Шымкентте күйік шалып, ауруханаға түскен балалар саны көбейген

133

Шымкентте күйік шалып, ауруханаға түскен балалар саны көбейген. Ақ халаттылар осылай деп дабыл қағып отыр. Өткен жылы медицина мекемесіне күйік шалған 648 науқас қаралып, 251 балаға стационарлық көмек көрсетіліпті. Ал биыл тамыз айындағы жағдай бойынша науқас саны артты дейді дәрігерлер.

7 ай ішінде 499 бала қаралып, 179 бала ем қабылдаған. Дәрігерлер ата-аналарды қауіпсіздікті сақтауға шақырып, күйіп қалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай медицина қызметкерлеріне жүгіну керек дейді.

Бұл Шымкенттегі балалар ауруханасының күйік шалған науқастарға арналған бөлімі. Қазіргі таңда 10 бала бөлімшеде, 1 науқас жан сақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, 6 айдан 3 жасқа дейін балалардың басым бөлігі ыстық судан жарақаттанады, ал жасы үлкендері ойнап жүріп отқа күйеді дейді. Ақ халаттылар оқыс оқиғаға тап болған кезде өздігінен ем қабылдамай бірден медицина мамандарына жүгіну керек екенін ескертеді.

Нұрпейіс Шірінбек, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігер-комбустиологі: «Бізге тәуіптен емделіп келген 6 жасар ауыр жағдайда бала түскен болатын. Түскен кезде жағдайы өте ауыр болды. Өйткені күйіктік аурудың ауыр дәрежесі жедел токсемия сатысында түскен болатын. Қосымша тәуіптің белгісіз жаққан заттары сол жара арқылы қанға сіңіп, организмдегі барлық өмірге маңызды мүшелерді зақымдайды».

Бұған дейін денесі 25 пайыз күйік шалған бала жан-сақтау бөлімінде ем қабылдапты. Ал бүгін дәрігерлердің жоғары мамандандырылған көмегінің арқасында бөлімшеге ауыстырылып отыр. Сондай-ақ, науқас жағдайының бірқалыпқа түсуіне біріккен Араб әмірлігінен гуманитарлық көмек ретінде берілген аппараттың да көп септігі тиді дейді.

Заңғар Баймаханов, дәрігер-реаниматолог, эфферентолог: «Бұл аппарат адам ағзасындағы 50 000 дальтонға дейінгі инфекцион токсиндерді алып шығуға мүмкіншілік береді. Науқасымыз осы аппараттың арқасында оңалып, беті бері қарап бөлімшеге ауыстырылды».

Аурухана пациенттері балаларының өмірін сақтап қалғаны үшін ақ халаттыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, басқа да ата-аналарға қауіпсіздікті сақтап, перзенттерінің өміріне бей-жай қарамауға шақырды.

Әйкерім Хайпова, күйік шалған баланың анасы: «Балам тефальдағы қайнаған суды тартып қалды, үйде жедел жәрдем келем дегенінше өзіміз жәрдем көрсеттік. Мұнда келгенімізде температура болды,  ыстық болды бала. Дәрігерлер бірінші көмегін көрсетті. Енді ата-аналарға айтарым, барынша сақ болып, қайнаған су дегендерден абай болуға шақырамын».

Баласының денесі 15 пайыз күйік шалған Сандуғаш Мырзабекова да ақ халаттылардың еңбегі ерен дейді. Айтуынша, өртеніп жатқан қоқыс жанында тұрған баласы ішінен атылған заттың кесірінен күйіп қалған. Алғашында жан сақтау бөліміне түскен науқастың қазіргі жағдайы бірқалыпты екен.

Сандуғаш Мырзабекова, күйік шалған баланың анасы: «Бірінші жедел жәрдем шақырдық. Сосын балам реанимацияға түсіп қалды. Аллаға шүкір, дәрігерлердің арқасында осы балам жақсарып, реанимациядан шығып өзім қасыма алып жақсарып келеміз. Дәрігерлерге үлкен рақметімізді айтамыз».

Мамандардың мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда күйік шалған балалар саны көйбейген. Айталық, бұл диагнозбен өткен жылы 648 науқас қаралып, 251 балаға стационарлық көмек көрсетілген. Ал биыл 7 айдың өзінде 499 бала қаралып, 179 бала ауруханаға жатқызылыпты.

Мөлдір Ибадуллаева