2024 жылға арналған жұлдыз-жорамал

87

ТОҚТЫ

Жыл сіз күтпеген оқиғалардан басталуы мүмкін. Бұдан алатын тәжірибе өміріңізде пайдасын тигізеді.

Араласатын ортаңыз айтарлықтай кеңейіп, іскерлік жағынан оң әсер етеді. Кәсіби жетістіктерге жету үшін заманауи технологияны, жаңа әдістерді меңгеру керек.

Жылдың екінші жартысы – үлкен бастаманы қолға алатын уақыт. Бірақ асығыс әрекет етпеңіз. Бәрін ой елегінен өткізіңіз. Бизнесте байсалды, ұстамды және байыпты көзқарас ерекше маңызға ие. Сәттілікке көп сенбеңіз. Өз ақылыңыз бен мүмкіндігіңізге сеніңіз.

2024 жыл қиындықтарға мойымай, үлкен жетістіктерге жететін жыл.

ТОРПАҚ

Жыл басы қызық оқиғалар мен жаңа мүмкіндіктерге толы. Байқампаздығыңыз және кез келген тапсырмаға шығармашылық тұрғыдан қарай білетініңіз қиын да маңызды әрі ауқымды жобаларды сәтті жүзеге асыруға себеп. Мансабыңыз жоғарылап, табысыңыз артады.

Жыл ортасы – жарқын эмоциялар мен керемет тәжірибе, дүниетанымыңызды өзгертетін уақыт. Салт бастылар шаңырақ көтеруі мүмкін.

Жыл аяғы – оқу не зерттеу жұмыстарымен айналысатын, білім беру саласында жұмыс істейтін Торпақтарға қолайлы уақыт.

2024 жылы Торпақтар тапқыр қасиетінің арқасында үлкен жетістіктерге жетеді.

ЕГІЗДЕР

Жылдың бірінші жартысы қарбалас басталуы мүмкін. Сондықтан маңызды шешім қабылдауға асықпаған жөн. Табысыңызды арттыру үшін қосымша жұмыс істейсіз.

Уақыт тапшылығына қарамастан, достарыңызбен және басқа жақын адамдарыңызбен сөйлесуге уақыт табуға тырысыңыз. Олар сізге қолдау көрсетіп, алға жылжуды жеңілдетеді.

Жылдың екінші жартысында сізді көптеген ерекше кездесу күтеді. Кейбір таныстықтар іскерлік тұрғыдан пайдалы. Бұрын ғашық болмаған Егіздер өз сүйіктісін кездестіруі мүмкін.

2024 жылы Егіздер жаңа технологияларды меңгеру, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдарының саласында жұмыс істейтіндер табысын айтарлықтай арттырады.

ШАЯН

Жыл басы – жұмыс ауыстыру, бизнесіңізді ашып, шығармашылықпен айналысып, оны табыс көзіне айналдыруға қолайлы уақыт. Күмән мен қорқыныштан арылып, табысқа жетуге толық сенімді боп, соған міндетті түрде қол жеткізесіз. Жылжымайтын мүлік алсаңыз, құжаттарды дұрыс ресімдеуге барынша назар аударыңыз.

Наурызда үлкен өзгеріс күтіп тұр. Эмоцияға берілмей, парасаттылықты басшылыққа алу маңызды. Иллюзияға бой алдырмасаңыз, барлық сынақты еңсересіз. Маусымда жаңа идеялар мен жоспарлар пайда боп, армандаған нәрсеге қолыңыз жетеді.

2024 жылы табандылық пен көрегенді шешімдердің арқасында мақсатыңыз орындалады.

АРЫСТАН

Жылды үлкен жоспар құрудан бастаңыз. Мүмкіншілігіңізді нақты бағалаңыз. Кейбір жаңа идеялар мен мақсаттардан бас тартуыңыз мүмкін.

Қолайлы кезең ақпанда басталып, жаздың аяғына дейін жалғасады. Бұл жұмыс және бизнес мәселелерін шешуге, жаңа серіктестер табуға өте қолайлы уақыт. Уақыттың тығыздығына қарамастан отбасыңыз бен жақын адамдарыңызға көңіл бөліңіз.

Күз – араласатын ортаңызды кеңейтуге қолайлы мезгіл.

Арыстанның 2024 жылға арналған жұлдыз жорамалы бастаманы қолға алу мен өз бетіңізше әрекет етудің арқасында үлкен жетістіктерге жете алатыныңызды айтады.

БИКЕШ

Табысты жыл. Сондықтан уақытты бос өткізбей, әрекет етіп, жоспарларыңызды жүзеге асырғаныңыз маңызды. Өз күшіңізге сеніңіз, барлық мәселені өзіңіз шеше аласыз. Егер жаңа кәсіп, жаңа мамандық игеруді ойлап жүрсеңіз, нақты әрекетке көшіңіз.

Асығыс шешім қабылдамай, көбірек ақпарат жинауға тырысыңыз. Қарым-қатынаста абай болыңыз. Сіздің жанашырлығыңыз бен сеніміңізге кіріп, зиянын тигізетіндер болады.

Жыл аяғы жақындаған сайын болашақ туралы көбірек ойланасыз.

2024 жылы Бикеште армандап қана қоймай, өз мақсатына жету үшін әрекет етуі керек.

ТАРАЗЫ

Жыл өте қарбалас басталады. Бәсеке күшейеді. Мұндайда сізге күш-қайратыңыз бен түйсігіңіз көмекші.

