Қазақта «Бітер істің басына жақсы келер қасына» деген жақсы сөзі бар. 2009 жылы облыстың басшылығына келген Асқар Исабекұлы есті әкім. Бюджеттен қомақты қаражат бөліп, әр аудан, қалаларда зәулім спорт кешендерін тұрғызуға білек сыбана кірісті. Себебі, қазына қаржысын игілікті жолға жұмсасаң, келешегі артығымен қайтарып аларың анық. Расы керек, өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінуде. Бюджеттен бөлінетін қаржы еселеп артып, маманданған бокс мектептерінің жұмысы жолға қойылды.
Мәселен, облыста туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 1 Олимпиада резервiн даярлау орталығы, 2 жоғары спорт шеберлiгi мектебi және Б.Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт-интернаты қалтқысыз жұмыс істейді. Сондай-ақ, 14 мамандандырылған спорт мектебі мен 6 коммуналдық қазыналық кәсiпорыны тындырымды тірліктер атқарып жүр. Облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң тапсырмасымен және тiкелей қолдауымен өңiрiмiзде көптеген спорт нысандары салынып, олардың саны 4649-ға жетіп отыр. Оның iшiнде ең негiзгiлерiнен 21 стадион, 1 спорт сарайы, 9 спорт кешенi, 3 оқу-жаттығу орталығы, 20 спорт кешенi және 22 жүзу бассейнiнің есігі әрдайым ашық. 748 спорт залы мен 6 спорт манежi де көпшіліктің тілегін қанағаттандырады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі арнайы келіп тұсауын кескен жеңіл атлетика манежі мен су спорты кешені бүгінде дүбірлі додаларды өткізер нысанға айналды. Жеңіл атлетика кешенінің пайдалануға берілуі ой елегінен өткен жемісті идеялардың бірі екендігіне көзіміз жетіп отыр. Спорт королі деп әспеттелетін жеңіл атлетшілердің сайысында 48 медаль жиынтығы сарапқа салынады екен. Заманауи талаптарға сай келетін бұл нысан – айналып жүгіру жолы 200 метрді құрайтын республикадағы бірегей жеңілатлетикалық манеж мәртебесіне ие.
Жоғарыда мәністегендей, гимнастикамен аты шыққан облыс жұртшылығы қазақ көркем гимнастикасының падишасы Әлия Юсупованы құрмет тұтады. Афина олимпиадасында төртінші, Бейжіңде бесінші, Азияның екі дүркін абсолютті чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Қазақстанның он дүркін чемпионы атанған Әлияның біз үшін орны бөлек. Кезінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ректоры болған академик Уәлихан Бишімбаев өз шәкіртіне оқу орнының ғимаратынан еліміздегі тұңғыш жекеменшік көркем гимнастика мектебін ашып берді. Бұдан басқа қандай қамқорлық керек?
Қазір мектеп жетекшісі Әлия Мақсұтқызы көркемге өнерге қызығушылығы бар 100-ден аса балғындарды тәрбиелеуде. «Мектебімізге балаларын үш жастан бастап беріп жатқан ата-аналар бар. Сөз жоқ, афина олимпиадасынан кейін көркем өнерді меңгергісі келгендердің қатары күрт өсті. Шымкентте жаттығу залдарында ине шаншыр орын жоқ»,- дейді көркем өнердің хас шебері. Одан бөлек, облыс орталығында жыл сайын Юсупованың жүлдесіне арналған дәстүрлі халықаралық сайыс дүрілдеп өтуде. Негізінен, осындай сайыстарды ұдайы өткізіп тұрғанның жас шәкірттер үшін маңызы зор. Әлияның мектебінде тәлім алып, турнирінде тәжірибе жинақтап жүрген көркем гимнасшыларымыздың болашағы баянды болса екен дейміз.
Атап айтқанда, Баққонды Асылжан, Даяна Әбдірбекова, Сабина Әшірбаева сынды Әлияға еліктеген балғындар әлі-ақ еліміздің мерейін өсіретініне сенім бар.
Жалғасы бар.