Жылан жылтырақты ұнатады

жылан жылы жылтырақ көйлек киіңіз
Жанна Елтанова, модельер
Жанна Елтанова, модельер

Жанна Елтанова сән әлеміндегілер үшін жаңа есім. Дегенмен өзіндік көзқарасы бар модельер. Жуырда Жанна Шымкенттегі белгілі бір сауда үйінде өзінің сән көрсетілімін өткізді. Көрермендердің ықыласы жоғары. Орайы келгенде біз Жаннадан жаңа жылан жылының киім үлгілері туралы сұраған едік.

– Негізі Жаңа жылда ашық түстер, феруза, күлгін, қызғылт түстер сәнде болмақ. Әйелдерге тән нәзіктікті көрсететін жарасымды көйлектердің жалтылдаған жарық түстер мен көздің жауын алатын жылтырақтарға оранғаны абзал. Жылан жылтырақты жақсы көретіндіктен, денеге жабысып тұратын, сұлу мүсінді айшықтап көрсетіп тұратын киім үлгілері сән болмақ. Дегенмен бү­гінде әрбір адам өзіне қандай киім жарасатынын жақсы біледі деп ойлаймын. Сондықтан өзінің ішкі жан-дүниесін, болмысын көрсететін, түсі түрін ашатын көйлектерді таңдаған дұрыс.

– Сән әлеміне қалай келдіңіз? 

– Әжем де, анам да ісмер жандар. Оюдан құрақ ойып, кесте тіккендерін бала кезімізден көзімізбен көріп, санамызға түйіп өстік. Мен де олардан қалыспай кішкентайымнан киімдеріме әртүрлі әшекейлер тігіп, бір өзгеріс жасағанды ұнататынмын. Қолым қалт етсе, қуыршақтарымды киіндіретінмін. Бірақ мектеп бітіргесін экономика факультетіне түстім. Одан кейін заңгер мамандығын игердім. Бәрібір жүрек қалауыңмен таңдамағаннан кейін болмайды екен. Сән әлемінде өзіндік қолтаңбамды қалдыру үшін осы салаға ойыстым. Екі жылдан бері аруларымызға арнап түрлі киім үлгілерін дайындап келемін.

Дегенмен өзіндік көзқарасы бар модельер
Өзіндік көзқарасы бар модельер

– Идеяларды қайдан аласыз?

– Матаны қолыма ұстағаннан-ақ одан қандай көйлек шығатынын, қандай үлгіде болатынын ойша елестетемін де, қағазға түсіремін. Матаның сапасын, түсін, түрін білмей тұрып, маған идея келмейді. Сондай-ақ ой-қиялдан туындаған жобалардың ары қарай сәтті шығуы үшін мықты шеберлер қажет. Үш тәжірибелі тігіншім бар. Солардың көмегімен, отбасымның қолдауымен ойға алған жоспарларымды біртіндеп іске асырып келемін.

— Ал қандай маталарды қолданғанды ұнатасыз?

Көйлек пішінін матаның сапасына қарап ойластырамын
Көйлек пішінін матаның сапасына қарап ойластырады

– Табиғи жібек маталардан, яғни Италияның, Францияның, Түркияның, Араб елдерінің ең сапалы, қымбат маталарынан тігемін. Синтетикадан тігілетін киімдер денсаулыққа айтарлықтай зиянын тигізетіндіктен қолданбаймын.

– Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Алла қаласа, Түркияның кәсіпорындарымен біріге отырып Жанна Елтанова деген брендпен аяқ киімдер сериясын шығару жоспарда бар. Бұдан бөлек балаларға арналған киім үлгілерін жасауды қолға алдым. Алматы, Астана қалаларынан да дүкендерімізді ашсақ па дейміз. Милан қаласына барып білімімді жетілдіріп қайтқым келеді. Барлық қыз-келіншектерді жинақы, іскер, әдемі көрсететін киімдеріммен сән апталықтарына қатысып, осы салады өз бағытымды қалыптастырсам деген ой бар. Жоспар көп. Бәрі алдағы уақыттың еншісінде.

Сұхбаттасқан – Әйгерім Бегімбет