Облыстың 80 жылдығы құрметіне республикалық басылымдардың журналистер тобы өңірімізге келді. «Қазақстан заман», «Дала мен қала», «Жұлдыздар отбасы», «Алматы ақшамы», «Астана ақшамы» секілді газеттерден келген тілшілер мен «Хабар» телеарнасының продюсері Ринат Думанұлы Бәйдібек баба ескерткішін көріп, сәулетіне сүйсінді. Мұнан соң, А.Асқаров атындағы дендросаябақты аралаған әріптестеріміз күн санап жасарып, жайнап келе жатқан облыстағы оңды істерге разы екенін жеткізді.
Ахмет АЛЯЗ, халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» қоғамдық-саяси газетінің бас директоры: «ОҚО, жалпы Шымкент туралы ел аузында түрлі қауесеттер айтылады ғой. Бүгінгі саяхаттан кейін Оңтүстік жұртшылығы жайлы пікірлер өзгереді деп ойлаймын. Өйткені, осындағы атқарылып жатқан әрбір тірлік туралы басылымымызға жазатын боламыз. Оқырмандарымызға осындағы оңды істерден түйгенімізді жеткіземіз, бұйыртса. Мен үшін мұндай саяхат бірінші рет ұйымдастырылып жатыр. Бірақ өзім Шымкентке мұның алдында да келгенмін. Әр келген сайын Шымқалада жасалған жұмыстарды көріп, қуанып қайтамын. Зәулім ғимараттар, түзу жолдар көңілді марқайтатыны рас».
Мұнан соң журналистер тобы «Даңқ» мемориалын тамашалады. Орталық циркте де болды. Облыстың мерейтойына келген қонақтар мұнда 2 күн бойы шаһардың көрікті жерлерін аралайтын болады.