Түркістан облысы Түркібас аудандық ішкі саясат бөліміне қарасты «Руханият орталығының» басшысының басы дауға қалды. Оның кофеханалардың бірінде жас қызды еркінен тыс сүйрегені видеоға түсіп, желіге тарап кетті. Бұл туралы аудан әкімдігі не дейді?
Желіде Түркістан облысы Түркібас аудандық ішкі саясат бөліміне қарасты «Руханият орталығының» басшысы кофеханада көрші үстелде отырған жас қызды еркінен тыс сүйреп әкеткен видеосы тарады. Күштеп әкеткенге көнбеген қыз оның қолынан қашып шыққан.
«Назеркенің күйеуі емессіз. Жұлқылап Назеркені, қолынан сүйреп, сөйтіп жатыр. Отырған сияқты қылған жоқ қой. Келші Жәке өзің, полиция, бандит, сәндит бәрі осында».
Видеодан қыз еркіне көнбеген соң «Руханият орталығының» басшысы әлдекімге қоңырау шалып, келуін сұраған. Оқиғаға қатысты орталық басшысына бірнеше рет қоңырау соқтық, әйткенмен ол тұтқасын көтермеді. Ал аудан әкімдігі әлеуметтік желіде жарияланған видеоға байланысты негізсіз ақпарат тарап жатқанын хабарлады.
«Аталған жағдайға қатысты азамат пен азаматша арасында жеке сипаттағы, тұрмыстық негіздегі түсініспеушілік орын алған. Қос тарап бірге қызмет атқарады. Екеуі де алдағы уақытта заңды некеге тұруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оқиға тек қызғаныштан туындаған сәттік эмоцияға байланысты болған. Қазіргі уақытта тараптар өзара түсіністікке келіп, татуласқан. Құқық қорғау органдарына қандай да бір шағым түспеген»
Түркібас ауданы әкімдігі
Әкімдік бұл оқиға видео кейіпкерінің кәсіби беделіне әсер ететіндей құқықтық немесе тәртіптік сипатта қарастырылмайтынын мәлімдеді. Десе де қазір жұмыста емес екенін, оны құқық қорғау органдары шақырғанын атап өтті. Ал полиция таралған видеоға қатысты қазірше ешқандай ақпарат берген жоқ.
Дилара Иса






