ескерткіште кемшілік көп…

160

Алаш арыстарына арналған бұл ескерткіш үшінші мегаполисте бой көтерді. Азаттық үшін атсалысқан қайраткерлердің құрметке бөленгені барша жұртты қуантты, әрине. Дегенмен композициялық мүсінде кемшіліктер де баршылық екен. Бұл туралы 20 жылдан бері Алашты зерттеп келе жатқан маман айтты.

Әбдімажит Сыздықбеков, Алаш зерттеушісі, жеке кәсіпкер: «Енді мен бір пікірімді айтайын. Бізде Алашты зерттеп жүрген «Алаш орталығы» бар. Астанада Еуразия университетінде, соның директоры бар Сұлтанхан Аққұл дейтін. Ғалым жігіт қой. Сол кісімен кеше хабарласып едім. Көңілі толмай отыр. Себебі сәл бұрмаланған. Мұхамеджан Сералин деген кісі Алаштың мүшесі болмаған. Бірінші рет қой кемшіліктер болады. Мені ең қуантып жатқаны басталуы».

Көш жүре түзеледі деген зиялы қауым өкілдері мұндай бастама үшін қала әкімдігіне алғыстарын білдірді. Ал мегаполис басшысы Мұрат Әйтенов ескерткіштің маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, бұл мүсін жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, өз еліне, жеріне, өткені мен болашағына деген сый-құрметтін қалыптастыру құралы болмақ.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Ел үшін елдің жарқын болашағы үшін жан аямай күрескен бабаларымыздың рухы алдында ұрпақ парызы өтелуде. Ескерткіш Алашорда қайраткерлерін мәңгі есте сақтауға өз септігін тигізеді деген сенімдеміз. Олар өз халқының болашағы үшін күресіп өмірлерін бостандық үшін құрбандыққа шалды».

Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ашылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қайраткерлерге деген құрмет тек ескерткішпен ғана шектелмесін деген олар азаттық жолында құрбан болған желтоқсан оқиғасының қатысушылары да тасада қалмаса екен тілегін білдірді.

Сейдехан Әлібек, тарих ғылымдарының докторы: «Жазықсыз жапа шеккендердің бірде бірі ұмыт қалмауы керек. Солардың ішінде желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарымыз бар. Оларды ақтау емес, оларды анықтап алып, олардың Тәуелсіздік жолында жасаған ерліктерінің барлығын айтып келе жатырмыз. Айта беруіміз де керек. Бірақ желтоқсан оқиғасына қатысқан біздің азаматтарымыз әлі де бір тасада қалып қойған сияқты».

Айта кетейік, композициялық мүсін Шымкент қаласының орталық саябағы аумағында орналасқан. Тұғыр гранитпен қапталған. Мүсіндердің биіктігі – орташа есеппен 210 см. Тұғырдың ұзындығы – алты метр, ені – үш метрді құрайды.

Мөлдір Ибадуллаева