Жыл ортасы қызық өтіп, шабыттандырады. Түйсігін тыңдайтын, өмірін өзгертуден қорықпайтын Таразылар арманына қол жеткізе алады. Егер қандай да бір идеяны жүзеге асырғыңыз келіп, бірақ батылдық жетіспей жүрсе, соны жазда істеп көріңіз: табысқа жету мүмкіндігі жоғары.

Жыл соңы бұрынғы байланыстарды нығайтуға да, жаңа қарым-қатынастарды бастауға да қолайлы. Жақындарыңыздың қолдауына ие боп, өзіңізді сенімді әрі сабырлы сезінесіз.

2024 жылы Таразылардың өмірі жағымды тосынсыйға толы. Оптимист бола біліңіз.

САРЫШАЯН

Жыл басында көп жұмыс істеуге тура келеді. Бұл – кәсіби табысқа ұмтылатын Сарышаяндарға маңызды. Бәсеке күшейгенін сезесіз, қарсыластарыңыз тарапынан арам пиғыл да байқалады. Бәріне бірдей сене бермеу өте маңызды.

Уайымдамаңыз, уақыт өте келе мәселелер шешіле бастайды. Іссапарлар сәтті боп, араласатын ортаңыз айтарлықтай өзгереді.

Жыл аяғы қарбалас өтіп, барлық салада өзгеріс болуы мүмкін. Көшуді жоспарлап, жаңа жұмыс іздеп не үйленуге шешім қабылдауыңыз мүмкін. Денсаулығыңызға көңіл бөліп, күтім жасаңыз.

2024 жылы Сарышаяндар тәжірибе, білім және парасатының арқасында барлық қиындықты жеңеді.

МЕРГЕН

Бірінші жартыжылдықта оң өзгеріс көп., Жұмысыңызға уақытылы назар аударып, мәселелерді жылдам шешіп отырсаңыз үлкен жетістіктерге жетесіз. Өзіңізді мүлдем жаңа нәрседе сынап көруге мүмкіндік туады. Оны жіберіп алмауға тырысыңыз. Биыл маңызды романтикалық қарым-қатынас басталуы мүмкін.

Жыл аяғы жақындаған сайын бәріне шынайы қарау, иллюзия жасамау маңызды. Жылдың екінші жартысында парасатты болсаңыз, өкінбейсіз. Жалғыз қалмайсыз, сізге көмектесуге дайын адамдар табылады.

2024 жылы Мергендердің қаржылық жағдайы жақсарып, ақша түсімдері тұрақты болады.

ТАУЕШКІ

Жыл басында көптен күткен мақсаттарға жақындайтын мүмкіндіктер ашылады. Жұмысқа, кәсіби өсуге және мүлік мәселелеріне қатысты барлық нәрселерде өзіңіздің интуицияңызға сенесіз. Мансап жолын дамытуға бағыт алсаңыз, іскерлік және жеке қарым-қатынастарды араластырмағаныңыз маңызды.

Жылдың бірінші жартысында пайдалы нәрсені үйренуге көптеген мүмкіндік ашылады. Кейбір Тауешкілер кәсіп бастайды. Қолға алған барлық ісіңізден сәттілік сезінесіз.

Жыл аяғында сізді қуантатын нәрсе көбейеді.

2024 жылы Тауешкілердің жеке қарым-қатынаста жолы боп, оларды жағымды тосынсыйлар күтеді.

СУҚҰЙҒЫШ

Жыл қолайлы басталады. Десе де бос қиялға бой алдырмаңыз. Ағымдағы жағдайды бағамдасаңыз, көп қатенің алдын аласыз.

Жаңа мамандыққа игеруге алғашқы қадам жасайсыз. Түсініксіз жағдайларда тәуекелден аулақ болыңыз.

Жыл ортасында іскерлік белсенділік төмендегенін байқасаңыз да бұл кезең де сәтті өтеді.

Жыл аяғы жақындаған сайын, мақсаттарыңызға жету үшін соғұрлым көп күш жұмсауыңыз керек. Табандылық өте пайдалы. Ең маңызды мәселелерді өз бетіңізше шешуге тура келеді.

2024 жылы Суқұйғыштар кез келген қиындықтарды жеңіп, мақсатына қол жеткізе алады.

БАЛЫҚТАР

Жыл басы өзгеріс әкеледі. Жаңа мақсаттар пайда болады. Бұрын маңызды деп санаған нәрсеге басқаша қарай бастайсыз.

Жұмыс пен бизнесте жаңа идея туындайды. Кейбір Балықтар өз күшін мүлде жаңа нәрседе сынап көргісі келеді. Сенетін адамдарыңыздан ғана кеңес алыңыз. Жаңа біліміңіз міндетті түрде пайдасын тигізеді.

Жылдың екінші жартысы – іскерлік қарым-қатынас жасауға қолайлы уақыт. Түрлі адамдармен кездесіп, көпшіліктің назарындағы іс-шараларға қатысасыз. Хоббиіңіз табыс көзіне айналады.

Жыл аяғы ерекше жемісті. 2024 жылы Балықтар бұрын істеген ісі үшін сыйақы алып, марапатқа кенеледі.

Бұл анықтамалық

Ontustik Rabat газетінің №1 санында (04.01.2024) жарияланды.

Дайындаған – Салтанат Бикөбек