Журналистер көмек берді

173

Мақтааралдағы ағайынға көмек беруден журналистер де шет қалған жоқ. Демалыс күндері Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тілшілері тұрғындармен кездесуге арнайы барды.

Жаңалық жаршылары жұртпен кездесуге құр алақан келген жоқ. Өздерімен бірге сыйлықтарын апарған БАҚ өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен де кездесті.


Аяқ асты келген су тасқынынан үйсіз қалған Жаңатұрмыс ауылы тұрғындарының көңіл-күйі қазір бұрынғыдай емес. Бұған дейін көз-жасын көлдеткен жұрт жүзіне күлкі үйіріле бастаған. Бүгінде мектепті паналап жүрген жандарға келіп жатқан көмек те аз емес. Бәріне дән ризамыз деген елдің жағдайын бұл жолы журналистер сұрап келді.


Сын сағатында қолдау білдіруге келген тілшілер құр алақан емес. Алдымен, құрбандыққа әкелген қойларын сойып, кейін білім ұясына теледидар тарту етті. Онсыз да төтенше жағдайда білімді әупірімдеп алып жүрген оқушыларға бұл таптырмас сыйлық болды.


Қала және өңір БАҚ өкілдері Мақтааралдағы әріптестерін де ұмыт қалдырған жоқ. Аудандағы баспасөз хатшысына қолдау ретінде ақшалай көмек әкелді. Кейін аймақтағы Ұлы Отан соғысы ардагері Сейітмұрат Құзжановтың үйіне арнайы барып, сый-сияпат жасады.

Айта кетейік, қызыл су кесірінен үйсіз қалған 5 ауылдың бірі Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары. Бүгінде мұндағы 207 адам білім ұясында күнелтіп жүр.

Назерке Үкібасова