Бір шөлмекке алынған бұзау мен күшік

Бір шөлмекке алынған бұзау мен күшік
Бір шөлмекке алынған бұзау мен күшік

Кіші ағам Хамит шамамен 17-18 жасында жаңа туған бұзау мен күшікті қыстыгүні тонына орап үйге алып кіргенінде үйдегілердің бәрі алдынан дүрлігіп түрегелді. Ол екі шақалақты қайдан алған? Үлкендер бұзау мен күшіктің қайдан алынғанын сұрап әуре, ал әпкем екеуміз әлгілерді ошақ аузына тартып жылытпақ болып, қолымыздан ештеңе келмей жатыр. Ағам жаурағанынан дұрыстап сөйлей де алмайды.

Екі кештің ортасында болған уақиғаның мәні мынада екен. Көрші ауылдың орыс жігіті үйге қонақ келгенін, тез арада ақша керек екенін айтып, сатып алуды өтініпті. Құны 1 шөлмек арақ көрінеді. Жұмыстан жалақысын алған кезі, сұрағанын беріп, тонына орап, олжасын үйге әкелгендегісі осы. Ата-анасының рұқсатынсыз алған тауарын өзімдікі болады деп ақталуды жоспарлап келгені екен.

Жаңа қонысқа басқа ауылдан көшіп келген кез еді. Қорада ешқандай мал жоқ. Үлкен шәй жәшігінің ішінде бірінің бауырына бірі тығылып, бір табақтан ас ішкен Жданка мен Жолбарыс өсті. Бір біріне ылғи алаңдап жүретін. Жолбарыс жайылымға дейін серіктесін шығарып салып, жайлаудан қарсы алатын еді. Екеуінің татулығын көрген анамыз енді бәрі дұрыс болады, бұл жақсы нышан, бұлар жақсы көгентүп болады деп сендірді. Анамыздың сөзіне иланып көңілімізге сенімділік ұялағандай болған-ды. Біздерді жаңа жерді жатсынбауға баулығанын кейінірек түсіндім ғой.

Әрқашандағыдай сабырлылық сақтап, көп ойланып ой түйіндейтін анамыздың айтқаны келді. Енші алғандарға Жданканың төлі мен Жолбарыстың күшігі қоса берілді.

Жаз жайлауда, пішен шабынында едік. Жайылымға кеткен Жданканың қасында әдеттегідей Жолбарыс ентігіп үйге жүгіріп келіп қыңсылай берді. Астауына құйылған тамаққа қарамады, қайтадан жайылым жаққа артына қарай-қарай кете барды, қайта оралды. Хамит ағам бір келеңсіздік сезгендей ерттеулі атқа мініп соңынан шапты.

Біршама уақыт өткен соң өзі ғана қайтып оралды. Не болғанын күтіп отырған едік, көкем Жданкаға не болыпты деп сұрады. Аяғын тышқанның ініне салып жарақаттап алыпты. Ауырсынып жүре алмай жатыр дегенді естідік. Ол қартайғандықтан болған деп, әкеміз ат арба жеге бастады. Ағаларым арбаға мініп алды. Мен де жармасып отырып алдым. Барсақ Жданка ауырған аяғын алға көсіп, ал Жолбарыс оның жарақатын жалап жатыр. Жданка басын біздерге қарай созып жәрдем сұрағандай болды. Үйге келгесін Жданканың аяғына дәрі жағылды. Екі-үш күннен кейін кешкі шай ішілген соң көкем әңгіме бастады. Көген басын союға болмайды, әрі ешқайсымыздың қолымыз да ондайға бармайды, жүре берсе бір жерде арам өлуі мүмкін, сондықтан Жданканы заготконтораға тапсыру керек деді. Бұл шешімді үлкендер құптады. Ертеңіне арбаның соңына жетекке байланған Жданканы жылап тұрып шығарып салдық. Жолбарыс қамауда қалды.

Босатылған бойда Жолбарыс серігін іздеуге кірісті. Ала құйын болып маң далаға шауып кетеді де, жол көрсетіңіз дегендей есік алдына келіп, әркімнің көзіне бір қараумен жүрді. Бір кезде жоқ болып кетті. Хамит ағам іздеу салды. Таппады. Көп күн өтпей кешке таман аңшылар келді. Бірдеңелерді атып алыпты. Аман-саулық сұрасып болған соң, дабырлап әңгімелескендердің бір сөзі бәрімізді жалт еткізді. Қанжығасында ештеңе жоқ адамды көрсетіп, «мына мергеннің қасқыр деп ит атқаны болмаса, басқамыз…» Арғы жағын естімедім. Бала жүрегім аттай тулап, атылған Жолбарыс екенін сездім. Кенже ағам сылқ етіп жүресінен отыра қалды. Бозжігіт кезінен қойнына салып, тонына орап аяздың үсігінен сақтап қалған, аш қалмасын деп аузына тамағын тосып өсірген, есейгенде сенімді серігіне айналған досы туралы айтылғанын бірден сезді ғой. Бәріміз жылап тұрдық. Біздің үйдің жаны түгіл, бірге өскен бұзауға да қамқор бола білген Жолбарыс серігін іздеуден тайынбаған екен. Жданканы таба алмаған соң, оның жарақат алған жеріне барып, күзетте отырған жерінен ажал тауыпты.

Жақсылыққа жорамалдап керілген көгеннен әулетіміздің мал басы құралды, өсті. Көкемнің жирен биесі мен біздерді сағалап көшіп келген жалғызбасты бөле апамыздың інгені, оның ботасын қырқынан шығарғандағы бозбалалық естеліктердің бәрі жүрек сыздататын сағыныштар. Мал мен жанын қатар құрметтеген бабаларымыздың ұрпағына қалдырған асыл қасиетінің бірі осы шығар.

Нәсіпханым КамаловаМ.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ұстазы