«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның 19арқасында Оңтүстікте шағын және орта бизнес дамып келеді. Бүгін қор жетекшілігі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының нысандары бойынша журналистерге арнайы баспасөз турын өткізді.
Тілшілер ең алдымен индустриалды аймақта орналасқан «Ferrum Vtor» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Бұл мекеме «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Кәсіпкерлердің қаржылық тәуекелін төмендету» бағыты бойынша қатысушысы.
Аталмыш компания қара металл сынықтарын өңдеу, металлопрокат, сұйық шыны шығарумен айналысатын ірі кәсіпорын. Индустриялық аймақтың аумағында орналасқан зауыттың тауарлары Қазақстан территориясында ғана сатылып қоймай, шет елдерге де экспортталады. Жобаның мақсаты инвестициялар және айналымдағы қаражатты толықтыру.
«АТФ Банкінде» 14 пайызбен алған несиеміздің үстемақысының 5 пайызын ғана төлейміз деп мүлде ойламағанбыз. Енді болса, 8 пайызды мемлекет төлеуде. Мұның барлығы — Қордың көрсеткен көмегінің, берген ақпаратының арқасында», — дейді осы кәсіпорынның басшысы Бегім Құдабаев. — Үнемделген қаржыны біздің компаниямыз өз ісін кеңейтуге жұмсады. Атап айтқанда, қосымша құю цехы салынды. Бұл зауыттың қуатын жылына 50 мың тонна дайын өнімнен 100 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік берді».
Пресс-тур бағдарламасының екінші нысаны — «Қазмедприбор» ЖШС. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бірініші бағытының («Жаңа бизнес бастамаларын қолдау») аясында қолдауға ие болған.
Серіктестік медициналық құрал-жабдықты, медициналық жиһазды, жылжымалы медициналық кешендерді шығарумен, медициналық маңыздағы көліктерді қайта жабдықтаумен айналысады. Жобаның мақсаты: инвестициялар мен медициналық құралдарды шығару үшін құрал-жабдықты сатып алу. Несие сомасы — 300 млн. теңге.
«Мұндай мемлекеттік қолдау инструменттерінің бар болғаны қандай керемет. Біздерге көмек көрсетіп жүрген «Даму» Қорына мың алғыс, — дейді мекеме басшысы Рахат Байзақов. -«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысудан бізге тиер пайдасы мол. Компаниямыз үнемделген қаржыны ісімізді дамытуға жұмсайды. Жаңа құрал-жабдық алынады, жартылай айналым капиталды молайтуға. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, тауар айналымын үлкейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, стерильді инфузиялық ерітінділерді шығаратын жаңа «Реновация» зауытын салу бойынша жаңа жобаны іске асыру үшін де біздер Бағдарламаның жартылай кепілдендіру, несиені субсидиялау қызметтерін тұтынамыз деген үміттеміз».
Іс-шараға қатысушылар «НұрАСУ» мектепалды шағын-орталығы» ЖШС-не де барып қайтты.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағытының (Жаңа бизнес бастамаларын қолдау) қатысушысы.
«Біз несиені жылына 14 пайызбен алдық, оның 7 пайызын мемлекет төлейді,-дейді серіктестіктің басшысы Сара Перналиева. -Үнемделген қаржыны балабақшаны салуға, керекті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсадық. Қазақстандық стандарттарға сай мектепалды мекемені салып біттік. «Даму» қоры қазақстандық кәсіпкерлерге жақсы қолдау көрсетуде. Ал оның ашып жатқан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары — біздерге жаңа серпіліс».
Балабақшаға қазір 100 бала келуде. Мектепалды мекеме ашылғаннан кейін 12 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жыл басынан бері ОҚО-да соммасы 51,43 миллиард теңгені құрайтын 169 жоба қолдау тауыпты. Бизнес-жоспары мақұлданған жобалардың ішінде «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Шымкентмай» АҚ, «Алтын дән» ЖШС, «Рауан» ЖШС сынды беделді кәсіпорындар бар.