Заңгер кеңесі

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына, тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ: 

– Борышкер ресми түрде ешқайда жұмыс істемейді, нақты табысы жоқ. Оның ағасы жеке кәсіпкерлігін ашып борышкерді өзінде тіркемей оған жалақыны қолма-қол береді. Сот орындаушылардың айтуларынша, борышкер жұмыссыз болып есептелінеді. 5 жылдан бері ол баласына айлық жалақысының орташа мөлшерінен ¼ бөлігі алимент төлеп жүрген. Яғни ай сайын 10000 – 16 000 теңгеге дейін төлеп келе жатқан. Бірақ соңғы айларда борышкер алиментті аз төлейтін болған (4 360 теңге). Менің талаптарыма көнбей, одан көп төлемеймін. Себебі, менің төлеп жүрген ақшам заңды деп маған жауап қайтаратын болды. Сот орындаушыларға барсам, олар да оның сөзін сөйлейді. Сонда қалай, 4 360 теңге балама жетпейді ғой. Не істесем болады? Борышкер мен сот орындаушылардың бұл әрекеті заңды ма?

Жауап: 

– «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 99-бабының 3-тармағына сәйкес егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де табысын растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде тұрған өңірдегі (облыстағы, астанадағы немесе республикалық маңызы бар қаладағы) орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады.

Алайда «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 169-бабының 3-тармағында кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындау-шысы айқындайды, ал егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар тапсырылмаса, алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы айлық жалақының ең төменгі мөлшері негізге алына отырып айқындалады деп белгіленген.

«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 4-бабы бойынша нормативтік құқықтық актілер сатысында кодекстер заңдардан жоғары тұр және заңдарға қарағанда күштірек. Ал бұл дегеніміз – кодекстер мен заңдарда қарама-қайшылық болған кезде кодекстердің нормалары қолданылады.

Яғни борышкердің алиментті 4 360 теңге мөлшерінде төлеуі заңды.

Менің ойымша, болашақта мұндай түсінбеушілікті болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының заң шығарушы органға «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңды «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске сәйкестендіру қажет немесе кодекске тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу керек.

Сұрақ: 

– Менің апам қайтыс болды. Оның екі бөлмелі пәтері болған еді. Қайтыс болар алдынды апам ешкімге өсиет қалдырмаған Оның жалғыз баласы, менің әкем апамның алдында қайтыс болған. Қазір апамның пәтерін оның аға-інілері бөлісе алмай жүр. Заң бойынша апамның пәтері кімге өтуі тиіс?

Жауап: 

– Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1060-бабына сәйкес заң бойынша мұрагерлер осы кодексте көзделген кезек тәртібімен мұрагерлікке шақырылады. Ал Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1061-бабы бойынша заң бойынша мұрагер болу құқығын бірінші кезекте мұра қалдырушының балалары, оның ішінде ол қайтыс болғаннан кейін тірі туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы мен ата-анасы тең үлеспен алады. Осы баптың 2-бөлігіне сәйкес заң бойынша бірінші кезек ретінде мұра қалдырушының немерелері мен олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұра алады.

1061-баптың 2-бөлігінде белгіленген норма тек осы баптың 1-бөлігінде қөрсетілген мұрагерлер мұра ашылғанға дейін немесе мұра қалдырушымен бір мезгілде қайтыс болған жағдайда ғана қолданылады.

Яғни апаңыздың жұбайы, ата-анасы болмаса және жалғыз баласы оның алдында қайтыс болса, онда заң бойынша апаның мүлкі оның жалғыз баласының балаларына (немерелеріне) өтуі тиіс. Сондықтан заң бойынша егер сіз апаның жалғыз немересі болсаңыз, онда апаңыздың пәтері сізге өтеді.