Түлік пе, құбыжық па? ОҚО-да үш мүйізді, алты аяқты бұзау бар

Әбдірашит қарттың айрықша бұзауы

ОҚО-да «Зеңгі баба» түлігінің айрықша түрі өсіп келеді.  Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында алты аяқты, үш мүйізді бұзау өсіп келеді. «Зеңгі баба» түлігін малдың егесі «Артықай» деп атапты. Сегіз айлық бұзаудың сыртқы тұрқы болмаса, кәдуілгі іріқара тұқымындай бір астаудан жем жеп, су ішеді.

Кішкентай Самандар күнде әдетінше, қорадағы төрт түлігіне жем-шөп беруге шығады. Бұл іс оның соңғы сегіз айдан бергі сүйікті ісіне айналған. Елде жоқ алты аяқты бұзауының тезегін тазалап, жем-шөбінің дұрыс болуына да өзі алаңдайды.

Айрықша төл туылғанда куә болғандардың бірі Әбдірашит қарт. Ауылында ерекше бұзаудың туылғаны жайында хабарлаған осы кісі. Елден ерек туған төлдің жәйін біліп тұруды қарт та күн тәртібіне енгізіп қойған.

Әбдірашит Әбдулхамитов, қарт: «Бұзауды өз көзіммен көріп, құдайдың құдіретіне таң қалып, атын өзім «Артықай» деп қойдым. Бұзаудың ерекшелігі, бұның 6 аяғы бар, 3 мүйізі бар. Бұл да Құдайдың құдіреті ғой. Өзін жақсы сезініп жүр. Ойнақтап жүреді. Жем шөп жейді. Ешқандай басқа малдан айырмашылығы жоқ».

Зеңгі баба түлігі расында өзгеше күшке ие. Түсіру барысында босанып кеткен бұзау әзер дегенде ырыққа көнді. Тұрқы қарапайым бұзауға қарағанда шағын өгізшеге ұқсайды. Ерекше төлді сатып алуға ниеттілер де аз болмапты. Алайда, жаңалықты жақсылыққа жорыған қожайын Артықайды саудаға салуды жөн көрмепті. Бірақ ғалымдар тексеремін десе қарсылығы жоқ.

Бұл ерекшелікке мал дәрігерлері екі болжам жасауда. Біріншісі іште егіз бұзау пайда болғаннан кейін бірі екіншісін жеп қойған болуы мүмкін. Екіншісі гендік қатынас. Яғни, сиырды қашырған өгіз өз қанынан болса да, осындай жағдай болуы мүмкін екен.

Ал дін өкілдері бұл жәйтті жақсылыққа баламайды. Қоғамда соңғы кездері орын алып жатқан күнәлі істерге жаратқаннан келген белгі дейді мұны. Таяуда ғана Алматы облысында сиырдың азан шақырып, дәрет алғанынан да хабардар етіп, жағамызды ұстатқан имам жамағатты жаратқанға мінәжат етуге шақырды.

Мұрат Анарқұлов, Сайрам аудандық орталық мешітінің наиб имамы: «Бұл Жаратқаннан келген еркерту. Себебі, соңғы кездері қоғамда зинақорлық, зорлық-зомбылық, қарақшылық пен елді қанау секілді жаман істер көбейіп кетті. Алла Тағала қоғамдағы қасіреттерге жауап әрі ақырзаманның жақын екенін ескерту ретінде жіберген болуы ықтимал. Сондықтан жалған фәниде Құдайды танып, оған құлшылық етуіміз ләзім».

Кім не десе де, Сайрамдағы Қарабұлақ аулында елден ерек Артықай бұзау өмір сүріп жатыр. Бұл оның енесінің тұңғышы. Қадамын құтқа балаған қамбар ата төлін қожайындары да болашақта сиыр етіп, сүтін ішпекші. Айтпақшы, алты аяқты бұзаудың енесі тағы буаз. Ал кішкентай Самандар болса, сиырының тағы бір өзгеше төлді бұзаулайтынынан дәмелі.[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=aHAOUf8JaF0&list=UUfxVhVdN9E8mkrN50DjJYFg&index=8&feature=plpp_video[/youtube]