Әліпби бәйгесі басталды

Әліппеміз бір ғасырда 3 рет ауысты
Әліппеміз бір ғасырда 3 рет ауысты
Әліппеміз бір ғасырда 3 рет ауысты

«Ат айналып қазығын табар» деген осы шығар, төл тарихында бірнеше әліпби ауыстырған Қазақстан қайта айналып латын әліпбиіне қарай ойысты.  Тарихтан белгілі ертеректе Дунайдан дөң Алтайға дейінгі аралық арабша хат таныды. Заман өзгеріп, билікке коммунистер келді. Сөйтті де, түріктің тілін, жазу тұтастығын бұзды. Бір ғасырда үш рет әліппемізді өзгерттік.

«Арабшамыз жарамсыз» деп танылып, латын алфавитін қабылдадық. Ал сол кезде ортаазиялық түріктерден жырақ қалмас үшін Түркия да латынға өтті. Қызыл империя 1939 жылы күштеп кириллді бізге қабылдатты. «Түркі әлемінен арамыз ажырап қалды» деп біз даурығып жүргенде, өзбек, түрікмен, әзірбайжан латынға бет бұрып кетті. Табиғатынан асықпайтын  қазақ қоғамы енді 12 жылды артқа тастаған соң барып, латынға өткелі тұр.  Яғни алда бір мүшелдік уақыт бар әлі.

Жалпы, әліпби төңірегіндегі талқылаулар қоғамдық ортаның күн тәртібінен 20 жыл бойы түскен емес. Біреу жарты әлем қолданатын латын таңбасын қуана қолдаса, біреу көз үйреніп, қол жаттыққан кирилімізде қала берейік деп табандайды. Енді бірі ақыры әліпби реформасын жасайды екенбіз, онда еврейлер секілді ата жазуды жаңғыртайық, көне түркі жазуына бірақ көшейік деп шықты. Қалай дегенмен, нүктесі қойылып, уақыты межеленді. Тақырып алқалы жиындарда талқыланып, тілші-ғалымдарымыз өз жобаларын ұсынып жатыр бүгінде. Қазақстандық жаңа әріптің түрлі нұсқаларымен танысып жатырмыз. Жобаның аты жоба, діттелген уақытқа дейін әлі сан рет түзеліп-күзелер. Бірақ бір анығы, дыбыстар айтарлықтай өзгеріске ұшырайды.

Реформа негізі үш қағиданы – дыбыс, әліпби және емле-ережені бірдей қамтиды. Тағы бір тиімді тұсы, егер латын таңбаларын дұрыс қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады. Демек, қазақтың төл дыбыстары түгенделіп, соған сай таңба саны қысқарады. Әрине, таңбаларды қысқартып, артығын отандық лингвистер борышына бергелі жатқан жоқ. Қазақ тілінің үндестігіне басымдық беріп, қоғамға ықшамды әрі үйренуіне оңай әліпби ұсынуды мақсат етіп отыр. Жақында Астанада «Аманат» пікір сайыс клубында латын әліпбиі жан-жақты талқыланған алқалы жиын өтті. Филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің нұсқасы алға тартылды. Профессордың ойынша, қазақ әліпбиін ұлттық үлгіге түсіріп, қазақ сөзінің айтылым-жазылым үйлесімін орнықтыру керек. Ол үшін алдымен дайындық қажет, сауат ашып алған жөн. Көпшілік үшін қазақ мәтінінің әліпби дыбыс жазбасын (транскрипциясын) дайындау қажет. Мәселен, латынға өткенде қазақ сөзі «ми» емес «мый», «су» емес «сұу», «ки» емес «кій», «ит» емес «ійт», «ою» емес «ойұу» болып өзгереді. Ал х, һ таңбаларын жасанды дыбыстап жатамыз, бірақ ол тіл заңдылығына жатпайды. Екінші кезекте «әліпби дыбыс жазбасына» лайық морфем, буын, тасымал емле-ережелерін қайта дайындау керек. Үшінші – қазақ тілінің төл дыбыс-тарына берілген балама латын таңбаларына көз үйретіп, қол жаттықтыру бар.

Содан кейін барып, латын графикасы негізіндегі қазақ жазуына батыл көшуге болады. Бұл тұста оқу орындары үшін жазба құралдарының дайындығына кететін уақытты есепке алуға тура келеді. Дегенмен, бұрынғыдай қорғасын сапырып, тарсыл-гүрсіл болып жатқан бас-паханалар жоқ. Компьютердің кілтімен кирилшеден латыншаға қас қағымда аударып алуға болады. Ағылшын тілін жаппай оқып жатқан балаларға қазақ латыншасына жаттығу қиындық туғызбайды. Профессордың есебінше, қазақ латыншасының көз жаттамы мен қол дағдысын қатар игеріп алуға, арысы екі-үш жыл жеткілікті.

