Шымкент қаласының Ғани Ілияев және Жамалбек Шаймерденов көшелерінің қиылысында жаңа ескерткіш бой көтерді. Ескерткіш иесі ОҚО өркендеуіне өз ғұмырында елеулі үлес қосқан Отырар аудананың тумасы, еңбек ардагері, облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы болған Жамалбек Шаймерденовтікі.
Қоғам қайраткері туралы естелік әңгімелер айтуға келген азаматтар көп болды. Салтанатты жиынның алғашқы сөзін облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев бастап, қала әкімі Қайрат Молдасейітов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтақанов еңбек ері туралы жақсы ойларын ортаға салды.
Ескерткіш Шаймерденовке орнатылғанымен, қала тұрғындары үшін тәрбиелік мәні зор орын болмақ. Себебі Отанға, еңбекке, елге деген адал еңбектің нағыз үлгісі Жамекеңнің бейнесінде жатыр деді жиылған жұрт.
Ескерткіш мүсін кәсіпкерлер демеушілігімен тұрғызылыпты. Мүсіншісі Насыр Әуезов.