Ертең, 31 қаңтар Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада құқық қорғау органдарының басшы құрамымен болған кеңесте мәлімдеді.
Ақордада құқық қорғау органдарының басшы құрамымен кеңесті ашқан Қазақстан Президенті ұшақ апатынан қаза болғандардың барлығының отбасына, туған-туыстарына тағы да көңіл айтты.
— Менің тапсырмаммен қайғының себептерін анықтайтын, ұшу қауіпсіздігін күшейту жөніндегі шараларды белгілейтін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Үкіметке қаза болған жолаушылар мен экипаж мүшелерінің отбасыларына барынша көмектесу жөнінде тапсырма берілді. Мен 31 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы шешім қабылдадым, — деді Мемлекет басшысы.
Отырысқа қатысушылар қаза болғандарды бір минут үнсіз еске алды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше, 29 қаңтарда, сағат 13.30-да Алматы қаласы әуежайына 5 км қалғанда «Көкшетау – Алматы» бағдары бойынша №760 әуе рейісін жасаған «Chellenger-200» ұшағы апатқа ұшырады. Ақпарат BAQ.kz алынды.