Сайрам ауданындағы тағы бір ауылдың тұрғындары жергілікті биліктің әрекетіне нарзылық білдіріп жатыр. Қызылжар ауылындағылар таза суға зар боп жүрміз деп шағымданады. Соңғы кездері құдық суы да тартылып кетіп, жұрт қатты қиналып қалған. Ал әкімдік өкілдері хәлімізді сұрамайды да дейді. Тіпті сумен қамту бойынша бірде бір мемлекеттік бағдарламаға қоспады деген халық, бұл өтінішін облыс мамандарына айтып келді.
Қызылжар елдімекені Сайрам ауданына қарайды. Мұндағы тұрғындар жергілікті билікке наразы. Шымкент қаласының іргесінде тұрса да, қызылжарлықтар осы күнге дейін сапалы ауыз суға жарымай отыр. Олар құдық суының өзіне зар болдық дейді. Өйткені, құдықтан соңғы кездері лайқы су шыға бастаған.
Гүлназ Рахымбаева, Жаңаталап ауылдық округіндегі Қызылжар ауылының тұрғыны: «Суды шығару үшін 7-8 мың төлеп, құдықтың тереңдігін қазып аламыз. Су тартылып қалуда. Лай тас шығады. Бала шағамыз аурып жатыр».
Бала-шағасының денсаулығын ойлап, келіншек көше кезіп, су таситын болды.
Ғалия Бақтиярова, Жаңаталап ауылдық округіндегі Қызылжар ауылының тұрғыны: «Судың сапасын өздеріңіз көріп тұрсыздар. Лай. Мотор қосайын десек, тариф жоғары. Зейнетақымыз әзер жетеді. Қайда қарттарға деген құрмет?!».
Жұмагүл Ағабекова, Жаңаталап ауылдық округіндегі Қызылжар ауылының тұрғыны: «Шәуілдірден былтыр көшіп келіп едік. Қалада жағдай жақсы ма десек, мәз емес. Суды тасып ішеміз».
Бұл мәселені ауыл әкімі шешуге қауқарсыздық танытқандықтан қызылжарлықтар «НұрОтан» партиясына жүгінген. Қабылдауға қатысқан сала маманы мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында тұрғындарды басқармаға да шақырды. Келіскен күні ауыл белсенділері облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына келді. Бірақ мұндағылар қуанта қойған жоқ.
Лесбек Серікбаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары: «Экспертиза жүргізілуде, «Таза су» бағдарламасына енбедіңіздер, «Ақ бұлақ» бағдарламасына ену үшін талаптарды орындау керек…2013 жылы жер асты суларын зерттеу жүргізіледі. 2014-2015 жылдары мүмкін құрылыс басталып та қалар».
Маманның сөзіне қарағанда, қызылжарлықтар ауыз суға кем дегенде алдағы 3 жылда қол жеткізсе игі. Ал оған дейін тұрғындар сапалы суды қаладан тасып не құдықтың лай суын тұндырып ішуге мәжбүр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=7lfcUrlojNQ[/youtube]