«Отырар» медиахолдингінің қызметкерлері экосенбілік өткізді

90

Әрдайым игі істердің бастамашысы болып жүретін «Отырар» медиахолдингінің қызметкерлері Журналистер күнін мерекелеу қарсаңында тау бөктеріндегі демалыс аймағында экосенбілік өткізді. Табиғаты тамсандырарлықтай Төлеби ауданында демалыс аймақтары көп. Өкінішке қарай, демалуға келгендер тұмса табиғатты аялаудың орнына, қоқыстарын шашып, айналаны ластап кетеді.

«АМАНАТ» партиясының депутаты Әйгерім Жұмақұлова мұндай сенбіліктердің тұрақты өткізілетінін атап өтті. Осылайша, халық қалаулысы тұрғындарды сенбілік өткізіп қана қоймай, қоршаған ортаны ұқыпты ұстауға шақырды.

«Табиғаты тамаша тау бөктеріне келгендер демалу мәдениетін үйренсе дейсің. Айналаны қоқысқа толтырмай, ең болмаса өздерінің қоқыстарын тазалап кетсе… Мұндай экосенбіліктерді жиі-жиі ұйымдастырып тұратын боламыз. Барша журналистерді мерекелерімен құттықтаймын, бейбітшілік, келісім және барлығына объективтілік тілеймін», – деді «АМАНАТ» партиясының депутаты Әйгерім Жұмақұлова.

Қоғамдық жұмыс күнінің қорытындысы бойынша ұжым тұрақты түрде қала сыртына демалу үшін ғана емес, сонымен қатар қоқыс көп қалатын аумақтарды жаппай тазарту жұмыстарын ұдайы өткізіп отыруды ұйғарды. Мұндай игі шараға кез – келген адам үн қоса алады.