Жазушы Еркінбек Тұрысов — 85 жаста

1353
Жазушы Еркінбек Тұрысов "Темірлан" повесін 4 жыл жазғанын айтады
Жазушы Еркінбек Тұрысовтың әдеби шығармашылық кеші

Тарихшы, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты Еркінбек Тұрысов – 85 жаста. Бұл күні өңіріміздегі Александр Пушкин атындағы ғылыми кітапханада «Қаратау тарланы» атты әдеби шығармашылық кеші өтті қаламгердің. Саналы ғұмырында “Оңтүстік Қазақстан” облысы газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, меншікті тілші, аудандық “Алғабас” газетінің редакторы болды. Әдеби кеш барысында жазушының еңбектерінен, өмірдерегінен сыр шертетін кітап көрмесі ұсынылды. Жоғарғы оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындарының студенттері қаламгердің туындылары турасында сауалдар қойып, шығармашылық кештің сәнін кіргізді. Әдеби шараның арнайы қонақтары – ақын Кендебай Ахат, тарихшы Сәбит Жолдасов, жазушы М.Байғұт, ақын, нәзіртанушы Сәрсен Бек Сахабат.

Маржан Тұрартегі, М.Әуезов атындағы университеттің 3-курс студенті: «Мен Еркінбек ағаның еңбектерін көп оқимын. Себебі мән-мағынасы тереңде жатыр. Сондай-ақ жазушының тарихи туындыларын біз тарих пәніне көп қолданамыз. Ұстаздарымыз да бұл кісінің еңбектерін оқуға кеңес береді. Әрине, еліміздің өткенін білмей, ертеңіне үңіле алмаймыз. Сондықтан, Еркінбек ағамыздың жазған тарихи еңбектері біз үшін өте қажет».

«Кендебай Ахат, ақын: «Еркінбек жайында айтар болсам, жақсы сөздер таусылып қалар ма деймін. Себебі, өте қарапайым, жаны тазалыққа, ақиқатқа жақын адам ғой бұл. Әдебиет әлеміне ә дегеннен еңбегі сіңіп, көптеген туындыларды сыйлады. Бүгін, міне, сексеннің бесін алқымдап қалыпты. Сондықтан, Еркінбек Тұрысовты мақтан тұтатынымызды айтқым келеді. Денсаулық, ұзақ өмір тілеймін. Әлі де болса халыққа талай туындыларды сыйлайды деп сенемін. Қазақ қандай бақытты десеңші, Еркінбектей ұлы бар!».

Осылайша шығармашылық кеш барысында ақ тілектер айтылып, қаламгердің өмір жолынан баяндамалар оқылды. Шығармаларындағы кейіпкерлер турасында да кеңінен сөз қозғалды. Жиналған жастар көкейінде жүрген сауалдарын жазушыға қойып,

Еркінбек Тұрысов, жазушы: «Сөзімді бастамас бұрын, ең алдымен Оңтүстік өңірінің 80 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын. Біздің облыс, біздің қала барлық ауырлықты бастан өткерген шежіре ғой! Менің жастығым осы қалады өтті. Студент кезімізде осы қалада жүрдік. Қазір қарап отырсам, бар нәрсе өзгерген! Қаламыз күн санап көркейіп келеді! Бұл – біздің жетістігіміз деп білемін! Соңғы 10 жылдың ішінде саябақтар да адам танымастай өзгерген. Ал шығармашылық жолымдағы еңбектерім 19 томдай болып отыр. Түрлі жанрларда жазылды. Түрлі тарихи тұлғаладың өміржолын зерттедім. Алайда еңбектерімнің ең үлкен әрі тарихи орны бар, көркемдік жағынан айрықша орынға ие ол — «Темірлан» романы. Бұл романды ұзақ уақыт зерттеуге тура келді. Жазушылар Одағының басшылығымен кеңесу арқылы жоспарға енгізіліп, зерттеудің өзіне 4 жылдай уақыт кетті. 1,5-2 жылға жуық уақыт бойы қалам шаншып жұмыс істедік. Сонымен, «Темірлан» романы қазақ әдебиеті тарихындағы бірден-бір алғашқы шығарма! Ал бұл «Темірланды» жазуыма түрткі болған дүниеге тоқталатын болсам, қай бір шығарма табан астында тумайды ғой. Сол сияқты мұның да өз себебі бар. Қазақстан Жазушыларының съезі деген бір съезд болды. Сол съездке делегат болып қатыстық. Сол жерде Бауыржан аға бар еді, менің бірен-сараң кітабымды оқыған екен. Сол кітаптың әр бұрышына әрлі-берлі арабша жазып, Есенберлинге беріпті. Есенберлин тарихтың маманы ғой, сол кісі шақырып алып «Сен мынау еңбектеріңді керемет жазған екенсің» деді. Сен тарихи тақырыпқа бейім екенсің ғой. Сондықтан сен шағын тақырыпты қойғын. Мынау сенің елің, жерің, іргелес ар жағыңда Түркістан, Әмір Темірдің қалған жері Отырар, одан әрі Самархан, Бұхара, Ташкент соның бәрі түйіскен жерінде отырсың ғой. Сен Әмір Темірді неге алмайсың? Біз енді шаршадық, берерімізді бердік» деді. Сол кезде мен қиналдым, жүрексіндім бірден қиын тақырыпты алуға. Нәтижесінде , жазып шықтым. Сонымен қатар, біз ел ішінде ел тарихын көп зерттегенбіз. Әсіресе, біздің қарт Қаратауда Бәйдібек баба жатыр. Кесенесі де сол жерде. Бұл жер менің туып өскен жеріме жақын жерде. Сол қасиетті жер туралы, Бәйдібек бабамыз туралы аңыздар бізге ата-бабамыздан сатылап жеткен, орны жоғалмаған. Сол енді, тәуелсіздіктің кездерінде Елбасымыздың өзі ерекше мән беріп тарихымызға, содан кейін қолға алдық, ол кісі бізді қолдады. Соның арқасында Бәйдібек бабамыздың тарихы жаңғырды. Мен 6 дүркін кітабын шығардым. Алғаш кезде шағын кітап болып шықты, кейін дамытып, естіген-көргендерді қосып, осылайша Бәйдібек баба жөніндегі күрделі еңбек аяқталды. Негізі, өмір барда адамның мақсаты таусылмайды. Мынау көзіміз көріп, жүрегіміз соғып тұрғанда қолымыз қалам ұстауға жараса мен жазудан жалықпаймын. Сондықтан болашақта еліме өзге де тың туындылар сыйлаймын деген мақсат жоқ емес».

Шығармашылыққа арнаған 60 жылында жазушы елге 500-ден астам тарихи-көркем шығарма, 4 роман, 20-дан астам повесть сыйлап үлгерген. Айта өтейік, Еркінбек Тұрысов алдағы күндері оқырмандарына тұщымды туындылар сыйлауды жоспарлап отыр.