«Мерседес» жүргізушісі жол сақшысын қағып кетті

205

Аталған көлікті тәртіп сақшылары Қ. Қазиев көшесінің бойында байқаған. Мемлекеттік белгісі күдік туғызған. Жалған нөмерлі автокөлікті инспекторлар тоқтатқанда ол бағынбастан қаша жөнелген. Соңынан жүріп отырып, Темірлан тас жолында әлгі автокөлік құрыққа іліккендей болады.

Жүргізуші жүріп кетпесін деген инспектор көліктің алыдында тұрып алған. Бірақ соған қарамастан жүрек жұтқан жүргізуші пагон таққан инспекторды соғып, қайта қаша жөнелген.

Асқар Мырзахмет, Шымкент қалалық ПД ЖППП 3-рота командирінің орынбасары: «25 ші сәуір күні Абай ауданында 787 автоэкипаж қызметкерлерімен «Мерседес» автокөлігі тоқтатылды. Темірлан тас жолындағы «Автонұр» базарының маңындағы бағдаршамда тосқауыл жасадық. Сол жерде ол аға сержант А. Сарымсақовты соғып кетеді. ЖБО мамандары мен ЖППП инспекторлары жұмыла жұмыс жасап, бағынбаушылық жасаған жүргізушіні Б. Алпысбаев көшесі мен Темірлан тас жолының қиылысында қаша алмайтындай тосқауыл қойып ұстап алады. Жүргізуші инспекторды соқпадым деп басын алып қашты».

Абай аудандық полициясы басқармасына жедел-жәрдем қызметі шақырылды. Жарақат алған тәртіп сақшысын дәрігерлер ауруханаға әкететін болып шешті. Оның қолы мен аяғында жарақат іздері анықталған. Жүргізушінің автокөлігі полиция басқармасына қамалды. Бұл іспен енді тергеушілер айналысатын болады.

Ернар Балабеков