Балалардың құқын қорғау – бәрінен қымбат. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету – олардың құқығын қорғаумен тікелей байланысты. Осыған орай Елбасы бастамасымен 2012 жылы облыс орталықтарында мамандандырылған соттар құрылды. Бұл бастаманы біздің ел ТМД-да алғаш болып қолға алды.
Өз құзіреті шегінде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарастыратын, сондай-ақ тараптардың бірі кәмелетке толмағандар болып табылатын сот ювеналды (балаларға қатысты) деп аталады. Ювеналды соттар жазалауға ғана емес, жас заң бұзушыларды жолға салуға, жасөспірімнің қылмыс жасау себептеріне тереңірек үңілуге бағытталған. Бүгінгі таңда облысымызда 1 050 000 кәмелетке толмаған балалар тіркелген, яғни жалпы халық санының 40%-ын құрайды. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыстардың басым көпшілігі ұрлау, тонау, қарақшылық сияқты қылмыстар болып табылады. Бұл санаттағылар көбіне ұялы телефондар, ойын компьютерлері, ақша, киім-кешектерді жымқырып, істі болып жатады. Бүгінге дейінгі тіркелген қылмыстардың 70%-ы ұялы телефон ұрлауға қатысты. Жасөспірімдер мұндай қылмысты көбіне топтасып жәбірленушіге күш көрсету арқылы жасайды. Сондықтан олардың қылмысы ауыр қылмыс ретінде дәрежеленеді.
Қылмыстық істер бойынша жасөспірімдер жасаған қылмыстардың дені мүлікке қатысты қылмыстар. Мамандар бүгінде кәмелетке толмағандардың қылмысқа баруының бірнеше себептерін анықтап отыр. Ең алдымен отбасының нашарлығы мен жасөспірімдердің бос уақытының дұрыс жос-парланбауынан балалар белдері бесіктен шықпай жатып, қылмыскер қатарынан бой көрсетеді. Тұрмыстық және материалдық сипаттағы проблемалар да, ата-аналар мен оқу орындары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы да қылмысқа итермелейтін факторлар болып табылады.
Әдетте, балалар жасаған қылықтарына жауаптылықты сезінуге қабілетсіз келеді. Олар біреудің ықпалына да тез ереді. Сол себепті мамандар жасөспірімді қылмыс жасау-дан бойларын аулақ салатындай етіп, қайта тәрбиелеуге болатынын айтады. Жалпы, ювеналды соттың кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты мәселелерді шешуде мүмкіндіктері көп.
Мақпал РЫСБАЕВА
Гүлшат ЖҮСІПОВА, ОҚО мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі
– Соттың ерекшелігіне келер болсақ, жасы кәмелетке толмағандардың өмірге қалыптасуының кемдігі, өмірлік тәжірибесінің аздығы, ой-өрістерінің жетіспеушіліктері ескеріліп, олардың еліміздің Конституция-сы мен басқа да заңдары кепілдік берген құқықтары арнайы мамандардың көмегімен қорғалатын болады. Сондықтан сотқа тек заң саласының мамандары ғана емес, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың тәрбие жағдайын жақсы білетін педагогтар, оның ой-өрісінің, интеллектуалдық және психикалық даму дәрежесімен етене таныс психологтар, әлеуметтік қызметкерлер қатысады. Олар өз тәжірибелеріне сүйене отырып, құқық бұзушылық орын алғаннан бастап, сот шешімі шыққанға дейін кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғайды. Ювеналдық соттың түпкілікті мақсаты – жасөспірімдерді жазалау емес, олармен жекелеген тәрбие жұмыстарын жүргізу болып табылады.