Діни мәселелер халыққа ұғынықты һәм көркем түрде түсіндірілуі тиіс. ОҚО ішкі саясат басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ Елбасының «Қазақстан — 2050» Стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын дін мамандарымен бірлесе талқыға салды.
Басқосуға облыс имамының орынбасары Ербосын Орын, Қазақстан қажылары қауымдастығы ОҚО филиалының төрағасы Қалиолла Маджанов, сондай-ақ, діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Әуелі сөз алған мекеме бастығы Нұржан Тұрсынбай кейінгі кездері діннің жайы күрделеніп бара жатқандығын жасырған жоқ. Сол себептен, жыл бойы ауыл-аймақты аралап, елдегі діни саясатты халыққа түсіндіру мақсатында іс-шаралардың көбейіп жатқандығын жеткізді. Оның мәлімдеуінше, мекеме өкілдері былтырғы жылы өңірлерде 300-дей халықпен жүздесу ұйымдастырған.
Биылға жоспарланған іс-шаралар едәуір көп. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жылан жылы өткен жылғыдан 6 есе, яғни 1800 үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуі тиіс екен. «Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы бізге зор міндет жүктейді. «Қазақстан 2030» стратегиясының бүгінде негізгі бөлігі орындалғанына көзіміз жетіп отыр. Дін көркем түрде насихатталуы ләзім. Ал дұрыс түсіндірмеген жағдайда, діни фанатизм, кереғар пікірлер көлбеңдей шығары рас», – дейді Нұржан Арыстанбекұлы. Мұнан бөлек, қатысушы қонақтар да өз ойларымен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін алға тартты. Мекеме бастығының орынбасары Асылбек Төлегенов қатысушыларды алдағы уақытта мектептердегі «Дінтану пәнін» талқылау жиынына шақырды.
Тағабай ҚАСЫМ