Қытайдағы қандасымызда латын әліпбиінің жаңа жобасын жасап шықты. Шыңжаң педагогикалық университетінің магистранты Болатбек Керімнің жобасы қазақ әліпбиінің бұрынғы Қайдаров латын қарпінің нұсқасы негізінде және ағылшын тіліндегі 26 әріптің халықаралық фонетикалық заңдылықтарына сай жасалды. «Түрік ағайындар бір жағынан нүктелер, үтірлер қойып жатыр. Бізде ондай күрделілік болмауға тиіс» деген пікірде ол. Қазақ тіліндегі 26 әріптен асып қалған дыбыстар белгілі заңдылықтар бойынша әріптердің қосарлануы арқылы таңбаланды. Бұл жобада өзге ұлт тілдерінен енген «ф, в, х, һ, ц» дыбыстары да толық қамтылған. Ал жобада өз тілімізде дайын дыбысталу нұсқасы бар «э» болса «е» әрпімен ұқсас таңбаланыпты. «И, Й» әріптерінің орнына «J» қарпін қолданған жас тіл маманы «I»-ні жіңішкелік белгісінің орнына алыпты. Яғни, «ә-ia, ө-io, ү-iu» деп қолдансақ ыңғайлы болатын сияқты», – дейді ол. «Ң» әрпі ағылшынша дыбысталуы негізінде «ng» деп алынып, «Ң» мен «Г» қатар келген кезде ортасына «’» белгісін қосу арқылы таңбаланатыны көрсетілген. Мысалы, сәнгер-sian’ger.

Бейресми мәліметтерге қарағанда, әліпби ауыстыру әңгімесі көтерілгелі бері жүзге тарта жоба жарық көріпті. Әліпбиін заңдастырып, куәлік қағазын (патентін) жалаулатып, әліпбиіне өз атын беріп жүргендер де баршылық, – дейді осы тақырыпты талқылап жүрген тілші-ғалымдар. Тіпті қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей-ақ жоба ұсынып жатқандар да баршылық көрінеді. Таңба мен дыбысты шатастырып алып шапқылап жоба ұсынып жатқандардың да қарасы көп. Профессор Ә.Жүсіпбектің сөзіне сенсек, 42 кирилл әрпін 26 түймешеге қалай сыйдырам деп әлек болып жатқандар да жоқ емес сыңайлы. Соның нәтижесінде таңба құрамында бірізділік жоқ. Есесіне, сөздің оқылым-жазылымында әдістемелік қайшылық көп.

Түйін: Әліпби бәйгесіне ат қоспа дейтін тыйым жоқ, әрине. Бәсеке бар жерде сапаның болатынын да жоққа шығарғымыз келмейді. Әліпби науқанына жоба авторларының түгел қатысатынына күмән жоқ. Әлгі «патентін» жалаулатқан да, таңба мен дыбысты ажырата алмай жүргендер де өз «нұсқаларын» ұсынып бағады. Бірақ бізге сол жүздіктен жүйрік жобаны жазбай тану қажет. Онсыз да «кириллмен» көп уақыт оздырып алған қазақ қоғамына енді жаңылысқан жарамайды. Оның үстіне реформадан көз аша алмай келе жатқан біздерге ұғынықты, ықшамды, үйренуге қолай келетін әліпби қажет. Қалай болғанда да отандық лингвистердің сыналар тұсы осы болмақ.

Сіз не дейсіз?

Мақсат Айтымбетов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дын оқытушысы

– Бұл деген, сөз жоқ тарихи әділеттіліктің салтанат құруы болмақ. Нәтижесінде, 1940 жылға дейін қолданыста болған латын әліпбиі қайта қалпына келіп, келмеске кеткен қызыл империяның солақай шешімі де бақилық болады. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілін әйгілеп қана қоймай, көкжиегін де кеңейтеді. Шетелдегі қазақ диаспорасының ақпарат алуда кедергілерге тап болып жатқандығы белгілі. Бүкіл әлем ортақ қаріпке жаппай көшіп жатқанда кириллицада қалу жан-жақты дамуды баяулатады. Біз өзіміздің тілімізді жаңа деңгейге, жаңа формацияға көшіруге, тіпті қазақтың санасын жаңа деңгейге көтеру үшін осы қадамға баруымыз керек. Соңғы 90 жылдың ішінде қазақ әліпбиі бірнеше рет өзгеріске ұшырап араб алфавиті, одан төте жазу, одан кейін латын қарпі, соңында кириллицаға дейінгі күрделі жолдан өтті. Енді аз уақыт ішінде латын әліпбиіне көшкен Әзірбайжан мен Өзбекстан тәжірибесі ескерілуі керек. Жобаларын ұсынып отырған ғалымдар осыны ұстанса екен.

