Хиджаб кию міндет емес

Бүгіндері хиджаб мәселесі қоғамда кеңінен талқылануда
Бүгіндері хиджаб мәселесі қоғамда кеңінен талқылануда

Бүгіндері хиджаб мәселесі қоғамда кеңінен талқылануда. Баспасөз беттерінде тұмшаланғандарға қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Әсілінде, айтысып -тартысушылардың көздеген мақсаты не?

Хиджаб – әсіресе түрлі тағлым-дәстүрді бойына сіңірген ислам дінін ұстаушылар мен ұлттық дәстүрді ұстанушылар арасында дауға айналған күрмеулі мәселенің бірі. Араб мәдениетінің үлгісі мен ислам дәстүрінің аражігін ажыратып жатпастан, мұсылманшылық осы екен деп хиджабқа оранып, жасына жетпей қартайып сақал қойып, шалбарының балағын орта тірсектен шорт кескендердің қатары күн санап өсіп келе жатқандығы да рас.

Шорт кесілген шалбар ғана болса бір сәрі, шынында олар үшін мына дүние түсінігі дәп солай шолақ екені анық аңғарылады. Бұл ойлантарлық жағдай. Оның үстіне мемлекеттік қызметкерлер мен оқу орындарында хиджаб киюге тыйым салу мәселесі отқа май құя түскендей болды. Өзін хақ жолдамын деп білетін қысқа балақ, қаба сақалды бауырларымыз дау тудырып, бірқатарының аштық жариялап, ал хиджаб киген қаракөздеріміздің қысым тоқтамаса білім алудан бас тартамыз дегендей пікірлер білдірген болатын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Қытайдан болса да білім алыңдар» деген сөзін бұл қарындастарымыздың басшылыққа алмайтындығының артында не жатыр? Өзім білемдік пе, әлде сананың саяздығы ма?

Негізінен хиджабты жақтаушы «қарындастарымыз ашық-шашық, кіндігін жалаңаштап жүру керек пе?» дегендей сұрақ қояды. Әлбетте, салыстырмалы түрде алар болсақ, тәнін жалаңаштап, пирсинг тағып, денесіне татуаж салған қыздарға қарағанда хиджаб кигені дұрыс екендігі даусыз. Алайда, әлімсақтан бері қарай қазақ арулары хиджаб кимегендігін олар түсіне алар емес. Рас, ақжаулықты аналарымыз әуретті жерлерін жауып тұратындай кимешек киген.

Дегенмен, жас қыздар ерекше бір жағдайлар болмаса орамал тартпағаны тарихтан белгілі. Орамал тұрмыстағы әйелдердің белгісі болғандығын этнограф ғалымдарымыз дәлелдеп берері анық. Сондықтан хиджаб тарту да, жартылай жалаңаш жүру де қазақ қыздарына жат нәрсе, екеуі де атадан қалған салт-дәстүрімізге қайшы деп нық сеніммен айта аламыз.

Ислам – күллі адамзатқа ортақ дін. Ал хиджаб пен паранжа араб ұлтына, оның климаттық жағдайларына сай жасалған киім үлгісі екенін көпшілік біле алмай жүр. Исламда әйел затына өзінің ұятты жерлерін жабық ұстауын талап етеді. Алайда ол міндетті түрде хиджаб кию дегенді білдірмесе керек. Әуретті, яғни ұятты жер әрбір ұлттың өзіндік болмысына, өмір сүру формасы мен салтына қарай әртүрлі деңгейде түсіндіріледі. Кейбір исламшыл фанаттар мұны исламға қарсы деген желеумен жоққа шығарғысы келеді. Бұрынғы апаларымыз хиджаб тартпай-ақ мұсылман болып дүниеден өтті емес пе? Ендеше, неге бүгінде мұсылман қызы деген сөз тек хиджаб пен паранжа кигендерге ғана айтылуда? Әлде басына хиджаб тартып жүрмей-ақ намазын оқыған инабатты қыздарымыздың ниеті қабыл емес пе? Бұл туралы хиджабшыл азаматтар нендей пәтуа береді екен?

Қыздарымыздың дін жолына бет бұрып, намаз оқып, имандылық жолымен жүргені әрине, қуанарлық жағдай. Қазіргі қым-қуыт, айла-шарғыға толы заманда, нәпсінің жетегіне ермей, Құдайдың хақ жолымен құлшылық жасаудың өзі үлкен бір сынақ деуге болады. Алайда, исламды жүрегімен қабылдадық деп жүрген жандардың арасынан оны ақыл-парасатпен кең пайымдай алатындардың қатарының қалың екендігі күмән тудырады. Олардың ішінде ұлттық салт-дәстүрімізді исламға қарсы қойып, санасының тар шеңберде қалғанын байқамай жүрген қазақ қыздарының саны күннен-күнге артып жатқаны қынжылтады. Алдағы 20-25 жылда ұлттық дәстүрден мақұрым тәрбиеленген жанұялардың буын алмасуы жүрмек. Ал мұндай отбасында дәстүр емес, діни тәрбиенің берілетіндігі аян. Исламның адам мен қоғамды тәрбиелеудегі мүмкіндігі зор екені белгілі. Мұны әлемнің талай-талай ғұлама-ғалымдары мойындайды. Тек ислам тәрбиесі мен арабтық тәрбиені ажырата білсек болғаны.

Нұрбол БАЙҚОНАҚОВ, 
ОҚО ішкі саясат басқармасының «Әлеуметік бастамалар орталығы» МКМ-нің маманы