Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында жазушы Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» шығармасы сахналандырылды. Пьеса мазмұны Қонақбай ағайдың жалғыз ұлы Жұрнақтың қайғылы тағдыры жайына құрылған.
Мәскеудегі оқуын қызыл дипломмен бітіруге 5 ай қалғанында Алматыдағы сүйіктісіне келген Жұрнақ Желтоқсан оқиғасына тап болады. Белгісіз себептермен көтерілісті ұйымдастырушы ретінде қуғынға ұшыраған ол соққыға жығылып, абақтыға жабылады. Тағдыр теперіші кейіпкерді жындануға соқтырады.
Мархабат Байғұт, жазушы: «Әңгімеге айналдырғанда да ауыр болды, әсіресе, трагедияға айналдырған кезде мен талай рет жыладым. Еңіреп жүріп, Жұрнағыма жаным ашып жүріп, Алма екеуінің тағдырын ойлап, шейіт кеткен жандарды ойлап талай жыладым. Бейнесіне кірдім. Мектептерде қойылып, оқушылар да, мұғалімдер де жылап жүрді».
Кейіпкер есімінің Жұрнақ аталуында да сыр бар. Бұл желтоқсан оқиғасы кезінде езгіге түскен қазақ жастарының, ары мен намысы тапталып, жоғалған қаракөздердің символы ретінде ойластырылған. Автор желтоқсанның ащы шындығын кейіпкерінің басына түскен зауал арқылы жалпы жұртқа түсіндіргісі келген.
Ерсінбек Аманғалиев, Жұрнақтың рөлін сомдаушы: «Бұл образды шығару өте қиын болды. Жанын, бәрін түсіндім. Бірақ соған кіру қиын болды. Келесі өмірде жынды болып кеткен образына кіру қиын болды. Не ойлады ол кісі? Жан-жағынан зерттеу керек болды».
Қойылымның қоюшы-режиссері Иманәлі Сапаров. Режиссердің Жұрнақтың жайын сөз етуші тұрғындарды залға отырғызып, сахнамен көрерменді байланыстыруы сәтті шыққан. Премьераға келген көрерменнің көптігі сондай, залда ине шанжар жер болмады.
Күлтай Баялова, көрермен: «Шынын айтқанда, спектакльді көріп өте қобалжып отырдым. Егемендігін аламыз деп қазақ жастары не деген ерлік істеген?! Мысалы, тепсе темір үзетін жігіттерімізді сонша қорлап, ұрып соғып, ақыр аяғында мынадай мүгедектікке апарған. Ал қазір біз Тәуелсіз бақытты елде өмір сүріп жатырмыз. Қойылымды көріп егемендігіміздің қадірін түсінгендеймін. Қазақтың жастары қашанда аман болсын».
2005 жылы жазылған туынды алғашында мектептер мен оқу орындарында ғана сахналандырылған болатын. Автор желтоқсан шындығын баяндайтын әлі де талай туындының жарыққа шығып, елге осындай үлкен сахналарда тарту етілеріне сенімді екенін айтады.