Көркем гимнастикада ҚР Чемпионаты басталды

27

Шымкентте көркем гимнастикадан спорт шеберлері мен кандидаттар арасында ҚР чемпионаты басталды. Сайысқа еліміздің түпкір-түпкірінен 300-ден аса спортшы қатысып жатыр. Тартысқа толы жарыстан жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар Әлем кубогына жолдама алады.

Шымкентте көркем гимнастикадан ҚР чемпионатының ашылуы жергілікті гимнастшыларға халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын берумен басталды. Соның бірі – Әсел Шүкірбай. Ол топтық бағдарламада 5 дүркін Әлем кубогының жеңімпазы. Әсел осы жолғы жарыста да топ жарып, алдыңғы шептен көрінетініне сенімді.

Әсел Шүкірбай, көркем гимнастикадан спорт шебері:  «Біз жақсы өнер көрсетеміз деп ойлаймын. Күні-түні дайындалдық. Жаттықтырушымыздың айтқанын толық орындап шықсақ, жеңімпаз боламыз. Біз топтық категорияда өнер көрсеткендіктен “5 дөңгелек” биін билейтін боламын».

Дүбірлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 15 команда яғни 300-ден аса спортшы бақ сынайды. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан 4 жеңімпаз Әлем Кубогы мен Азия чемпионатына жолдама алады.

Әлия Юсупова, Қазақстан гимнастика федерациясының Президенті: «Биыл өте маңызды жыл. Осы жолы Әлем чемпионатында лицензия беріледі. Қыздарымыз Құдай қаласа олимпиадаға лицензия алуы керек. Біз Таниева Элжанадан үміт күтіп отырмыз. Оған қоса, Азия чемпионатын болады. Оған да дайындық басталды. Қыздарымызға сәттілік тілеймін».

Тартысты бәсекеде қатысушылар жекелей және топтық бағдарламада өнер көрсетеді. Ал чемпионаттың ашылуына арнайы келген қала басшысының орынбасары құттықтау сөз сөйлеп спортшыларға сәттілік тіледі.

Мақсұт Исахов, Шымкен қаласы әкімінің орынбасары: «300-ге жуық гимнастшы қыздарымыз қатысуда. Олардың арасында көк туымызды көкке желбіретіп, биіктен көрінетініне сенімдіміз. Барлық қатысушыға сәттілік тілейміз».

Көркем гимнастикадан ел чемпионаты 3 күнге созылмақ. Жеңімпаздар есімі 10 ақпан күні белгілі болады.