Түркістан: Балалар ауруханасының ішінен ойын алаңдары ашылды

25

 

Қасиетті Рамазан айында Түркістан облыстық балалар ауруханасының үш бөлімшесінде ойын алаңдары ашылды.

Аурухана ішінен ашылған ойын алаңдары DANA_DENT_ ЖШС мен SPROMEBEL компаниясының демеушілігімен толықтай дайындалып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Балалар үшін аурухананың педиатрия, офтальмология және онкогематология бөлімшелеріндегі ойын алаңдары заманауи стильмен әрлендіріп, жұмсақ жиһаздар мен қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Демеушілік жасаған компания өкілдері бұл игі істі Наурызнама мерекелік бағдарламасына сай 15-наурыз Қайырымдылық күніне орайластырған.

Жаңадан ашылған ойын алаңшаларында балалар әр түрлі ойындар ойнап, сурет салып, кітап оқуға мүмкіндіктері бар. Әсіресе күрделі дертке шалдығып,ауруханада ұзақ уақыт ем алатын науқас балалардың ата аналары бұл жағдайға дән риза.

Аурухана ұжымы демеушілік танытқан жомарт кәсіпкерлерге алғысын білдіреді. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың сауығуында эмоциялық қолдаудың маңызы зор. Жаңадан ашылған ойын алаңдарында балалар күнделікті емнен бір сәт сергіп, қуанышқа бөленеді.