Мұндай тренингтер бұған дейін аудан-қалалардағы барлық жастар орталықтарында өткен болатын
Мұндай тренингтер бұған дейін аудан-қалалардағы барлық жастар орталықтарында өткен болатын

Облыстық жастар орталығы облыстағы мектептердің бітіруші түлектеріне, оның ішінде «Алтын белгіден» үміткер 180-нен астам оқушыға арнайы тренинг өткізді. Мақсат айқын. Сүйіп таңдаған мамандық арқылы ғана үлкен белестерді бағындыруға болатынын жасөспірімдерге түсіндіру. Сондай-ақ, бұл қорытынды жиын Алашорда Ұлттық үкіметінің 95 жылдығына арналды.

Алдағы 10 жылда елімізде 370 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады. Сондықтан бізге білікті инженер, тамақ өнеркәсібінің маманы, жеміс өсіру технологтары қазіргіден де қатты қажет болады. Сондықтан бәсекеге қабілетті маманды осы бастан сайлау қажет. Жастар орталығы жетекшілігінің бітіріруші түлектерге негізінен осы мамандықтарды үгіттеуі де сондықтан.

Дамир Жүнісов, Облыстық жастар орталығы директорының орынбасары: Бұл тренингті өткізуге себеп болған Маңғыстау және Ақтаудағы жастардың жұмыссыздық мәселесі. Статистикаға қарасақ, сондағы әріптестермен әңгімелесу барысын бақыласақ, ол жақтағы жастардың көбісі дұрыс мамандық таңдамаған. Көбісі жұмыссыз қалып жатыр. Яғни ауылына қайтып жатқандары көп. Ішкілікке салынып, болмаса түрлі ағымдарға өтіп кетуіне байланысты біздер жастар орталығы болып ойландық. Қандай өзгеріс енгізе аламыз дедік. Яғни біздің қолдан ақша беру келмейді. Біздің бағытымыз жастарды дұрыс жолға салу. Болашақта өзінің болашағын айқындап беру. Бұған бір жағынан көмек болған әрине Елбасымыздың жақындағы сөзі. Ашылатын жұмыс орындарының саны. Және қажетті мамандықтардың тізімі. Соған бағыттап қазіргі кезде біз жұмыс атқарып жатырмыз. Бұл жоғарыдан келген белгілі тапсырма да емес. Бұндай шара басқа облыстардың ешқайсысында жүзеге асырылып жатқан жоқ. Бірақ болашақта біз осы ұсыныспен шығуды жоспарлап отырмыз».

Түрлі ойындар мен жаттығулар жасатқан аға буын өкілдері мақсатқа жету үшін адам өмірінде қандай қиындықтардың қабаттасып, нендей кедергілердің тап болуы мүмкін екенін түсіндіргісі келді. Әрине, болашағыңыздың жарқын болуына таңдалған мамандық та әсерсіз емес.

Көшбасшылық, мамандық таңдау, білікті маман және қоршаған ортаға қызмет ету бағыттары бойынша өткерілген жаттығуға қатысқан болашақ алтын белгі иегерлері енді өзге де құрбыларына тренингтен түйген ойын жеткізіп, қоғамға қажетті мамандықты таңдауға бағыт беруі тиіс. Тек үздіктерді жинағандағы түпкі ойдың төркіні де осыған саяды.