Жекеменшік жарықтан тартқан қорлығымыз жетерлік. Шымкенттегі Абай аудандық әкімдігіне қарасты Самал-3 шағынауданының тұрғындары осылай деп ашынады. Оған қоса бұл жақта ауызсу мен көгілдір отын да қосылмаған. Коммуналдық қызметтқұбырларының қасында тұрып, жарыққа жарымаған тұрғындардың зарын кім тыңдайды? Самал-3 шағынауданының тұрғындары осылайша өлместің күйін кешіп келеді. Мұндағы жарығы жарытпайтын көрінеді. Үп еткен желге, жаңбырлы күнде қайта-қайта өшіп қалып, тұрмыстық техникалары күйіп кетуде. Жанат Бейсенбаева, «Самал-3» шағынауданының тұрғыны: «Жарықтың бір киловаттына 19 теңге төлейміз, тағы да 150 теңгесін электрикке береміз. Күніге кешке өшеді де қалады. Тоңазытқыш та, пешка да, телевизор да күйіп бітті. Сығырайып, отырамыз да қоямыз. Мемлекеттік жарыққа қашан көшеміз? » Айта кету керек, мұнда жарық та, су да, көгілдір отын құбырлары да тартылған. Бірақ, үйді-үйге қосылмаған. Үмітін үзбей күткен тұрғындар ендігі шыдамымыз таусылды дейді. Фарида Аубакирова, «Самал-3» шағынауданының тұрғыны: «Мемлекеттік бағдарламамен келген су да, газ да, жарық та тұр. Қосатын ешкім жоқ. Тым болмаса жолсілтеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе болады. Қалада тұрсақ та жағдайымыз ауылдағылардан бетер. Қоқыстың иісі тұншықтырып барады. Балдарымыз ауру болды. Маршруткаға да жарымадық. 121 деген аяқтарың лай деп мінгізбейді. Адамдарды бір-бірінің үстіне басып, мінгізіп, дөрекі қылықтарын көрсетеді. Бір нарсе айтсаң, түсіп қал деп дікеңдейді».
Жадыра Оспанова, «Самал-3» шағынауданының тұрғыны: «Бір рет бір адам келген емес. Алдына барсаң, қабылдамайды да. Басшы деген халықтың жағдайын жасау керек. Жетім қозы сиықтымыз. Барлығы жекеменшік: су да, жарық та. Электригіміз тойға кеткен күні жарықсыз отырамыз. Біз де мектеп те, балабақшада жоқ. Балдарымыз қатынап Қайтпастағы мектепке барады». Жақын жердегі қоқыстың түтіні де тұншықтырып барады. Оған қоса осындағы қоқысты тазалауға ешқандай мекемемен келісім-шарт жасалмаған. Мұндағы ахуалмен танысуға билік өкілдерінің бірде-бірі қара көрсетпеген. Бір қызығы, тиісті мамандар Самалдағы жағдайдан хабардар. Олар биыл барлық коммуналдық желілер тартылып, қазір мемлекеттік тексеруден өтіп жатыр дейді. Тек сұранатыны — аз ғана уақыт. Оған қоса құжаттарды заңдастырып алу керек. Бақытжан Рысбаев, қалалық ТҮКШ бөлім бастығының орынбасары: «Электр жүйесіне тапсырысты құрылыс бөлімі берген. Оған жауап бере алмаймын. Ал газ бен су 20-желтоқсанға дейін қосылады. Қазір тексеру жұмыстары жүргізілуде». Осылайша қырқына шыдаған тұрғындарға қырық біріне де шыдауға тура келеді. Мамандар жақында жағдайды ретке келтіреміз деп уәде берді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=6969wAfl23E[/youtube]