Шымкент: Биыл Абай ауданына қарасты 3 елдімекенге сапалы жарық беріледі

Мақталы қосалқы станциясы қайта жаңарды

Шымкенттегі Абай ауданында шағын және орта бизнеске арналған «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баспасөз брифинг өткізген Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Соған байланысты, «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынып жатыр. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері орналасады. Аумағы 118 гектар аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаң, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңын салу жоспарланған», – дейді Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов.

Жиында аудандағы инфрақұрылым желілерін дамыту мәселелері де сөз болды. Бүгінде Абай ауданы аумағында 34 елді мекеннің 33-і сапалы ауыз сумен қамтылған. Бұқарбай Рысқұлұлының сөзінше, 2020 жылы ауыз суға 1,9 млрд. теңге бөлініп, Нұршуақ, Батыс, Тәуелсіздікке 20 жыл, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Ынтымақ-2, Ақтас-2 елді мекендері ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілген. Ал, 2021 жылы 6,9 млрд. теңге қаралып, 9 елді мекенге ауыз су берілген.

Ал, 2022 жылы сапалы ауызсумен қамту жұмыстарына 5,2 млрд. теңге бөлініп, Құрсай елдімекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Егер құрылыс мерзімінде аяқталса, 2022 жылдың соңында елдімекен сапалы ауыз сумен қамтылады.

Бұқарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Ауданның 8 елдімекені орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Бұл елдімекендерде 116 мыңға жуық адам немесе аудан халқының 36 пайызы тұрады. Ал, 207 мың адам тұратын қалған 26 елдімекен кәрізбен қамтылмаған. 2020-2022 жж. аралығында 1 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 3 елдімекенде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Енді қалған аумақтарды қамту мақсатында 2022-2025 жылдары Абай ауданында 2 кәріз тазалау ғимаратын салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін Абай ауданы 59 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылады деген жоспар бар».

Абай ауданында 34 елдімекеннің 31-і мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр. Қалған 3 елдімекен жекеменшік трансформаторларды пайдаланады. 2021 жылы Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ақжар елдімекендерін электр жарығымен қамту үшін жалпы 7,2 млрд. теңгеге жоба дайындалып, биыл 5,2 млрд теңге бөлінген. 2022 жылы 3 елдімекеннің, атап айтқанда Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап елдімекендерінде құрылыс аяқталып, сапалы электр тогы беріледі. Нәтижесінде аудан аумағы 100 пайыз электр жарығымен қамтылмақ.