Қара шаңырақ бас режиссерсіз отыр

режиссер 39 лездеменің 20-на себепсіз қатыспаған
режиссер 39 лездеменің 20-на себепсіз қатыспаған
режиссер 39 лездеменің 20-на себепсіз қатыспаған

Театрдан шу шықты.

Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры 80-ші мерейтойлы маусым ашары қарсаңында көркемдік жетекшісіз қалды. Осыдан бір жыл бұрын режиссер Ерғали Уразымбетов (құжат бойынша осылай болғандықтан тегін өзгеріссіз қалдырдық-автор) пен облыстық мәдениет басқармасы түзген келісімшарт мерзімі үстіміздегі жылдың 3-ші қаңтарында тоқтатылды. Бірақ біздің айтайын деп отырғанымыз сол келісімшарттың ары қарай созылмай қалуының себептері жайлы болмақ. Ерғали Уразымбетовпен әрі қарай жұмыс жасауды жалғастырудан облыстық мәдениет басқармасының басшысы неге бас тартты?

Бұл орайда Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының директоры Бастарбек Пірімбетов бұрынғы көркемдік жетекші өзіне міндеттелген негізгі құрылымдық міндеттерді атқармады және атқаруға құлқы жоқ дегенді алға тартып отыр. Мәселенің мән-жайын білмек болып, театрдың директоры Бастарбек Пірімбетовты сөзге тартқан болатынбыз.

Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры 80-ші мерейтойлы маусым ашары қарсаңында көркемдік жетекшісіз қалды
Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры 80-ші мерейтойлы маусым ашары қарсаңында көркемдік жетекшісіз қалды

– Көркемдік жетекші деген тек театр сахнасында қойылатын өзінің ғана қойылымына жауап бермейді. Ол спектакльдердің сапасына, яғни өзге режиссерлардың жұмысына баға беріп, дұрыс емесін түзеуі керек, – дейді Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының директоры Бастарбек Пірімбетов. – Ұжымдағы барлық әртістердің ойынын саралап, оларға бағыт-бағдар беру де осы лауазымдағы қызметкердің құзырында. Әрқайсысының шеберлігін шыңдау үшін жұмыс жасауы қажет. Алайда ол бұл қызметтерді Ерғали Уразымбетов атқарған жоқ. Жұмысқа ешқашан сағат 9-да келген емес. 11-де келіп, 4-те кетіп қалады. Сонда жоғарыда айтып өткен міндеттерді кім орындайды? Бұл театр ішіндегі атқаратын жұмыстар. Ал облыста өтетін іс-шараларға қатысты әңгіме бір бөлек. Ақын-жазушылардың кештері өтеді. Оған да театр жауапты.

Мәселен, жақында қаламгер Дулат Исабековтің 70 жылдық мерейтойын өткізу керек болды. Оны ұйымдастыруға, көркемдік жағына жауапты болуы тиіс екеніне қарамастан, адамдық тұрғыдан өтініш жасадық. Ол кісіні сізден артық білетін адам жоқ, шығармашылық тұрғыдан бірге жұмыс жасайсыз дегенімде, жасамаймын, жасайтындар жасай берсін деген жауап алдым. Асанәлі Әшімовтың, Айша Абдуллинаның шығармашылық кешін өткізетін кезде де осылай болған. Ж. Шаниннің 120 жылдығын қосыңыз оған. Жоқ, мен жасамаймын деді. Болды. Оларды өткізуге тапсырма берген мәдениет басқармасына көркемдік жетекшісі жасағысы келмейді дейміз бе сонда? Соңғы кезде көптеген жиындарда театрдың көркемдік жағына көптеген сындар айтылып жүргені жасырын емес. Бұл жағынан ақсаңқырап жатқандығын айтып Ерғали Уразымбетовке ескерттім. Міне, енді соңғы екі жылдың көлеміндегі жұмыстарды саралап қарадым. Ол кісінің режиссерлық шеберлігіне таласым жоқ. Көркемдік жетекші ретінде театрдағы жоғарыда айтып өткен міндеттерді орындамайтын болса, маған қандай өкпесі бар? Жұмыстың аты жұмыс.

– Ол кісі соңғы уақытта науқастанып жүргенге ұқсайды ғой.. Біз хабарласқанымызда «денсаулығыма байланысты қазір сұхбат бере алмаймын» деген жауап алған едік… 

– Түркістан театрынан келген жылы, яғни 2011 жылы «Іздеп таптым сені» атты спектаклін қойды. Одан кейін еңбекке жарамсыздығына байланыс-ты сол жылы 3 айдан астам уақыт жұмыстан босатылды. Кейін 1 ай демалыс бердік. Инфаркт алды. Оның бәрі рас. Дегенмен, қызмет бабын қайтеміз?! Мекеменің қызметкерлерімен өткізетін міндетті жиналысы ше? Отырыста тапсырмалар беріледі. Егерде 1 жылда 39 рет өткен сол лездемеге ол кісі 20 рет себепсіз қатыспаса, көркемдік жетекші тапсырманы қалай алып, қалай орындайды? Келесі жылы да солай болды. 35 рет өтсе, соның біреуіне ғана қатысты. Айтатыны «ауырып тұрмын», әйтеуір міндетті түрде жиналыс- тардан бас тартады.

