«Өнерлі ұстаз-2012» фестивалі мәресіне жетті

1886
Шымкентте "Өнерлі ұстаз - 2012" облыстық фестивалі өтті

 

Оңтүстік мектеп-интернаттарының ұстаздары алдымен қолөнер бойынша сынға түсті

Бүгін «Өнерлі ұстаз-2012» фестивалі облысымыздағы мектеп-интернат, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп интернат, балалар үйлері мұғалімдері арасында жалғасты. Бұл жолғы шара Қаламыздағы № 1 саңырау балалар мектеп-интернатында өтті.

Күні кеше ғана аталған шара кәсіптік мектептердің мұғалімдері  арасында өткен болатын.   15-ші жыл ұйымдастырылып отырған дәстүрлі өнер бәсекесіне облысымыздың 13 ауданынан жүзден жүйрік танылған 26 ұстаз қатысуда. Бес  шарттан құралған байқауда шығармашылық көрмеге баса назар аударылды. Сонымен, фестивальдің шарттары бойынша қатысушылардың шағын шығармашылық көрмесі алдын-ала бағаланып, келесі шарттар: өзін-өзі таныстыру, пәні бойынша қысқаша сабақ жүргізу барысындағы қолданатын тиімді әдісін таныстыру, педагогикалық жағдаят (сұрақ-жауап) және өнер сайысы арқылы жалғасын таппақ.

Байқаудың Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығы қарсаңында өткізілуіне орай, әрбір шарттың тақырыпқа сай келуі бағаланды. 

Клара Нығметова, ОҚО Білім басқармасы мектеп олимпиадаларын өткізу орталығының аға әдіскері, қазылар алқасының төраймы: «Әрине, дәстүрлі түрде жалғасын тапқан бұл атаулы ұстаздар додасы жыл сайын деңгейі жоғарылауымен ерекшеленіп отыр деп мен айта аламын. Бұл мектеп жабдықтарының жаңа технологияға өзгеруіне, сонымен қоса жаңа бағдарламалардың да қолданысқа енуіне де тікелей байланысты дер едім. Мұндағы айтпағым да осы мұғалімдердің деңгейі ғой. Білім берудегі түрлі ұтымды әдістеріне үлкен назар ауцдарып отырмыз сайыста. Ал мен өзім мынау мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалімдерінен үлкен үміт күтіп отырмын. Себебі, бұл мұғалімдер жарымжан балалармен жұмыс жасайды ғой. Сондықтан көп тер төгеді, әрі нағыз психолог болып қалған. Жалпы айтқанда мен осы мектеп-интернаттың мұғалімдеріне көп сенім артамын. Қаншама жылдан бері осы Ленгірдегі тіл кемістігі бар мектеп-интернаттың мұғалімдері бас жүлдені алып келеді. Сондықтан, кәдімгі мектеп интернаттарға қарағанда осы мүмкіндігі шектеулі мектеп-интернаттың мұғалімдерінің деңгейі анағұрлым жоғары болатыны баршаға мәлім. Ендеше, бүгінгі байқауда да осы ұстаздар қауымы жеңіс тұғырынан көрінеді деп күтіп отырмыз».

Шымкентте «Өнерлі ұстаз — 2012» облыстық фестивалі өтті

Сонымен, кешқұрым облыстық «Өнерлі ұсаз — 2012» фестивалі мәресіне жетті. Бас жүлдені (түрлі-түсті теледидар)  қаламыздағы №1 саңырау балалар мектеп-интернатының мұғалімі Салтанат Арымбаева иеленді. 1-орын (қысқа толқынды пеш) Шардара ауданы, «Дарын» мектеп-интернатының ұстазы Шолпан Бижанова мен Ленгір тіл кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатынан Жанерке Қарабаеваға бұйырды. 2-орынға (DVD жабдық)  Отырар ауданы, №4 мектеп-интернатынан арнайы келіп қатысқан Алтынкүл Мырзахан мен Түркістандағы Түркістан көмекші мектеп-интернатының ұстазы Зәмира Қалымбетова лайық деп табылды. Ал 3-орынды (ұялы телефон) Арыс қаласының №1 балалар үйінің мұғалімі Жанар Төреханова, Шымкент қаласындағы Батырбек Өтеп атындағы «Өнер» мектеп интернатының ұстазы Әлима Барлықбаева және Сайрам қосалқы мектеп-интернатыннан Дилобар Халметова өзара бөлісті.

Салтанат Арымбаева, №1 саңырау балалар мектеп-интернатының мұғалімі: «Иә, өте қызық фестиваль өтті. Алғашында сағат 10-00-де көрме басталды. Содан кейінгі байқау сахна төрінде жалғасты. Әрине, мен бас жүлдеге ие боламын деп күтпеген едім. Себебі, осыншама көп мұғалімнің ішінен топ жару деген үлкен жұмыс қой енді. «Бақ шаба ма әлде бап шаба ма» демекші, жеңімпаз атанып отырмын. Қуаныштымын, ең бастысы жасаған еңбегіңнің жемісін бағаласа , бұдан артық қуаныш жоқ-ау шамасы…»

Айта өтейік, жеңімпаз болған педагог мамандар бүгін өтетін ақтық сайысқа жолдама алды.