Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шыға ма?

Басына пәле болып жабысатын – тілі
Басына пәле болып жабысатын – тілі
Басына пәле болып жабысатын – тілі

Жылан жылы – ұлу жылынан кейін, жылқы жылынан бұрын келетін мүшел есебінің 6-жылы. Азия халықтарының (қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, татар, башқұрт, әзербайжан, моңғол, черкес, қытай, жапон, т.б.) көпшілігінің күнтізбелерінде қолданылады. 12 жылда бір рет қайталанып отырады. Григорий күнтізбесі бойынша жылан жылы 2001 жылдың 22 наурызы мен 2002 жылдың 21 наурыз аралығына келді және ол 2013 – 2014, 2025 – 2026, 2037 – 2038, т. б. жылдары қайталанады. Ал қазақ халқында: «Жылан жылы жылыс болды», – деген сөз бар. Шыңғыс хан шабуылы 1221 жылан жылы Отырарды алды, 1928-29 жылдары Қазақстанда кәмпеске болды, 1941 жылғы неміс-фашист басқыншылығы жылан жылы басталды, Октябрь революциясы (1917-18) жылан жылымен тұстас келді, Абай жылан жылы туып, ұлу жылы өмірден өтті (1845-1904).

Жұлдызнамашылардың болжамы, мұсылмандық күнтізбе бойынша адамның мінез-құлқы өзінің туған жылы мен айына тұспа-тұс келеді. Мұны ғылыми тұрғыда зерттеушілер де қуаттап, әр жыл мен айдың адам ағзасы мен психологиясына, әлеуметтік жағдайына әсер ететінін айтады. Бұл қаншалықты шындық, оны әркімнің байқап, пайымдап көруіне болады. Қазақша жыл қайыру бойынша адам жасының он екі жылы бір мүшел болып саналады. Алайда адам өзінің алғашқы мүшеліне 13 жасында толады да, келесі мүшелін оған он екі жылды қосу арқылы анықтап, қалған мүшелдерін әрбір мүшел жасқа он екі жылдан қосу арқылы біліп отырады. Қазақша жыл қайыруға сәйкес 12 жыл 12 жануардың атымен аталған. Жұлдызшылардың айтуынша, кім қай жылы туылса, оның мінез-құлқы сол жыл аталған жануардың мінез-құлқына ұқсайтын болады. Әдетте қазақ «жылы-жылы сөйлесең, жылан­ інінен шығады» деуші еді. Бірақ жұлдызшылардың пайымдауынша, жылан жылы туылғандарды сұлу сөзбен сиқырлап, қақпан­ға түсіремін деп ойлаудың өзі әбестік. Олар кез келген жағдайдың түбіне терең бойламай, шешім қабылдамайтындардың қатарынан. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» үйренген. Өмірдің барлық арнасында жеңіс туын желбіретіп, еңбегіңіздің жанғанына көңіліңіз бір марқайып қалады. Сондай-ақ жұлдызшылар жыландардың сырт көзге ұяң, маңызды істерден қашқақтап жүретінін де жоққа шығармайды. Қойылған сауалға нақты жауап қайтармайды. Тайсақтап жауап береді. Басына пәле болып жабысатын – тілі. Шамына тисе, ұяңдығын қойып, шынайы мінез-құлқын көрсетеді. Сондықтан жаныңызды жаралап алғыңыз келмесе жыландардан аулақ жүргеніңіз абзал. Себебі жылан жылы туғандар ұрыс-керіске батыл келеді. Жылан жылы туылғандар ашуланшақ мінезінің кесірінен келіп тұрған табысынан айырылып қалуы да мүмкін. Соның салдарынан қызметте де, отбасында да көптеген кикілжіңдерге жол беріп алады. Тегінде жыландар қателігін тез түзете біледі. Ойы түзу, шақпа мінезді, шымшып сөйлейтін, тиіскенін оңдырмайтын, шапшаңдығы мен қулығы да бір басына жеткілікті келеді. Бұл жұлдызнамашылардың пайымы. Бұл орайда жылан жыл туғандардың да пікірін білуді ұмыт қалдырмадық.

Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ, облыстық мәслихат депутаты (1953 жылы сәуірде туылған)

– Өзім жұлдызнамаларға жиі мән беремін. Биылғы жылан жылы —  менің жылым.  Жыланмен мінездеспін деп айта аламын. Жылан табиғатында ақылды, зерек жорғалаушы дейді ғой. Асқан данышпан болмасам да ақылдылардың қатарынанмын деп айта аламын. Бұл жылда туылғандар дау-жанжалдан алыс жүреді, ешқашан бірінші болып, шабуыл жасамайды. Бірақ тиіскенді оңдырмайды. Ол рас. Жыланның басты жауы — тілі. Оған да келісуге болады. Себебі, кемшіліктерге көз жұма қарау біздің табиғатымызға жат нәрсе. Оның кейде кесірі де тиіп жатады. «Турасын айтып, туғаныңа жақпайсың» дейді ғой қазақ. Жыландар суық, жылы болып екіге бөлінеді. Қыста, күзде туылғандар суық жыландар, көктем мен жазда туылғандар жылы жыландар саналады. Мен көктемде туылғанмын. Сондықтан жылы-шырайлы болсам керек.

Бауыржан РАХМАНОВ, опера және балет театрының директоры (1977 жылы қыркүйекте туылған)

– Жылан күйгелектіктен гөрі, сабырлықты, ұқыптылықты қалайды. Асықпай жүріп, анық басады. Өзіне тиесілі, қажет дүниеге аптықпай-ақ, жаймен жүріп қол жеткізеді. Айласы көп. Жылдамдығы өзіне жеткілікті. Өте сақ келеді. Сықыр еткен дыбыс-ты қалт жібермейтіні бар. Қажетті жағдайда оңтайлы шешімдер қабылдай білетін тұстары да жоқ емес. Жылан жылы туылғандардан осы қасиеттерді байқауға болады.

Қайрат НҰРТАС, әнші (1989 жылы ақпанда туылған)

– Жұлдызнамаға көп мән бере бермеймін. Бірақ өзім сыртқа сыр аша бермейтін жанмын. Қандай өкініш болса да ішімде тұншығады. Өзіммен ғана бөлісемін. Өнер адамдарының көпшілігіне тән мінез – айналадағының бәрін жүрекпен қабылдаймыз. Сәл нәрсеге жүрегім ауырып, көңілім алаңдайды. Әсершілміз. Қайсыбіреулер тіпті көзіне де ілмейтін жәйттерге жанымыз сыздап, ішкі жан-дүниемізбен қабылдаймыз. Содан кейін менің қолымда ақша тұрмайды. Мысалы, бүгін менің қолымда жиырма мың теңге болса, ол ақша осы бүгін-ақ жоқ болып кетеді. Елу мың теңге болса да жоқ болып кетеді. Барлығын бір күнде жаратып қоямын. Қайда, қалай жұмсайтынымды, неге жарататынымды өзім де білмей қаламын. Сондықтан да үйдегілер маған көп ақша ұстатқызбайды. Тойдан, концерттен түскен ақшаның, әйтеуір тапқан табысымның өзіме жететінін аламын да, қалғанын бірден үйге беріп жіберемін. Себебі, оның барлығы қалтамда жүрсе, тез жаратып қоятынымды білемін. Өзім де сол себепті көп ақшаны ұстамағанды жөн көремін.

Айтпақшы…

Жұлдызнамашылардың айтуына қарағанда биыл жылан жылы, оның ішінде су жыланы жылы екен. Су жылан (лат. Natrix tessellata) – жыланның бір түрі. Ғалымдар Қазақстанның оңтүстік аймағында көп таралғанын айтады. Олар теңіз, арал, ағысы қатты тау өзендерінің жағалауларын, қамысты көлдерді мекендейді. Тауда 2800 м биіктікке дейін кездеседі. Суда жақсы жүзеді, су астында жарты сағаттан артық уақыт бола алады. Негізінен балықтармен, бақа, құрбақалармен, ұсақ кемірушілермен, кейде құстармен де қоректенеді. Ұстаған жемін тірідей жұтады. Топтанып қыстайды. Көбеюі сәуір-мамыр айларында басталады. Маусым-шілдеде ұзындығы 3-4,5 см болатын 6-23 жұмыртқа салады. Усыз жылан, сондықтан адамды шаққаны қауіпті емес. Жыл иесінің қысқаша мінездемесі осылай болып келеді. Қазақ жылдың жаманы жоқ дейді.Ендеше, табалдырық аттаған су жылан жылы жамағаттан жақсылығын аямасын деп тілейік.

Дайындаған – Мақпал РЫСБАЕВА