Облыстық балалар ауруханасына – 50 жыл
Облыстық балалар ауруханасына – 50 жыл

«Елу жылда – ел жаңа». Бұл бір мекеме үшін де білдей тарих. Жарты ғасырлық өткені бар Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасы бүгінде адам танымастай өзгерген. Жаңа заманға сай зәулім ғимарат, бүгінгі дәуірдің емдеу құрылғылары, күн сайын қарыштап дамып келе жатқан медицина ғылымының жаңалықтарымен «қаруланған» дәрігерлер… Мұның барлығы отандық медицинаға деген жаңаша көзқарастың жемісі деп бағамдасақ ағаттық емес шығар.

Кеше… 

Сонау 1962 жылдың 23 қарашасында өлкелік атқару комитетінің шешімінің негізінде ашылған облыстық балалар ауруханасы өңірлік педиатрияның кешегісі, бүгіні, ертеңі іспеттес. Сыйымдылығы 50 төсек орынға лайықталып ашылған емдеу мекемесінің алғашқы бас дәрігері кеңестік медицинада өз қолтаңбасын қалдырған Фарид Шакиров болатын. Алғаш рет науқастар осы жылдың 2 желтоқсанында жатқызыла бастады. Бұл ұжым үшін атаулы дата. Араға бір жыл салып, аурухананың бас дәрігерлігіне белгілі дәрігер Колчин Федор бекітіледі. Бұл аралық педиатриялық профильды мамандандырылған қызметінің қалыптасуымен сипатталады. Одан кейінгі жылдары мұнда балалар аурулары бөлімі – неврология, кардиоревматология, гематология, гастроэнтерология салалары бойынша емдеу шаралары жүргізіле бастады. Ел Тәуелсіздігі жарияланған тұста бұл мекемеге көптеген өзгерістер алып келді. Тоқырау заманында мұнда реанимациялық қызметтің іргетасы қаланып, 1992 жылы алғаш рет жансақтау бөлімі ашылды. Тарих беттерін одан әрі парақтасақ, 1999 жылы қалалық және балалар ауруханаларының біріктірілгеніне көз жеткіземіз. Бұл тұста балалар хирургиясы және жарақат-ортопедия, сырқат нәрестелер бөлімшелері ашылып, емдеу мекемесі көпбейінді балалар ауруханасына айналып шыға келеді. Одан кейінгі жылдары Күйік және лор бөлімшелері ауыстырылып, балалар ауруханасының құрамына кіргізіледі. Төгілген тер мен жинақталған тәжірибенің арқасында облыстық балалар ауруханасы соңғы кезде жоғары мамандандырылған нейрохирургиялық профилі бойынша медициналық көмек көрсете алатын мекеме ретінде танылып келеді. Ақ халаттылар бүгінде іштен кемтар болып туылған сәбилерге ота жасау­ды да жіті меңгерген.

Әнуарбек Маймақов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері

–  Ата-ананың ең басты мақсаты –дүниеге дені сау бала әкелу. Бір бала сырқатты болса, бұл бүкіл туған-туыстың тынышын алады. Бүгінде туа бітті ауру балалар көбейіп отыр. Оның ішінде омыртқа арасындағы жарық, қоян жырық, түрлі деңгейдегі ми, жүрек ақаулары. Сондықтан әке мен шеше жүктілікті алдымен жоспарлай білу керек. Балалардың арасы кемі  2 жарым, 3 жыл болуы қажет. Өйткені, әр балаға тиісінше, күтім жасау керек. Бұл бір. Екіншіден, бізде әйелдер ғана дәрігерге көрінеді. Дұрыс емес. Әкелердің де дәрігерлер тексеруінен өтуі керек, қажет болса ем алуы қажет. Үшінші айта кететін нәрсе, бала туылғаннан кейін әбден темірқанат болғанша қадағалап қарау қажет. Бүгінде балалардың жарақат алу жағдайлары көбейіп кетті. Балғындардың қайнаған суға, сүтке, сорпаға түсіп, күйіп қалу жағдайлары көп, үстіне теледидар құлап кетіп, жарақат алған балалар да түсіп жатады. Балаға абайлау керек. Басқа тірлік біте жатар. Ата-аналар балаларына көздерінің  қарашығындай қарағаны жөн. Осыны ескертер едім.

