Ұлық мейрам ұлықталды

Шымқаламызда көпшілік асыға күткен «Мәуліт кеші» аталып өтті

Шымқаламызда көпшілік асыға күткен «Мәуліт кеші» аталып өтті. «Оңтүстік цирк» ғимаратына ағылған халықта есеп жоқ. Бәрі де ардақты Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ұлықтау кешіне куә болуға ұмтылды.

Шымқаламызда көпшілік асыға күткен «Мәуліт кеші» аталып өтті
Шымқаламызда көпшілік асыға күткен «Мәуліт кеші» аталып өтті

Мәуліт айы негізінен жер-жерде бір ай бойы тойланғаны мәлім. Иләһи кештер де мұсылман жамағатына ұсынылды. 2 ақпан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында еліміздің бас мәуліті тойланған болатын. Астаналық жамағат «Конгресс Холл» сарайында бас қосты. Енді, міне, Оңтүстік жұртшылығы да ұлық мейрамды атап өтті. Кеште облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан, облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сынды биліктегі азаматтар және өңіріміздің барша имамдары қатысты. Әуелі сөз алған ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев мерекенің маңыздылығына тоқталып, келген қонақтарға ризашылығын жеткізді. Одан кейін сахнада қаз-қатар тізілген Шымкент медресесінің шәкірттері мәуліт оқып, ардақты Елшіге (с.ғ.с) салауат айтты.

Рас, қазекеңнің ешбір жиын-тойы әсем әуенсіз өтпейді. Рухани кеште діни әндер мен иләһи жырлар айтылмай қалған жоқ. Концертті жүргізу белгілі композитор Жарылқасын Дәулетке бұйырыпты. Ә дегеннен құйқылжыта орындалған әуезді әндер көпшіліктің көңілінен шыққандай. Әсіресе, елімізге танымал «Раййан» тобы мен «Асыл мұра» өнер орталығының әншілері діни әндерден шашу шашты. Жиын соңында «Көкжиек» баспасынан шыққан діни кітаптар қарақұрым халыққа тегін таратылды.

 

Қазығұрттық кәсіпкердің тірлігі де көпке үлгі боларлықтай. Ол аудандағы Үшбұлақ елді мекенінде өз ауылдастарына Алла үйін тұрғызып берді
Қазығұрттық кәсіпкердің тірлігі де көпке үлгі боларлықтай. Ол аудандағы Үшбұлақ елді мекенінде өз ауылдастарына Алла үйін тұрғызып берді

Ал осы кезде..

Қоғамымызда жомарт, кеңпейіл жандар аз емес. Атпал азаматтардың арқасы шығар, жыл өткен сайын күмбезі көз шағылыстырар әсем мешіттердің қатары молайып келеді. Тәубе дейік. Қазығұрттық кәсіпкердің тірлігі де көпке үлгі боларлықтай. Ол аудандағы Үшбұлақ елді мекенінде өз ауылдастарына Алла үйін тұрғызып берді. Мешітте бір мезетте 200 адам мінәжат ете алады. Әсем мешіттің 2 ай бұрын ғана тұсауы кесілген екен. Ауылдағы мұсылман жамағаты көп кешіктірмей, жаңа мешітте Мәуліт мейрамын да өткізіп тастады. Жамағат мейрамды қасиетті жұма күнімен орайластырыпты. Жиында Шымкент қалалық мешіті бас имамының орынбасары Мұрат Бастарбекұлы мәуліт оқыды. Соңына қарай қонақтарға арналған дастарқан жайылды.