– Сонда сіздерде көркемдік жетекшінің қызметін кім атқарып келген?

– Жаңа жылдық бағдарламаға бір ай бұрын тапсырма бердім. Қадағалауды көркемдік жетекшіге міндеттедім. Бір апта жұмысқа келмеді. Амалсыздан сатира және әзіл-сықақ театрының режиссерін шақыртып қойғыздым. Өйткені барлық мекемелермен келісімшарт түзісіп қойған едік. Осы жұмысты көркемдік жетекші ұйымдастыруы қажет еді. Желтоқсанның 24-нен 29-на дейін жұмысқа келмеді. Еңбек тәртібі бойынша себепсіз 3 сағат жұмыста болмаған адамды жұмыстан шығарып жібереді ғой.

– Енді…

– Ол кісі кетті деп, театр-да жұмыс тоқтап қалмайды. Әскер Құлдановтың режис-серлығымен «Қасірет қақпаны» атты спектальді сахнаға шығарамыз деп жоспарлап отырмыз.

Ғалия ҚЫЛЫШБАЕВА

Айтпақшы….

Мәселенің мән-жайымен таныспақ болып театрға арнайы барғанымызда театрдың фойесінде екі жаққа бөлінген бір топ әртістерді көзіміз шалды. «Біздің де уәжімізді тыңдасаңыз» деп тұрғанын сездік. Сөйттік те, олардың да пікірін білуді жөн санадық. Бір топ әртіс «Ерғали Уразымбетовті театрға қайта жұмысқа алсын» деген талабын жеткізді. Бір қызығы олардың арасында өткен жылы дәл осы режиссердың жұмыстан кетуін талап еткендер бар. Не десек те, қара шаңырақ әзірге бас режиссерсіз отыр. Солай екен деп театрдағы тіршілік тоқтап қалмағанын да байқадық. Дайындық қыза түскен. Дегенмен, жыл сайын қазақ драма театрынан бір шидің шығып тұратыны несі?! Бұрынғысын айтпағанда, дәл бүгінгі таңда облыстағы өзге 7 театр үлгі тұтатын ұжымдағы жағдай осылай боп тұр. Театрдың ішкі жұмысының сыртқа, республикаға әйгілі болып кететіні де қынжылтады.

P.S. Ерғали Уразымбетовтен осы мәселеге қатысты пікірін сұрағанымызда сұхбат беруден бас тартты. Дегенмен, өз пікірін айтамын десе газетімізден алдағы уақытта орын беруге дайынбыз.

Сіз не дейсіз?

Ақсақал Қалмырзаев, ҚР Халық әртісі

– Ол кісі жұмыс барысында біреуді жақтырмай қалса, кейін ол бәрі шебер атқарған жағдайда, оны төмендетеді. Жастар мен үлкендер арасына жік салып, міндетті түрде екі жақты кикілжіңнің себепкері болып жүретіні жасырын емес. Ауызбіршілік қайдан болады сосын. Қанша жерден мықты маман болса да, адамгершілік қасиеттен аттамағаны жақсы ғой. Әй, «народный», әй, «заслуженный» деп марапатымызды әйтеуір бір айтып, кемсітіп отырады. Мұндай адаммен кім жұмыс жасағысы келеді?

Әнипа Қарабекова, театр әртісі

– Біз мәдениет басқармасының бастығы Күлия Смайылханқызына біздің бұрынғы көркемдік жетекшіміз Ерғали Уразымбетовтің еңбек шартын әрі қарай ұзартуын сұрап өтініш жаздық. Ол кісіден бұл театрдың директорының құзырындағы мәселе деген жауап келді. Екінші рет тағы жаздық. Одан кейін жауап келген жоқ. Ал өткен жылы Уразымбетовтің кетуіне қарсы болған себебім, ақшаға байланыс-ты болған-ды. Сол кезде жалақымыздан қысқартқан соң, солай дегенбіз…

Өтеулі Тастанбеков, театрдың режиссері

– 2011 жылдан бері Ерғали Уразымбетов көркемдік жетекші ретінде мәдени шаралардың ешқайсысына қатысқан емес. Ол жұмыстардың барлығын Иманәлі Сапаров, мен және Әскер Құлданов үшеуміз атқарамыз. Ол кісі тіпті бізбен пікірлеспек түгілі амандаспайды да. Енді ондай  кісімен ұжым қалай жұмыс істейді?

Серік Балқыбеков, театрдың әртісі

– Ерғали Уразымбетов Қазақстанға ғана емес, әлемге  белгілі үлкен режиссер. Осыған қарамастан ең керек режиссерімізді түрлі себептермен шығарып салуы біздің ызамызды келтірді. Бізде біраз зейнеткерлер жұмыс істейді. Ал Уразымбетовтің орны басқа. Ол кісіні қалайда театрымызға оралуы үшін барлық жолдарын қарастырып жатырмыз. Бізге ол режиссер керек. Онсыз театр құлайды. Қазақтың өнері жоғалады. Ол кісінің алдында үлкен мақсаттары бар. Ерғали Уразымбетов  «Абылайханды» қоямыз деген еді. Ол кісіге қарсы шығу қазақ театр өнеріне қарсы шығу болып табылады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ZivuFmVN4xI[/youtube]