Шымкентте көлік жүргізушісі жол сақшыларына оқ атты

292
Атылған оқ такси жүргізушісіне тиген

 

Атылған оқ такси жүргізушісіне тиген
Атылған оқ такси жүргізушісіне тиген

Шымкентте көлік жүргізушісі жол сақшыларына қарсылық көрсетті. Жай жағаласып қана қоймай, қарудан оқ атқан. Бұл оқиға қаланың орталық көшелерінің бірінде өткен рейд барысында орын алды. Жол полициясының инспекторлары БМВ-ның жүргізушісін тапаншаны қолына алған сәтте тұтқындауға тырысқан. Алайда жас жігіт бірнеше рет шүріппені басып үлгеріпті.

Оқтың бірі сол маңда тұрған такси жүргізушісінің басына тиеді. Құдай сақтап, оқ самайын жалап өткен. Жеңіл жарақат алған азаматқа дәрігерлер алғашқы көмек көрсетті. Ал тәртіп сақшылары бұл сәтте бұзақыны бағындырып алды. Онымен бірге көліктің ішінде тағы бір адам болған, алайда ол айқай-шу басталған сәтте ізін суытып үлгеріпті.

Инспекторлар Әл Фараби полиция бөлімінен көмек сұрады. Келіп жеткен тергеуші күдіктінің көзін қайда жүріп көгертіп алғанын анықтамақ болған сәтте ол құлап қалғанын айтты. Бұл оқиғаға ешкімді кінәламайтынын айтқан күдікті жігіт қасындағы адамның да кім екенін білмейтінін айтты. Ал көліктің ішін тінтіген тәртіп сақшылары күтпеген затты тауып алды.

Куәгерлердің көз алдында олар жарақат салатын тапанша мен пневматикалық мылтықты алып шықты. «БМВ» жүргізушісінің тапаншаға рұқсаты бар болып шықты, ал винтовканың кімге тиесілі екені белгісіз.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір осы оқиғаға қатысты «қару қолданып жасалған бұзақылық» фактісі бойынша қылмысты іс қозғалды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Vv4i6yCnngM[/youtube]