21.12.12 – ақырзаман болмайды!
21.12.12 – ақырзаман болмайды!
21.12.12 – ақырзаман болмайды!

Адамзат баласы абыр-сабыр. 21 желтоқсан заманымыздың «соңғы күні» екен деп шетінен даурығып жүр. Оған қоса, әрісі әлемдік, берісі отандық БАҚ елеңдеген ел-жұрттың үрейін ұшырып, сенсация іздеп әлек.

Қалай десек те, заманақыр түптің-түбінде келері анық. Өмір бар жерде өлмек бар. Алайда әлсіз жаратылған адам баласы өзінше тон пішуге құмар. Бұған дейін де қаншама рет құмалақ ашып, «ақырзаманды болдыртқанымен», заман өзгеріп, «беймәлім әлем» орнай қойған жоқ. Кезек енді майя тайпасының жорамалына келген сыңайлы. Еш дәлелсіз жаңалық ашып, халықты алдарқатқысы келген әлдебіреулердің шатпағы әлем халқының құтын қашырып тұр.

Имансыздардың ылаңына сеніп, «келе жатқан апатқа» дайындық жасай бастаған халықта есеп жоқ. Кейбіреулер жер астынан пана іздесе, енбі біреулері азық-түлік қорларын жинап, «ақыретке» әзірленуде. Сонымен қатар кейбір пысықтар жұмақ пен тозаққа жолдама сатып жүргенге ұқсайды. Әрине, о дүние жайында ғибратты насихат жасалса, жөні бөлек мәселе. Ал әлдебір арсыздардың ойдан шығарып, құрастырған жалған мәлімдемесі өте жиіркенішті жағдай. Арандатушылардың айқайына ергеннен гөрі, дін ғалымдарының насихатын, ғибратты әңгімелерін тыңдасақ, көкейге түйеріміз көп болмақ.

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти

– «Құдайды танымағанның «құдайы» көбейеді» деген сөз бар. «Ақырзаман таяп қалыпты» деген сөз ел арасына 2000 жылы желдей есіп еді. Кейбір «білгіштер» заманақырды 2002 жылға «ауыстырыпты». Оның да бос дақпырт екеніне куә болдық. Енді, міне, «2012 жылдың 21 желтоқсанында дүниенің астаң-кестеңі шығады» деп елді дүрліктіріп отыр. Негізінен,  ақырзаманның қашан болатыны жайлы сауалдар пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) заманында да адам баласын мазалаған. Бұл жайында Алла тағала «Ағраф» сүресінің 187-аятында: «(Ей, Мұхаммед!) Олар сенен қияметтің қашан болатынын сұрайды. (Сен оларға) «Оның қашан болатынын Раббыңның өзі ғана біледі, ол оны қарарлы кезінде болғызады. Қиямет – жермен көкке (ондағы махлұқатқа) ауыр оқиға» деп баян еткен. Сол себептен, баршаңызды босқа дүрлікпеуге шақырамын.

 

Әрбір істің ақ-қарасын айқындап беретін Ислам дініне неліктен жүгінбейміз осы? Расында, ақиқатты тек Ислам діні ғана айта алмақ. Өйткені біз адамзаттың ардақты ұстазы, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әрбір сөзіне сенеміз. Әсілінде, қияметтің қашан болатындығын жаратушы Алла ғана біледі. Дегенмен асыл дінімізде ауыр күннің қашан келетіндігі хақында үлкен және кіші белгілер баяндалған. Оны пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінен білеміз. Кейбір ғалымдар кіші белгілердің бүгінде болып жатқандығын меңзейді.

Ал үлкен белгілері туралы Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Сендер мына он нәрсені көрмейінше қиямет қайым болмайды.

1. Тұманды (түтін),

2. Дажжалды.

3. Даббатул арзды.

4. Күннің батқан жақтан шығуын.

5. Хазіреті Исаның (а.с.) көктен түсуін.

6. Яжуж-Мәжуждың шығуын.

7. Шығыс жақтағы бір жердің шөгуі.

8. Батыс жақтағы бір жердің шөгуі.

9. Араб түбегіндегі бір жердің шөгуі.

10. Йеменнің Аден жазығының ең шалғайынан бір от шығады».

Мінеки, Муслим риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қияметтің қашан келетіндігін парықтап қойған. Сондықтан да, босқа даурығып, әлдебір имансыздардың құр айғайына ере берудің реті жоқ. Әлемдегі барша мұсылман ғалымдарының айтар уәжі бір. Яғни, бәрі де құмалақшы-құшнаштардың қойыртпағы құр даурықпа екендігін айтады. Жалған мәлімдемелердің жетегіне еріп, тұңғиығына батқаннан гөрі Ислам ғалымдарының сөзіне құлақ ассақ екен.