Зейнетақыны күткен қариялар

 

Зейнетақыны күткен қариялар

Таңғы алтыдан табанымыздан сыз өтіп, тікеден тік тұрып, кезек күтудеміз! Бірақ банктегілер зейнетақымызды беруге асығар емес. Бүгін шымкенттік зейнеткерлер осылай деп арнамызға хабарласқан болатын.

Тек қариялардан құралған мына қалың қауым таңғы алтыдан бері табанынан сыз өткізіп, тоңғанына қарамастан кезекте тұр. Кешелі бері ақшадан тарыққан қарттар зейнетақысын осы жерде күтумен әуре.

Екі күннен бері күте-күте қариялардың да жүйкесі тозған. Ақшаны қай ауқытта ала алатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені банктің есігінде күзет жолатпайды. Ал мамандардың тысқа шығып, түсінік бергісі келмейді. Тіпті, түсіру тобы да есіктен қайтты.

Нақты жауап алу үшін Халық банкінің облыстық филиалының есігін қақтық. Мұндағылар бүгін-ертең зейнетақы беріледі деп отыр. Бұл кешігу кешегі мерекеге байланысты дейді.

Айдың алғашқы күндеріне мерекелер сәйкес келсе, осындай кешіктірулерден келеңсіздіктер туындайды. Ақшаның аударылуы бірінші кезекте зейнетақы төлеу орталықтарына байланысты дейді банк өкілдері. Мәселе бүгін-ертең-ақ шешіледі. Тек табанынан тозып, белі талып, суықтан тоңған зейнеткерлерден обал-ақ.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=nEW5_xWjG2A[/youtube]