Оқырмандар сауалына, тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.
Сұрақ:
– Менің бір кісілердің алдында біршама қарызым бар еді. Ол азаматтар менен бұл ақшаны сот шешімі арқылы өндірген. Енді сот орындаушылар менің жалғыз үйімді сатамыз деп қорқытып жүр. Менің жалақымнан басқа табыс көзім жоқ. Не істесем болады?
Гүлмайра Бекбауова
Жауап:
– Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 233-бабының 1-бөлігіне сәйкес істі қараған сот іске қатысушы адамдардың арызы бойынша тараптардың мүліктік жағдайын немесе басқа да мән-жайларды негізге ала отырып, шешімнің орындалу мерзімін кейінге қалдыруға немесе оның мерзімін ұзартуға, сондай-ақ оны орындаудың әдісі мен тәртібін өзгертуге құқылы.
Және осы кодекстің 240-бабы бойынша шешімге қаулы қабылдаған немесе іс бойынша бұйрық шығарған сот, сондай-ақ сот қаулысын орындау орны бойынша сот сот орындаушысының өтініші бойынша немесе атқару ісін жүргізудегі тараптардың арызы бойынша орындау іс әрекетін жүргізуді қиындататын немесе мүмкін емес ететін мән-жайлар болған кезде сот қаулысының орындалуын кейінге қалдыруы немесе мерзімін ұзартуы, оны орындау әдісі мен тәртібін өзгертуі, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу тараптарының арызы бойынша бітімгершілік келісімді бекітуі мүмкін.
Яғни осыған байланысты Сіз немесе сот орындаушы не өндіруші азаматтар қарызды өндіру туралы шешімді шығарған сотқа сот шешімінің орындалуын кейінге қалдыру не мерзімін ұзарту немесе оның орындау тәртібі мен әдісін өзгерту туралы арыз бере аласыз.
Сонымен қатар Сіз арызбен бірге сот шешімін бір мезгілде орындай алмайтыны туралы уәждеріңізді растайтын дәлелдемелерді ұсыну қажетсіз.
Сондай-ақ «Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы №6 Нормативтік қаулысының 3-тармағына сәйкес сот актісінің орындалуын кейінге қалдыру деп сот актісін мәжбүрлеп орындатуға айналдыру күнін немесе сот орындаушысының қозғалған атқарушылық іс жүргізу бойынша атқарушылық әрекеттерін жасауды бастайтын күнді кейінгі мерзімге ауыстыру туралы соттың іс жүргізу шешімі түсіндіріледі және сот актісін орындаудың мерзімін ұзарту деп борышкердің сот билігін кезеңмен, ерікті түрде орындауын белгілеген соттың іс жүргізу шешімін немесе орындау нысаны бөлінетін зат болғанда (мысалы, ақша, орындалатын жұмыс және т.б.) атқарушылық іс барысындағы сот орындаушысының дәл сондай әрекетін айтуға болады.
«Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы №6 Нормативтік қаулысының 18-тармағына сәйкес сот актісін орындау мерзімін кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту, орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы арызда, сондай-ақ сот орындаушысының өтінімінде мыналар қамтылуға тиіс:
– арызданушы және басқа да мүдделі тұлғалар туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты, мекенжайы, заңды тұлғаның атауы және оның орналасқан орны);
– сот актісін шығарған соттың атауы;
– сот актісіне сәйкес борышкердің орындауға тиісті міндеттемесінің мазмұны;
– сот актісін орындауды қиындататын немесе мүмкін еместігін дәлелдейтін нақты мән-жайлар;
– кейінге қалдыру мерзімі, мерзімді ұзарту шарттары туралы арызданушының өтініші, сондай-ақ сот актісінде көрсетілген орындаудың тәсілі мен тәртібін ауыстыруға ұсынылып отырған тәсіл және тәртіп.
Арыз (өтінім) беру үшін негіз болып табылатын мән-жайлардың бар екендігін растайтын тиісті дәлелдемелер арызға қоса тіркелуге тиіс.