Ден­саулық сақтау министрлігінің бұйры­ғымен балалар ауруханасы үш об­лысқа – Қызыл­орда, Жамбыл және Оң­түстік Қазақстанға жаңа туылған балалар хирургиясынан көмек береді. Облыстық балалар ауруханасының материалдық-техникалық жағдайы, ондағы компью­терлік томография, сәулелік диаг­нос­ти­ка операцияның сәтті өтуіне сеп. Әу баста небәрі 50 орындық аурухана болып ашылған емдеу мекемесі бүгінде 400-ден астам баланың сырқатына дауа тауып беріп отыр. Міне, елу жылдықтарын тойлап отырған алқалы ұжымның еске алар естеліктері осындай.

Аурухананың алғашқы бас дәрігерлерінің бірі Федор Колчин

Бүгінгі күні жасы алпысты алқымдап қалған қарт дәрігер-гемотолог Асан Темірұлының балалар ауруханасында еңбек еткеніне табаны күректей 40 жыл болған. Балалар гемотологиясының негізін қалағандардың бірі осы кісі. Осы уақыт аралығында ол қатардағы дәрігер де болды, бөлімді де басқарды. Тәжірибелі маман қазір жас дәрігерлерді тәрбиелеп, өз шәкірттерін де шоғырландырған. Соның бірі гемотолог-дәрігер Айгерім Досболғанова өзімен қызметтес. «Сара жолымды жалғайды» деп үміт артып отырған шәкірті осы. Асан Темірұлы тәжірибесін кеңейту мақсатында көптеген шетелдерде болды. Франция, Түркия, Болгария, Израйль мемлекеттерінде болып, ондағы медицинаның жетістіктерін көзбен көрді, көңілмен ұқты. «Мұндай жағдайға біздің ел қашан қол жеткізер екен» деген арманы да алдамапты. Кезінде тәжірибесін шыңдауға барған елдерде көрген медициналық құрылғылар бұл мекемеге де лек-легімен жеткізіліп жатыр. «Бұрындары қолмен сезу, құлақпен есту арқылы атқарылатын диагностикалық әрекеттерді бүгінде ХХІ ғасырдың жетістігі саналатын УЗИ аппараты атқарады, қазіргі жағдай бұрнағыдан тіптен өзгеше, екі кезеңді салыстыруға да келмейді, аралары жер мен көктей», – дейді ол. Кезінде лейкимия дегенді ілуде бір еститінбіз. Қазір жылына ауруханаға 30 шақты бүлдіршін осы дертпен түсіп жатады. Балаларда жиі кездесетін аурулардың түрі де көп қазір. Аурухананың шежірешісі Асекеңнің өзегін өртейтін де осы жай. «Бауыр етім – балам» деп келген дәрменсіз ата-ананың нешебірін көрді. Қынжылды, көз жасына ерік те берді.

Бүгін… 

Ұжымның ауыз толтырып айтар жетістіктері де жетерлік. Хирургиялық операциялардың саны бойынша облыстық балалар ауруханасы республика деңгейінде бірінші орынға шығып отыр. Сөзіміз сенімді шығу үшін, әрине, сандарды сөйлетеміз. Ота жасаудың қыр-сырына әбден қанық қарағандылық дәрігерлер (Қарағанды облыстық балалар ауруханасында) былтыр 2874 ота жасаса, 1966 операцияны Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасы іске асырады. Ал Атырау облыстық балалар ауруханасы –1495, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында – 654 ота жасалынғаны белгілі болып отыр. Ал тақырыбымызға арқау етіп отырған Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасы былтырғы жылы өз әріптестерінен оза шауып, 4494 операцияны іске асырады. Осындай жетістіктерді ескерген Денсаулық министрлігі былтырғы жылы облыстық балалар ауруханасының базасында медицина қызметкерлеріне үздіксіз кәсіптік білім беру мақсатында халықаралық технологиялар тренингтік орталығын ашуға жағдай жасаған. Орталық қазіргі заманға сай көпфункцияланған, симуляциялық жабдықтармен және манекен-имитаторлармен жабдықталған. Барлық патологиялық педиатрия мен неонатология қазіргі заманға қажетті жұмыс дағдыларына мүмкіндік береді.