Нұржан Сәдірбекұлы, аудармашы

– Әліппе нейролингвистикамен, социологиямен, психолингвистикамен байланысты. Егер бұл ғылыми салалар арқылы зерттеп қарастыратын болсақ, әліппе реформасының ұлтымызға келтіретін қауіптерді байқауға болады. Әліппе реформасы сөйлеу тілімізге, психологиямызға, ойлауымызға, қоғамымызға кері әсер ететіндігін түсінуіміз керек. Халықтың жаппай сауаттылық жағдайында жазба тілінің сөйлеу тіліне қатты әсер ететіні белгілі. Латын әліппесі біздің қазіргі осы қолданып жүрген кирилл әліппесіне қарағанда кедей, сондықтан латынның кемшілігі тілімізге әсер етпей қоймайды. Латын әліппесін мемлекеттік ұлттық дәрежеде толық қабылдасақ, тіліміз өзгеріске түседі. Қазақ тілінің дыбыс байлығы кеміп сақауланып, кекештеніп қалады. Жоғарыда айтылғандай жазба тілі сөйлеу тіліне әсер етеді. Яғни адамдар қалай жазылса солай оқиды, солай сөйлеуге әдеттенеді. Құйрықты әріптер мен нүктелі әріптер (ş, ç, ü, ğ, ö)қаптап кетеді. Екінші бір вариант ретінде ұсынылып отырған диграф, триграфтар ng, sh,sch, gh, ae, uw, ch, ya, yu т.б. Бұлар да тілімізді бұзады. Бір әріпті екі әріппен жазуға үйрену оңай шаруа емес және мәтіндегі таңбалардың саны көбейеді. Кириллицамен жазылған жұқа кітаптар латынның диграф, триграфтарымен жазылған кезде қалыңдап шыға келеді. Мысалы, өзбек радио дикторларын тыңдап көріңіз. Өзбекшеде «ң» дыбысы бар, бірақ таңбалануы диграфпен «нг» түрінде. Бұл олардың кириллицаға өту кезінде жіберген қателігі, бұл қателікті латынға өткенде де қайталады. Кейбір өзбек жас дикторлар мәтінде қалай жазылса дәл сол күйінде айтады. Жазба тілінің сөйлеу тіліне әсерін басқа да мысалдармен түсіндіре беруге болады. Сондықтан мен әліппе мәселесінде консерваторлық көзқарасты ұстанамын. Латын әліппесін тек коммуникация, информатика, техника саласында, кириллицаға альтернатива ретінде қолдануға болады.

Бегман Ысқақ, ОҚМПИ профессоры

– Біз латын әліпбиіне көшуге пісіп жетілдік. Қазақтардың саны көбейді. Ауысу неге керек дейтін болсақ. Біріншіден түркі халқының басым бөлігі латын алфавитімен жүреді. Түркия, Әзірбайжан, өзбек, қырғыз. Аз ғана түріктер  түрлі алфавитті қолданамыз. Түркілер бас қосуы үшін, ортақ келісімдерге келгенде, сұхбат жүргізгенде мұның пайдасы болады деп санаймын. Оның үстіне бұрын орыс тілін білмесең сауатсызсың деп кириллицаға көшкен болсақ, енді дүниежүзі ағылшын тілін қолданып отыр. Ал ол сәйкесінше латын әліппесімен жүргізіледі. Қазіргі күнде біздегі латын әліппесінің  түрлі нұсқасы ұсынылып отыр. Біз де өзіміздің ойымызды жібердік. Кейбіреулер өзімізге тән а, ә, ң, ғ әріптерінің үстіне  сызықша қоюды ұсынып отыр. Ал меніңше, бұл техникалық жағынан қиындықтар туғызады. Компьютер тіліне көшіру қиын. Менің пікірімше, тіліміздің өзіндік ерекшеліктеріне тән әріптерге «һ» әрпін қосу керек. Мәселен, «ң» – нһ, ө-оһ деген секілді. Біздің ОҚМПИ-да студенттер ағылшын тілінде оқиды да, онда латын алфавитін қолданады. Оқуды тәмамдаған соң, осы алфавитте оқытатын деңгейге жеткіземіз.