18 жасқа толғаннан кейін көлік тізгіндеуге асығатын жастар көп. 2 айлық көлік жүргізуді үйрететін мектепте білім алып, сосын емтиханда қойылатын 40 сұрақтың 32-сіне дұрыс жауап берсеңіз, көлік жүргізу құқығына ие боласыз.
Біздің облыс аумағында көлік жүргізушілерді даярлайтын және қайта даярлаудан өткізетін 64 оқыту мекемесі тіркелген екен. Олардың 13-і – «Отан» ҚБ жүйесі бойынша, 2-і – ҚР Қорғаныс министрлігі, 17-сі – Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі, 3-і – «Қазақстан Жүргізушілер Одағына» қарасты. Қалған 27 оқыту мекемесі жекеменшік кәсіпкерлікпен айналысатын субьектілерге жатады.
ОҚО ІІД ЖПБ ТЕБ-нің бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Байырбековтің айтуынша, облыстық жол полициясы емтихан-тіркеу бөлімінде 2012 жылы 85 880 емтихан өткізіліпті. Одан сүрінбей өткен 71 187 азамат жүргізуші куәлігін иеленген.
Әйгерім БЕГІМБЕТ
Айтпақшы….
Алдағы уақытта автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәлігін беру ХҚКО-на жүктелуде. Былтырғы жылы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев еліміздің Астана, Алматы, Ақтау және Қарағанды қалаларында мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу туралы арнайы тапсырма берген болатын. 2012 жылдың соңында тапсырма жүзеге асып, осы орталықтарда автокөліктерді тіркеуге алып, жүргізуші куәліктерін ресімдейтін операциялық залдар ұйымдастырылды. Сондай-ақ емтихан тапсыратын арнаулы кабинет, тіркелген автокөліктердің жеке құжаттары мен жүргізуші куәліктерін әзірлеуге арналған электронды техникамен жабдықталған бөлме мен дайын құжаттарды беру секторы орналасқан. Бұған дейін автокөлікті тіркеу немесе қайта тіркеуге шамамен 6-7 сағат уақыт жұмсап жүрсеңіз, енді бар болғаны 2 сағатта құжаттарды жедел рәсімдейсіз, уақытты үнемдейсіз. Бұл туралы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қызмет көрсету үдерістерін автоматтандыру барлық құжатты бір жерден алумен қатар, азаматтардың жол полициясы қызметкерлерімен байланысын барынша азайтып, жағымсыз фактілерді жоюға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Және де осындай мамандандырылған орталықтарды алдағы уақытта еліміздің барлық облыс орталықтарында ашу жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Арыстан Қонақбаев, ОҚО ІІД ЖПБ-ның полиция капитаны
– ҚР Ішкі істер министрлігінің 2006 жылғы 10 шілдесіндегі «Көлік құралдарын жүргізушілерін даярлау Ережесін бекіту туралы» №341-інші бұйрығына сәйкес 48 оқыту мекемесі тексерістен өткізіліп, анықталған кемшіліктерді жою үшін 25 ұсыныс берілді. Сонымен қатар ОҚО ІІД Жол полициясы басқармасымен көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау сапасын көтеру, ұйымдастыру және дайындық өткізу жұмыстарын бақылауды күшейтуге бағытталған тиісті шаралар қолданылуда.
Әйгерім БЕГІМБЕТ