Қолжетімді баспана-2020
Қолжетімді баспана-2020
Қолжетімді баспана-2020

«Нұрсәт» шағынауданындағы тұрғын үйлердің жобасы дұрыс емес, тіпті асханасы жоқ пәтерлер де бар болып шықты. Жобалаушылардың бұл тірлігі «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің ашын келтірсе керек. Бүгін Партия жанындағы бақылау бөлімінің өкілдері Нұрсәтте болып, бірәз олқылықтың бетін ашты. «Жобалаудан бөлек баспаналардың уақытылы пайдалануға берілмеуі де басты проблема болып тұр»,-дейді нұротандықтар.

Өткен жылдың желтоқсан айында жерлестерімізге жалға берілуі тиіс үйлер әлі бітпеген. Шымкент қаласында дәл осындай құрылысы аяқталмай қалған 9 үй бар. Баспаналардың мерзімінде тапсырылмай қалуын мамандар ауа райының қолайсыздығымен түсіндіреді. Қақаған аязда әрленген қабырғалар қарс айырылған. Мердігерлердің құрылысқа екі жылдық кепілдемелері бар. Сол себепті, сападан ұтқанымыз жөн деп есептейді.

Шымкент қаласында тұрғын үй бағдарламасы бойынша 74 млн теңге игерілмеген. Енді тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі келісім шарттағы талаптарға сай оларға әкімшілік шара көрмек. Сондай-ақ «мердігерлердің міндеттемені дер кезінде орындамауына техникалық бақылаушылар да кінәлі»,-дейді қалалық құрылыс бөліміндегілер.

«Нұрәт» шағынауданындағы бірнеше нысанда аралап көрген «Нұр Отан» ХДП мүшелері алдағы уақытта салынатын үйлердің жобасына да аса көңіл бөлу қажет деген пікірлерін айтты. Себебі, кейбір үйлердің жобасы сын көтермейді. Ал бір бөлмелі пәтерлерде асхана деген атымен жоқ.

Бүгін көргендерін партия мүшелері үлкен жиындарда көтермек.