Нұрғали Орманов, облыстық онкологиялық орталықтың бас дәрігері

– Облыстық балалар ауруханасы бүгінде облысымызда жетекші, көшбасшы емдеу мекемесіне айналып отыр. Аурухана мұндай дәрежеге мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар мен басшылықтың сауатты ұйымдастыруының арқасында қол жеткізіп отыр дер едім. Ондағы материалдық-техникалық база мен дәрігерлер біліктілігі халықаралық талаптарға толықтай жауап бере алатын деңгейде деп ойлаймын. Қазір олар әріптестік байланыста шет мемлекеттермен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр. Өзінің бүгінгі талапқа сай шараларды іске асыруымен  бұл мекеме бізді де сүйсіндіріп отыр. Әріптестерімізді 50 жылдық мерейтойларымен құттықтаймыз. Негізі бекем қаланған мекеменің алдағы уақытта да атқарар ісі оңынан боларына сенім білдіреміз.

Бүгінгі таңда орталықта 1033 медицина қызметкері білімін жоғарылатқан, 105 тренинг өткізілген. Ауруханада ашылған облыстық балалар телемедицина орталығы да белсенді жұмыс істеп келеді. Еліміздің жетекші Ұлттық Ғылыми орталықтарымен және де Литвамен, Каунас денсаулық және ғылыми университетімен телемедициналық консультациялар мен бейне конференциялық байланыс жүргізуде.

Сондай-ақ емхана құрамында екі жылдан бері есту ақаулары бар науқастарға консультациялық-диагностикалық мамандандырылған көмек көрсететін сурдологиялық орталық жұмыс істейді. Жыл сайын мұнда 2000-ға жуық есту жүйесімен әртүрлі ақауы бар науқастар кешенді тексеруден өтеді. Ұжымның еңбегі де ескерусіз қалып отырған жоқ. Облыстық балалар ауруханасы былтырғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ең үздік медициналық кәсіпорны атанды.

Байырғы дәрігер, аурухана ардагері Асан Темірұлы

Медицина ғылымының соңғы жетістіктерін еркін игеріп отырған заманауи мекеме бүгінде бүкіл әлемді алаңдатып отырған ресурс үнемдеу саясатына бей-жай қарай алмайтынын көрсетіп отыр. Ауруханада 7 альтернативтік энергия көзі (күн сәулесі батареялары) құрылған. Барлық егу және жараны таңу кабинеттерінде, реанимация бөлімшелер бекеттерінде сенсорлы коспалауштар клиникалық және параклиникалық бөлімшелерде электрлік санауыштар, энергия үнемдейтін лампалар қойылған. «Күнімізге жарап отырған электр ресурсын біз осылай құнттаймыз», – дейді аурухананың шаруашылық қызметкерлері.

Ертең…

Ел білетін аптал азамат, медицина ғылымдарының кандидаты Әнуарбек Маймақов қазір осы аурухананың бас дәрігерінің қызметін атқарады. Аурухана болашағын басшыдан артық білетін адам жоқ әрине. Сондықтан біз бас дәрігермен дидарласып, аурухананың алдағы уақыттағы ахуалын сұрадық.

Әрине, отандық медицина бүгінде қарыштап дамып келеді. Мемлекет халықтың денсаулығын қазір бірінші кезекке шығарып отыр,- дейді аурухананың бас дәрігері Ә.Маймақов. – Сондықтан қажетті жағдайлардың барлығын жасап берді бізге. Бұрындары шет мемлекеттерде жасалатын оталарды қазір өзімізде іске асыратын болдық. Медицинасы озық елдерден түрлі құрылғылар келіп жатыр. Ендігі мәселе – дәрігерлердің біліктілігін арттыру керек. Дәрігерлер сол құрылғылармен, жаңаша жүйемен емін-еркін жұмыс істеп, озық тәжірибелерді игеруі тиіс. Осы мақсатты біз жыл сайын сатылап іске асырып отырмыз. Дәрігерлердің біліктілігін жолға қойып алсақ, біздің медицинаның, оның ішінде педиатрияның алар асуы көп болмақ.

Мақпал РЫСБАЕВА